Басты бет » Жаңалықтар » Ақтөбе өкілдігі Бас мүфтидің атынан ауызашар берді

Ақтөбе өкілдігі Бас мүфтидің атынан ауызашар берді

Сәрсенбі күні ақтөбеліктерге Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Серікбай қажы Ораздың атынан ауызашар берілді.

Ауызашар ҚМДБ-ның Ақтөбе облысы бойынша өкілдігінің ұйымдастыруымен «Нұр Ғасыр» мешітінде өтті. Оған наиб мүфти Бауыржан қажы Есмахан арнайы қатысты.

Ауызашарға ақтөбелік зиялы қауым өкілдері, Ақтөбедегі жоғары оқу орындарының, мекемелер мен ұйымдардың басшылары, имамдар, ақсақалдар және кәсіпкер азаматтар мен БАҚ өкілдері шақырылды.

Наиб мүфти Бауыржан қажы ақтөбеліктерге Бас мүфтидің ізгі тілегін жеткізді:

— Баршаңызды Бас мүфтидің атынан Рамазан айымен құттықтай отырып, шаңырақтарыңызға шарапатты айдың шуағы шашылсын дегім келеді. Елбасының қатысуымен зердесі кесіліп, «Ғасыр құрылысы» атанған осынау мешітте қасиетті айда сіздермен тағы бір қауышып отырғаныма қуаныштымын. Бүгінде бес парызымызға бекем болып, ауызбіршілігіміз бүтін, дәмі мол дастарқан басында кездесуіміз — тыныштық нығметінің арқасында. Бейбіт күніміз баянды болып, ел игілігіне қызмет ете беруге Алла баршаңызға күш-қуат бергей, — деді ол.

Шара барысында «Нұр Ғасыр» мешітінде діни сауат ашу курсын үздік тәмамдаған 30 шәкіртке сертификаттар табысталды. Олар сертификатты наиб мүфти Бауыржан Есмахан мен белгілі ғалым, мемлекет және қоғам қайраткері Амангелді Айталының қолынан алды.

Сондай-ақ, басқосуда жыршылар терме айтып, қасиетті қара домбырада күй орындалды. Құран аяттары оқылып, үлкендер жағы жастарға бата берді.

Индира ІЗБАСҚАН,

облыстық орталық

«Нұр Ғасыр» мешітінің

баспасөз хатшысы.

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*