Басты бет » Басты жаңалықтар » Алаш елінің астанасы алдағы айда 20 жасқа толады! Елордалықтардың туристерге тартуы көп

Алаш елінің астанасы алдағы айда 20 жасқа толады! Елордалықтардың туристерге тартуы көп

«Бүгінде біздің елордамыз­ды аралауға келетін қазақстандық­тардың саны барған сайын өсіп барады. Астанада болып, оның архитектуралық таңғажайыптарын өз көзімен көру әрбір қазақстандықтың жеке өміріндегі ерекше маңызды оқиғалардың бірінен саналады. Мұнда Қазақстанның басқа қалаларынан арнайы турлар ұйымдастырылады».

 Ел Президенті Н.НАЗАРБАЕВ.

Алдағы айда 20 жылдығын тойлағалы отырған еліміздің бас қаласы — Астананың атаулы датаға дайындығы әлдеқашан басталып кетті. Осы орайда елордалық атқарушы билік өкілдері өзге облыстардан, шетелден келетін қонақтардың құрметіне арнайы экскурсиялар ұйымдастырып, көрікті орындардың рейтингісін ұсынды. Әзиз кешендерді көріп, Есіл бойын кеменің ішінен тамашалау қанша тұрады? Біз жауапты өкілдермен сөйлескен едік.

Бұл өлке — біздің ғажайып астанамыз!

Ішкі туризмге жауапты құзырлы органдағылар Астана дегенде алдымен аспанмен таласқан «Бәйтерек» монументінің ауызға ілігетінін айтып, бастапқы орын ретінде соған баруға кеңес береді. Бас қаланың символы һәм бірден-бір көрікті жеріне айналған кешенді көріп шығу үшін кемінде жарты сағат уақыт қажет. Одан соң «Нұржол» гүлзарының бойымен асықпай серуендеп, әлемде сыртқы сәулеті жағынан теңдесі жоқ «Хан шатыр» сауда орталығына аялдауға болады. Бұл ғимарат дүниежүзіндегі ең үлкен шатыр ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Мұнда «Sky Beach Club» құмды жағажайы бар, ол нағыз жағажай әсерін тудыратын жылыту жүйесімен және Мальдив аралынан әкелген құммен жабдықталған. Жол-жөнекей көптеген ірілі-ұсақты дүкендер, әр алуан халықтың асханасы ұсынылған мейрамханалар, әрқайсысы тарихтан сыр шертетін ескерткіш-композициялар орналасқан. Сондай-ақ, бұл жерден ұзындығы жағынан шаһардағы ең биік субұрқақтарды кездестіре аласыз. Төбесі «мен мұндалайтын» кешенді аралағаннан кейін соның жанында орын тепкен Ғашықтар саябағына соқсаңыз, тасқа қашалған қыз бен жігіттің қол ұстасқан бейнесіне көзіңіз түседі. Осы жерден «Хан шатырға» тамаша көрініс ашылады…

Бір тәулікке келген туристер ең көп баратын орындардың бірегейі — «Астана Опера» опера және балет театры. Зәулім ғимараттың қасбеті ғана емес, ішкі жағы да адамды ерекше әсерге бөлейді. Бас қаланың бірден-бір мәдени ошағының сахнасынан опера және балет классикасының туындылары және әлемдік деңгейдегі шеберлердің заманауи қойылымдарына көзайым болуға мүмкіндік бар. Бірден айтайық, аталған театр жер-жиһандағы үлкендігі жағынан 3-орынды алатынын ескере келе, мұнда кіру құнының өзі қомақты екені жасырын емес.

Қаланың басты даңғылы бойындағы Қазақ елі алаңы бұрынғы мен бүгінгі Қазақстанның тыныс-тіршілігінен хабар береді. Осы алаңда «мыңжылдық гүлзары» бастау алады. Алаңның негізгі көрікті жері — «Қазақ елі» монументі ел егемендігі мен тұтастығын білдіреді. Алаңнан міндетті түрде Қазақстан Республикасының жаңа Ұлттық мұражайына бару керек. Мұндағы басты жәдігер — Есік қорғанынан табылған «Алтын адам». Музейден Қазақстанның және оның астанасының қалыптасу тарихын көруге болады.

