Басты бет » Тарих » Өркен жайған өскіндер

Өркен жайған өскіндер

Кейде қатарда жүрген азаматтардың қадірін жете бағалай алмай қалатынымыз бар. Шалқар өңіріндегі тәжірибе стансасында ұзақ жыл қызмет атқарған Әуесхан Хұсайынов ірі қалалардағы ғылыми-зерттеу орталықтарының бірінде немесе шетелдерде қызмет еткенде халықаралық деңгейде танылған ірі ғалым болар еді. Осы пікірді оны жақсы білетін, қарым-қабілетін пайымдай алатын замандастары жиі айтады.

Бірақ Әуесхан Хұсайынұлы атқарған, ауыз толтырып айтуға боларлық бір игілікті іс бар. Ол — аталған азаматтың өзі жарты ғасырға жуық тұрғыны болып, аянбай еңбек еткен Шалқар ауданының экологиялық жағдайына жаны ашып, оны қолынан келгенше сауықтыруға үлесін қосқаны.

Шалқар қаласынан Тоғыз ауылдық округіне қарай шығар жолдың екі қапталында өсіп тұрған шоқ-шоқ сексеуілдер бүгінде көзкөргендердің жадына еріксіз Әуесханды оралтады. Жылма-жыл қатарын көбейтіп, өзінен-өзі тұқым алып, жан-жақтан қысқан құмға қарсы тұратын осы бір өскіндер — оның Арал тәжірибе стансасын басқаруға келген 1990 жылдан бергі еңбегінің жемісі.

Әуесхан Хұсайынұлы 1944 жылы Ырғыз ауданының көп жылдар Калинин атын иеленіп келген кеңшар аумағында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Соғыс жылдарында шаруашылық басқарған Хұсайын мен оның зайыбы Хафуза ел ішінде сыйлы, жан-жағына қамқор жандар болыпты.

Әуесханның өзі туған ауылында мектеп бітірген соң бірер жыл тракторшы болып еңбек етіп, содан кейін Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтының агрономия факультетінде оқиды. Дипломды жас маман туған өңірге қызмет ету үшін үлкен құлшыныспен оралады.

Әлі Арал теңізінің экологиялық зардабы біліне қоймаған жетпісінші жылдары Арал теңізі төңірегінде, Ұлы Борсық құмы бойында орман шаруашылығы құрылады. Бас кеңсесі Мәскеуге тікелей бағынатын бұл мекеменің басты мақсаты — шөлді аймақтарды көгалдандыру, көпжылдық өсімдіктер егу, сөйтіп, жылдан-жылға құрсауын кеңейтіп келе жатқан құм көшкінін тоқтатуға бағыт ұстау болатын.

Әуесхан 1973 жылы сол Шалқар қаласындағы Арал тәжірибе стансасына ғылыми қызметкер болып жұмысқа қабылданып, көп ұзамай лаборатория жетекшілігіне тағайындалады. Бүкілодақтық Вавилов атындағы ғылыми-зерттеу институтының жетекшілігімен жұмыс істейтін ұжымда ғылыми тұрғыдан саралайтын маман ретінде көзге түседі. Ол тәжірибе стансасын нағыз ғылыми орталыққа айналдырады.

Әуесхан Хұсайынұлы жаз басталысымен қара күзге дейін Ұлы Борсықтың қалың құмына экспедициямен шығып, шөл даланың өсімдік дүниесін зерттеп, лабораторияда өскіндерді егіп, оған жаз бойы күтім жасайды.

Жылма-жыл ауқымы кеңейіп келе жатқан, аумағы бірнеше жүз шақырымға созылатын құм көшкінін тоқтата алатын өсімдік тек сексеуіл екен. Шөлге шыдамды, тамырлары құмды қуалай жайыла беретін көпжылдық, бұта тектес өсімдіктің қасиетін ғылыми тұрғыдан әбден зерттеген Әуесхан ТМД елдері ғалымдарымен тығыз байланыста еңбек ете бастайды. Тіпті Ленинградтан осы тақырыпта кандидаттық диссертация жұмысын да бастап қояды. Кандидаттық минимумын тапсырып, бірнеше ғылыми мақалалары Ресейде, Түркіменстанда, Қырғызстанда жарық көреді. Ұлы Борсық құмын көгалдандырып жатқан оның еңбегі бағаланып, тәжірибе стансасының атағы алысқа жайылады. Осы кезде Әуесханды Ақтөбе орман шаруашылығы тәжірибе стансасына басшылық қызметке шақырады. Бұл 1988-1990 жылдар еді. Ол осында екі жыл еңбек етіп, қайтадан Арал маңы тәжірибе стансасына басшы болып оралады.

Кешегі бір қиын тұстарда Әуесхан Одақ кезінде салынған ғимараттары, лабораториясы, шаруашылығы, техникасы  сайма-сай жабдықталған тәжірибе стансасын сақтап қалу үшін көп күш жұмсады. Сол кезеңде жұмыс істеп жатқан қызметкерлерге де айлық еңбекақысын тауып беру оңайға түскен жоқ. Әлеуеті мол Санкт-Петербург енді бұрынғыдай Арал тәжірибе стансасына басшылық жасай алмайтын болды, бұл ұжым бұдан былай Шымкенттегі қаракөл қой шаруашылығын зерттеу институтына қарады.

