Басты бет » Білім » Мектеп формасын кию міндеттеледі

Мектеп формасын кию міндеттеледі

Брифинг

Санаулы күндерден кейін Ұлттық бірыңғай тестілеу басталады. Мемлекеттік сынақты өткізу тәртібінде ешқандай өзгеріс жоқ. Облыста ҰБТ 21-25 маусым аралығында өтеді. Бұл туралы облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева баспасөз кеңесінде толық айтып берді. 

Облыс бойынша биыл мектепті  6669 түлек бітірсе, оның 5355-і жоғары оқу орындарына түсу үшін емтихан және мемлекеттік гранттың бөліну жүйесі функциясын атқаратын ҰБТ тапсырады. Жоғары оқу орнына түсу үшін бағаның ең төменгі шегі — 50 балл.  Ләззат Оразбаеваның айтуынша, түлектердің тест тапсыруы үшін облыс бойынша 15 пунктте 125 аудитория дайындалған. Сынақтың қалай өтіп жатқаны ата-аналарға онлайн режимде тікелей көрсетіледі.

Сондай-ақ басқарма басшысы оқушының мектеп формасын киюіне қатысты арнайы талап бекітілгенін айтты.

— Облыс бойынша мектеп формасын сақтамаған бірінші сынып пен алтыншы сыныптың аралығындағы алты бала келесі сыныпқа көшпеуі мүмкін. Алты баланың екеуі Шалқар ауданынан болса, төртеуі Ақтөбе қаласында тұрады. Жалпы жыл басында мектеп формасын сақтамаған 340 бала болса, олардың ата-аналарымен жұмыс істеудің нәтижесінде балалардың барлығы мектеп формасына көшті. Ал аталған алты баланың ата-анасымен арнайы жұмыс жүріп жатыр. Балалардың ешқайсысы сабаққа қатыспаған. Егер бірінші қыркүйеккке дейін олар мұғалімнің берген тапсырмасын орындамаса, келесі сыныпқа көшіру заңға қайшы болады.

Биыл қыркүйектен бастап ата-аналармен келісімшарт жасалады. Шартта ата-ананың және мектептің міндеті көрсетіледі, — деді Ләззат Оразбаева.

Биыл «Алтын белгі» аттестатына 523 үміткер тіркелген. Басқарма басшысының айтуынша, жоғары балл жинаған оқушыға берілетін сыйлық әзірге құпия болмақ. Ал мектеп бітіру кеші «Ел жүрегі — Астана»  тақырыбында Елорданың 20 жылдығына арналып 15 маусымда өтеді.

Кәмшат ҚОПАЕВА

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*