Басты бет » Жастар » 80 оқушы демалды

80 оқушы демалды

Ақтөбе облыстық Ауған соғысы жауынгер-интернационалистері қоғамдық бірлестігі Елордамыздың 20 жылдығына орай Ақтөбе қаласының сыртындағы «Достық» лагерінде спорттық-патриоттық жазғы лагерь ұйымдастырды.

Лагерьге әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары сондай-ақ 14 жасқа дейінгі девиантты мінез-құлықты оқушылар қатысты.

Екі топтан құрылған барлығы 80 оқушыға үш күннен жолдама берілді. Балалар бес мезгіл тамақпен қамтамасыз етіліп, қызықты демалыс уақытын өткізді. Әскери-патриоттық тәрбие беруге бағытталған мәдени-спорттық шараларға, жасөспірімдердің құқықтың сауаттылығын арттыру бағытындағы түрлі тренингтерге қатысты.

— Бұл шара өмірде қиын жағдайларға тап болған балалар мен жасөспірімдердің спорттық-патриоттық тәрбиесін жақсартуға септігін тигізеді. «Аңсар» ақпараттық талдау орталығының басшысы Жандәулет Сүлейменов теріс діни ағымдар жөнінде жасөспірімдерге кеңінен ақпарат берді. Сондай-ақ оқушылар қаламыздағы зор жетістіктерге қол жеткізген белгілі тұлғалармен, Ауған соғысының ардагерлерімен және спортшылармен кездесуге мүмкіндік алды, — дейді облыстық Ауған соғысы жауынгер-интернационалистері қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аслан Балқасынов.

Сонымен қатар оқушылар «Нұр Ақтөбе» шағын ауданында орналасқан «Намыс» спорттық-патриоттық клубымен танысты. Бүгінде аталған клубта спорттың каратэ, таеквондо, қоян-қолтық ұрыс түрлері бойынша, сондай-ақ хореография, фитнес, домбыра үйірмелері жүргізіледі. Ата-аналарға үйірмеге қатысатын балаларын күтуге арналған арнайы бір бөлме де ұйымдастырылған. Жастарға әскери-патриоттық тәрбие беру мақсатында құрылған музей бар.

Балалар лагерьдің соңғы күндерінде Есет батыр атындағы мемориалдық кешенге экскурсия жасады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*