Әуесхан бәрібір тығырыққа тіреліп қалмай, шетел ғалымдарымен байланысын жандандыра бастайды. Халықаралық жобаларға қатысып, ғылыми баяндамалар жасап, іссапарға шығып, Арал тәжірибе стансасының жұмысын жан-жаққа таныстыра бастайды. Шетел мамандары Шалқарға арнайы келіп, олармен бірге Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Талдықорған, Қостанай, Ақмола облыстарына экспедиция ұйымдастырылып, шөлге төзімді өсімдік тұқымдарын сұрыптап жинау қолға алынады. Басты мақсат — оларды лабораторияда көбейтіп, шөл далаға молынан егу болады.

Арал аймағында осындай ауқымды жұмыстар атқара бастаған директордың еңбегі шетел ғалымдарының назарына ілігеді. Соның нәтижесі болар, АҚШ-тың Юта штатындағы Логог университетінен шақыру келеді. Сол жолы ол бірнеше ай бойы америкалық ғалымдармен бірге жеті штатты аралап, ғылыми-зерттеу университеттерінің лабораториялары жұмысымен танысады.

Бұдан кейінгі уақыттарда АҚШ-тан, Түркиядан тәжірибе алмасу мақсатында ғалымдар келіп, Арал тәжірибе стансасының жұмысына жоғары баға береді. Ұлы Борсық құмы бойын аралап көрген шетелдіктер Әуесханның шөл даладағы жанкешті еңбегін көздерімен көріп, экспедиция жүргізуге қолайлы болсын деген мақсатта жол талғамайтын көлік сыйлаған.

Бірнеше жылғы экспедицияның еңбегі — сирек кездесетін 350-ден астам өсімдік тұқымынан жинақталған коллекция Алматыдағы зоотехникалық-малдәрігерлік ғылыми-зерттеу институтының академигі Ғалиолла Мейірмановқа тапсырылды. Осы істе ресейлік ғалымдар Н.Дзюбенко, И.Чапуринмен де ғылыми байланыс жасалды.

Кейінгі бір жылдары Әуесхан сексеуілді көбейтуге ерекше бір құлшыныс білдіреді. «Шалқар», «Тоғыз» кеңшарлары аумағында құм тоқтату мақсатында сексеуіл көшеттерін отырғызуға ұйытқы болады. Бүгінде сол көшеттердің биіктігі 2,5 метрге дейін жетіпті. Қаратопырақты жердің ағаштарын құмды өңірге әкеліп жерсіндіру де ол қолға алған істердің бірі. Ақтөбеден жеткізілген 40 қарағай көшеті мемлекеттік мекемелер аулаларына отырғызылып, олар 8-10 метрге дейін бой созыпты.

Ол зейнет жасына жеткен кезде де өзі қалаған кәсібін одан әрі дамытып, осы шаруаның маңынан ұзамаған. «Фитомелиорация» деп аталатын серіктестік құрып, көгалдандыру, өсімдік егу жұмыстарымен шұғылданады. Атырау облысының Сенек ауылына 40 мың түп сексеуіл егіп, қашан жерсініп кеткенше баптап-күтіп жүрген. Сонымен бірге әр елде шығатын ғылыми журналдарға мақалалар жазып, өз тәжірибесін бөлісіп отыруды да парыз санаған екен.

Әуесхан ғылыми атағы болмаса да, ғылыми жұмыстарымен жүйелі түрде шұғылданып, бірнеше ғалымның шаруасын атқарғаны туралы әңгіме ел ішінде жиі айтылады. Ол өзі тал егетін жердің топырағын, табиғатын терең зерттеп барып, істі қолға алуды дағдыға айналдырған. Еккен шыбығының келесі жылы қурап қалуын қаламайтын жан, тал да тірі табиғат, ол адамның аялы алақанын сезгенде ғана көктеп-көгереді деп ұғынады.

Әуесхан осыдан төрт жылдай бұрын дүниеден өтті. Оның артында өз қолымен еккен қалың орманы қалды. Ұрпақтары әкенің жақсы есімін жалғастырып, өз қатарларының алдынан көрінуде. Бауырына басқан үлкен немересі Әкежан Малайзияда жоғары білім алуда. Тағы бір немересі Айша — Назарбаев зияткерлік мектебінің үздік оқушысы. Кіші немересі Асылжан да үмітті ұрпақтың бірі.

Қазақта берілетін жақсы баталардың бірі «көктеп, көгере бер!» дегенге саяды. Табиғатпен тамырлас адам баласының ізгі ниетінен туындаған осы жақсы сөз қай жағынан алып қарағанда да Әуесхан әулетіне тән деуге болады.

Нұр ДАБЫЛБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*