Келесі аялдама — пирамида пішінді ерекше құрылыс «Бейбітшілік және келісім сарайы». Аталған ғимаратта жыл сайын әлемдік діндер мен конфессиялар басшылары жиналады. Осы жерден Есіл жағалауына дейін серуендеп, «Есіл кеме жолы» теплоходымен экскурсияға баруға болады.

Астананың негізгі көрікті жерлерін көргеннен кейін қала сыртына шығуға болады. Бурабай курортын ел арасында «қазақстандық Швейцария» деп атайды. Сапар 1-2 сағатқа созылады және осы уақыт ішінде жол сілтеуші (гид) келушілерге осы ғажайып өлкеге қатысты көптеген аңыз-әңгімелерді баяндап береді. Күн, су, жел әсерінен, жер қыртысы қозғалысынан миллиондаған жылдар бойы таулар мен жартастардың жұмбақ пішіндері қалыптасқан, оларды жануарлар, ертегі кейіпкерлері және сарайлар мен бекіністер үйінділеріне ұқсатуға болады…

Базалық турға Абылай хан алаңына барып, Бурабайдың ең биік нүктесіне көтерілуді де қосуға болады. «Оқжетпес» және көл ортасында орналасқан «Жұмбақтасқа» баратындар да баршылық.

«АҚТӨБЕНІҢ» АНЫҚТАМАСЫ

 ҚР Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, ел Тәуелсіздігінің 25 жылында Астана есімі 10 балаға берілген.

Ресми мәліметтерге сүйенсек, 1991-2016 жылдары 31 810 адамға Нұрсұлтан деген есім қойылыпты. Ал Қазақстанның бірінші ханымының есімі Сара 3 512 қызға берілген. Елімізде Қазақстан және Тәуелсіздік есімді балақайлар да бар. Ал Отан есімді 23 атұстар болса, Елбасы есімі 35 сәбиге қойылған. Астананың құрметіне 10 ұл-қыз осылай аталған. Тағы бір қызығы, елімізде 13 — Теңге, 11 Нұрлыжол, 9 Нұротан және 53 Бәйтерек өсіп келе жатыр… Олардың ізін 3 Мәңгілік пен екі Ақорда қуып келе жатқаны белгілі болып отыр. Сондай-ақ, ерекше есімнің иесі — Атазаң деген кішкентай бар.

Автобус пен теплоход экскурсиясы. Қанша тұрады?

 Енді жаяу жүруді қолай көрмейтіндер үшін жасалған мүмкіндіктерге тоқталсақ. Астананың 20 жылдығына орай биыл «Astana Sightseeing Tours» автобустық экскурсиясы мезгілінен ертерек жұмысын қайта бастады. Сол арқылы Астананың әсем көріністерін қоғамдық көлікте отырып-ақ тамашалауға болады.

— Ол үшін сізге тек автобус турына бір күн бойы жарамды билетті сатып алу қажет.  Осы уақыт ішінде турист қала ішінде жүріп, кез келген аялдамада шығып,   жақын маңдағы көрікті жерлерді қарап шыға алады. Содан кейін осы бағдар бойынша жүріп тұратын келесі автобусқа мініп, саяхатын жалғастыра алады. Әр экскурсиялық автобус төрт тілде — қазақ, орыс, ағылшын және қытайша қызмет көрсетеді. Аудиогид әр аялдаманың атын, ондағы айтулы орындарды хабарлап отырады. Автобустық экскурсияның жұмыс уақыты сағат таңғы 10.00-ден кешкі 20.00-ге дейін созылады. Ал бағыттың өзі «Думан» орталығы мен «Бәйтерек» монументі жанынан басталады. Билет бағасы — 3 мың теңге. Студенттер мен зейнеткерлерге жеңілдіктерге қарастырылған, ал 6 жасқа дейінгі балаларға тегін, — дейді автобустың экскурсияның ұйымдастырушыларының бірі Есқали Байдоллаев.

