Басты бет » Жаңалықтар » Оқырманмен байланыс бастауы

Оқырманмен байланыс бастауы

Облыстық «Актюбинский вестник» газетінің алғашқы санының шыға бастағанына таяуда 100 жыл толады. Ал «Ақтөбе» газеті келер жылы 95 жылдық белеске көтерілмекші.

Байғанин ауданында өткізілген оқырмандармен жүздесу негізінен осы мерейлі мерекелер ауқымында ұйымдастырылды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин бастаған, құрамында Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жақсылық Айжанов, сазгер-ақын Орал Байсеңгір бар топты жұртшылық жақсы көңіл күймен қарсы алды.

Таяу уақытта ауданның құрылуының 90 жылдығын атап өткелі отырған байғаниндіктер бүгінде тарихты түгендеп, сонымен қатар заман ағымына сай ауқымды шаруалар тындыруда.

— Байғанин ауданының өзіндік тарихы бар. Ол еліміздің жүріп өткен жолдарымен сабақтас. Біз өңірдің тоқсан жылдық мерекесі қарсаңында сол кезеңдерді қамтыған, ауданымыздың абыройлы еңбек адамдарының өмірбаянын қамтыған жинақ әзірлеп жатырмыз. Сондай-ақ қазіргі уақытта Елбасымыз белгілеген міндеттерді жүзеге асыру, оның ішінде шағын кәсіпкерлікті дамыту, тұрғындарды жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыру бағытында бірқатар шараларды жүзеге асырудамыз.

Облыстық «Ақтөбе» және «Актюбинский вестник» газеттері біздің өңірдің жаңалықтарын, ауданда атқарылып жатқан іс-шараларды тұрақты түрде көрсетіп келеді. Бұл басылымдарға деген оқырмандарымыздың ықыласы да ерекше, — деп атап көрсетті аудан әкімі Асқар Шериязданов.

Ол сонымен бірге аталған қос басылым қолға алған «Тікелей байланыс» жобасының тұрғындар үшін тиімді екенін, аудан басшылары мен халық арасында ашық әңгіме өрбітуге оң ықпал жасап отырғанына тоқталды.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин облыстық газеттердің бүгінгі жұмысы, алдағы жоспарлары туралы айта келіп, талай таланттарды тәрбиелеп шығарған Байғанин өңірінің қазіргі әлеуметтік-экономикалық дамуы бағытындағы іс-шараларын басылымдар бетінде көрсетуге үлес қосатындықтарын білдірді.

Ардагерге құрмет

Газеттің ұзақ жылдардан бергі тұрақты оқырманы әрі жанашыры, ауданда ұзақ жылдар ұстаздық еткен Бисен Жақанұлының 85 жылдық мерекесі осы күнгі шаралармен орайлас өткізілді.

Тобық Жармағамбетов атындағы орта мектеп ғимаратында өткізілген кездесуге жергілікті тұрғындар көптеп жиналды.

Аудан әкімі Асқар Шериязданов мерейлі той иесіне облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хатын жеткізді. Онда Бисен ағаның жас буынға берген ұстаздық ұлағаты, сондай-ақ қоғамдық істерге белсене араласып, ел мүддесі үшін атқарып жүрген қызметтері туралы жылы лебіз білдірілген.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин өз сөзінде сексен бес жасқа келіп отырған аға буын өкілінің облыстық газеттің оқырманы ғана емес, белсенді авторы екенін атап көрсетіп, ол кісінің қаламынан туған дүниелердің тағылымдық мәніне айрықша тоқталды. Бисен ағаның кеудесіне «Ақтөбе Медиа» ЖШС-ның төсбелгісі тағылды, сонымен бірге демалыс орнына жолдама ұсынылды.

Осы жиында облыстық «Ақтөбе» газетінің байырғы оқырмандары, еңбек ардагерлері Межеш Досқуатовқа, Тұрлыбай Құлынбаевқа, Мырзабай Бердібаевқа басылымға тегін жазылу сертификаты тапсырылды.

Темірдегі кездесу

«Ақтөбе Медиа» ЖШС шығармашылық ұжымының кезекті кездесуі Темір ауданында өтті. Оған мемлекеттік мекемелер мен ұйымдардың басшылары, білім беру саласының жетекшілері қатысты.

«Ақтөбе Медиа» ЖШС директоры Раукен Отыншин серіктестікке қарасты басылымдардың жұмысы, газет пен оқырман байланысының маңыздылығы туралы айтты.

— Қазақ журналистикасының көшбасшыларының бірі Жиенғали Тілепбергенов өткен ғасырдың отызыншы жылдары Темірде шыққан аймақтық газеттің редакторы болған. Одан кейінгі уақыттары да осы ауданнан талай танымал қалам иелері шықты. Бүгінгі жас буыннан да күтер үмітіміз мол. Ол үшін балаларымыз мектепте жүрген кезінен газет оқып, рухани жетілуі тиіс. Бұған ұйытқы болатын сіздер мен біздер, яғни үлкендер.

Елбасымыздың саясатын халыққа жеткізу, елдің игілікті тірлігін көрсету — біздің басты міндетіміз. Сондықтан екі жақты байланысымыз одан әрі дами түсуі бәріміз үшін маңызды, — деді ол.

Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Мәди Шүйіншәлин өз сөзінде бүгінгі күні бұқаралық ақпарат құралдарының қозғаушы күш ретінде алдыңғы лекте келе жатқанына тоқталып, баспасөздің маңызы туралы сөз қозғады. Кездесуге жиналғандар өздеріне қажетті маңызды ақпараттарды, өңір жаңалықтарын ең алдымен облыстық газеттерден алатынын айтып, өздерінің ұсыныстары мен ойларын ортаға салды.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*