Басты бет » Басты жаңалықтар » 6 мың жас «Жасыл елде» жұмыс істейді

6 мың жас «Жасыл елде» жұмыс істейді

Кеше Ақтөбе қаласының Кірпішті ауданындағы «Әсем» балалар лагерінде «Жасыл ел» еңбек жасағының 14-маусымы салтанатты түрде ашылды. Шараға облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, сондай-ақ жоғары және арнаулы оқу орындарының басшылары, студенттер жасағының жауынгерлері қатысты. Биылғы маусымда облыс бойынша 6 мыңнан аса жас қала мен елді мекендерді абаттандыруға жұмылдырылады.

Шараның ашылуында облыс әкімі Б.Сапарбаев жастарды жаңа еңбек маусымының басталуымен құттықтады.

— Осыдан 14 жыл бұрын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев студенттердің құрылыс отрядын құру жөнінде шешім қабылдады. Былтыр Ақтөбе қаласында, аудан орталықтарында мыңдаған ағаш егілді. Биыл бұл жұмыстарға 400 миллион теңге қаржы бөлінді. Мұндағы мақсатымыз — құрылыс отрядтарын қолдау, жұмыссыз жастарды еңбекпен қамту. Әрбір жас туған елінің көркеюіне өз үлесін қосуы керек. Жазғы демалыстарыңыз сәтті, табысты болсын, — деді облыс әкімі.

Бұдан соң облыс әкімі облыстық штабта үздік жұмыс атқарған 80 жасқа Астана қаласына 3 күндік саяхатқа тегін жолдаманың сертификатын табыстады.

Облыстық «Атамекен» студенттік құрылыс және «Жасыл ел» еңбек жасағының төрағасы Нұрлыбек Мусиннің айтуынша, биыл облыс бойынша 6 мың жас қала мен елді мекендерді абаттандыруға атсалысады. Жастар жұмыс істегені үшін ай сайын 60 мың теңге еңбекақы алады.

— Еңбек маусымы негізгі үш бағыт бойынша жүргізіледі. Олар — көгалдандыру, абаттандыру және құрылыс жасақтарында жұмыс атқару. Жұмыс істеймін деген жасқа ешқандай кедергі жоқ. Жастардың бос уақытын тиімді пайдаланып, еңбекке баулу мақсатында қолға алынған жұмыс жыл санап өз жемісін беруде. Оның бірден-бір дәлелі — жасақ сапында болғысы келетіндердің саны әр кез артып келеді, — дейді Н.Мусин.

Айта кетейік, өткен жылы облыстық штаб «Үздік республикалық штаб» атағына ие болды. 2005-2017 жылдар аралығында 50 мың жас студенттік отрядтарда жұмыс істеп, олардың күшімен 900 мың көшет егілді, 10 мың тонна қоқыс шығарылды.

Облыс әкімі жастардың тал егу акциясына қатысты. Шара соңы алау жанында өткен жастар кешімен аяқталды. Студенттер облыс әкіміне сауалдарын қойып, нақты жауаптар алды. Облыс әкімі жастармен бірге «Достар» әнін шырқады.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*