Сонымен қатар, мамыр айынан бері Астанада өзен трамвайлары іске қосылды.  Қазіргі таңда Есіл бойымен 12 кеме — 6 жолаушы және 6 экскурсиялық теплоход қатынайды. Cеруендеу кезінде теплоходтан Есіл жағалауының керемет көрінісі түгел қамтылады.

— Серуендеу бағыты 18 шақырымды құрайды. Жолаушылар бағыты 6 аялдамадан тұрады: Орталық саябақ, Шұбар кенті, «Жыл мезгілдері» бағы, «Самал» шағын ауданы, Кенесары ескерткіші мен «Рэдиссон» қонақүйі. Келешекте бағытты көбейту жоспарланып отыр. Экскурсияның құны — 1 мың теңге, — деп сыр бөлісті кеме қызметкері Нұркен Тоқашев.

Бір айта кетерлігі, Есіл маңынан кемелерді жалға да алуға болады. Жаз шыға бұл қызмет түріне жүгінетіндердің саны артқанын айтқан әңгімелесушіміз кешқұрым келушілердің көп болатынын атап өтті.

P.S. Астананың дүбірлі тойына дайындық шаралары, ол туралы сериялық материалдар мұнымен шектелмек емес. «Тойдың болғанынан боладысы қызық» демекші, 20 жылдыққа арналған мерекелік шаралардың қызығы күн санап көбейіп келе жатыр. Қапы қалмаңыздар!

АСТАНА — АҚТӨБЕЛІКТІҢ КӨЗІМЕН

Нұрсезім АМАНОВА,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің 2-курс оқушысы:

— Күн санап көркейіп келе жатқан, келесі айда өзінің 20 жылдығын тойлағалы отырған еліміздің жүрегі — Астана қаласына деген махаббатым ерек. Мен сияқты Астанаға қарай асыққан, соны көруге ұмтылатын жастардың қатары қалың ғой деп ойлаймын. Өйткені елорда ең алдымен арман қуған, жалындаған қыз-жігіттердің ордасы. Ондағы тұрмыс-тіршілік, жағдай, тіпті ауа райы да мүлде бөлек. Сонысымен бұл өлке басқа қалалардан ерекшеленеді.

Асылы, Астана — еліміздің бас қаласы болғандықтан ғана емес, маған сәулетімен, әдемі ғимараттарымен де ұнайды. Әрине, Астана дегенде әуелі «Бәйтерек» монументі еске түседі. Сосын «Хан шатыр» орталығы, «Астана опера» театры… Сыртқы көріністерімен де бірден санаңда жатталатын кешендердің атының өзі неге тұрады?! Әдемі атаулар ғой…

Шүкір, жыл өткен сайын елордамыз түрленіп келеді. Өткен жылы шымылдығын түрген «ЭКСПО-2017» көрмесі де, оған деген дайындық жұмыстары да Астананың одан сайын әсемдене түсуіне септігін тигізді. Теледидардан бас қала туралы бейнематериалдарды көріп отырғанның өзінде, сондағы айырмашылықтарды бірден байқайсың. Бір қуантатыны, Астана қаласының тоқтаусыз көркейіп, жақсы жағына қарай өзгеріп келе жатқанын шетелдік қонақтар да ұдайы айтып жүр. Бұған мен тек риза боламын. Неге десеңіз, Астана дамыса, Ақтөбеге де оның ықпалы тиетініне, бәрібір соның игі әсері болатынына сенімім шүбәсіз.

Еліміздің бас қаласы — Астананы 20 жылдығымен құттықтай отырып, барша қазақстандықтарға сол шаһардай даму тілеймін. Астана сияқты жылдан-жылға көркемделіп, құт-берекеміз арта берсе, жаман болмайтынымыз хақ. Астана қаласының 20 жылдығы  құтты болсын!

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*