Басты бет » Жаңалықтар » Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір

Жұмысшы мен жұмыс беруші арасындағы алтын көпір

Кәсіподақ

Қазақстан Республикасы  Кәсіподақтар федерациясының шешімімен  10 маусым — Кәсіподақтар күні болып белгіленген.  Осымен байланысты  бүкіл елімізде  іс-шаралар өтіп жатыр. Ақтөбелік кәсіподақ белсенділері өздерінің төл мерекесін жұма күні  қаламыздағы  «Рауан» мәдени орталығында үлкен салтанатты жағдайда атап өтті.

Облыс әкімі  Бердібек  Сапарбаевтың атынан мерекелік іс-шараға жиналғандарды облыс әкімінің  орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтап, жұмыстарына табыс тіледі.

— Кәсіподақ — маңызды, мағыналы жұмыстармен айналысатын үлкен қоғамдық ұйым.  Олар жұмыс берушілер мен жұмысшы-қызметкерлердің арасындағы  әлеуметтік диалогты жасауға ғана емес, еліміздегі тұрақтылықты  сақтауға  да зор үлес  қосып келеді.  Еліміздегі тұрақтылық  кәсіподақтардың жұмысына да байланысты. Сондықтан да бүгінгі кәсіби мерекесі күні  кәсіподақтардың қоғамда алатын өзіндік орны бар үлкен белсенді күш екенін  атап айтуымыз керек. Ол мыңдаған еңбек адамдарының мүддесін қорғап,  қабылданған ұжымдық шарттардың  мүлтіксіз орындалуына ұйытқы болуда, — деді  облыс әкімінің орынбасары өзінің сөзінде.

Кәсіподақтардың кәсіби мерекесін өңірде атап өту салтанатына қатысуға арнайы келген  ҚР Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік-экономикалық қатынастар және әлеуметтік әріптестік жөніндегі комитеттің төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы  Бақытжан Әбдірайымның құттықтауын жеткізді. Төл мерекесіне байланысты «Кәсіподақтар аптасы» аталып отырған бұл аптаның еліміз бойынша  үлкен іс-шараларға толы екенін айта келіп, Ақтөбе өңірінде өтіп отырған  мерекелік салтанаттың соның көрінісі екенін айрықша атап айтты.

— Еңбек адамдарының құқығын қорғап, мүддесін ойлайтын бірден-бір қоғамдық ұйым — осы, кәсіподақ.  Сол кәсіподақтың сапында сан мыңдаған белсенділер, талай бастауыш ұйымдарының басшылары бар. Олар өздерінің күнделікті қызметтік міндеттерін  мінсіз атқарып қана қоймай, осындай қоғамдық жұмыспен де айналысады. Сөйтіп, еңбек адамдарының мүддесін қорғауға атсалысады. Сондықтан солардың еңбегін бағалау, өзіміздің алғысымызды жеткізу, алда жүргендерін марапаттау — біздің басты міндетіміз. Қазіргі  кәсіподақтар жұмысында үлкен өзгерістер бар. Кәсіподақтар федерациясында Елбасының  рухани жаңғыру бағдарламасы, бес әлеуметтік бастамасы аясында Жол картасы қабылданды. Ондағы көзделген басты міндет — бастауыш ұйымдармен байланысты жолға қою, еңбек адамдарына лайықты жағдай туғызу, оның ішінде еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету, еңбекақы мәселелері бар. Біз бұл мәселелерге айрықша көңіл бөліп отырмыз. Өзім осы өңірде, Мұғалжар ауданының Ембі шаһарында туып-өскенмін. Сондықтан Ақтөбе әр кез жүрегіме жақын тұрады.  Өңірде көптеген іргелі істердің жүзеге асырылып жатқанын көріп, қуандым. Бұған осы  жердегі біздің кәсіподақ орталығы, мыңдаған  бастауыш кәсіподақ ұйымдарымыз да үлесін қосып жатыр деп есептеймін, — деді ол.

Сондай-ақ өңірлік кәсіподақ белсенділерінің төл мерекесіне Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрағасының орынбасары Айгүл Мұқашева қатысты. Елімізде 800 мыңнан астам кәсіподақ мүшелерін біріктіріп отырған бұл салалық кәсіподақтың үлкен құрамы Ақтөбе өңірінде жұмыс істейді. Олардың қызметі Айгүл Мақсотқызының сөзінде атап көрсеткеніндей, үлкен табысқа ие.

Облыстық кәсіподақтар орталығының басшысы Алтынбек Әмірғалиев өзінің құттықтау сөзінде кәсіподақтардың қоғамдағы атқаратын роліне, бүгінгі таңдағы ақтөбелік кәсіподақ белсенділерінің қолға алып отырған негізгі жұмыстарына тоқталды. Өңірде кәсіподақ қозғалысы өсіп-өркендеу үстінде. Тек үстіміздегі жылдың өзінде 11 бастауыш ұйымы құрылып, 500-дің үстінде кәсіподақ мүшесін біріктірген.

Бұл күнгі салтанатты шараның басым бөлігі марапаттауға байланысты болды. Өңіріміздегі кәсіподақ қызметінде белсенділігімен көзге түскен кәсіподақ қызметкерлері, бастауыш ұйым жетекшілері, өндіріс озаттары, ардагерлер Астанадан жиынға қатысқан кәсіподақ басшыларының, облыс әкімі орынбасарының, облыстық кәсіподақтар орталығы басшысының қолынан  төсбелгілер мен Құрмет грамоталарын алды.

Елбасы атап айтқандай, кәсіподақтардың басты міндеті, негізгі мақсат-мүддесі — бұл еңбек ұжымдарындағы тұрақтылықты сақтау, жалпы жұмысшы мен жұмыс берушінің арасындағы алтын көпір ретінде өз функциясын орындау болмақ.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*