Басты бет » Тарих » Еңбекпен келген құрмет

Еңбекпен келген құрмет

Тағзым

Ол арамыздан кеткелі де қырық күн аунап түсіпті. Кеше ғана қатарда жүрген азаматтың асыл бейнесі осы уақыт ішінде біздің жадымыздан шыққан жоқ. Оның біз білетін өнегелі өмір жолы кейінгі буынға үлгі болып келе жатқанын ойға алып, бір жағынан соған тәубе еттік.

Менің замандасым, жақын жолдас, бір-біріміздің көңілімізді ұғысатын қатарлас азамат Әліби Қойлыбаевты мен сонау елуінші жылдардың басында Алматыдағы студенттік кезімізден білетін едім. Ол уақытта педагогикалық институттың тарих факультетінің студентімін. Осында білім алатын ырғыздық жастармен де жиі араласып тұрамын. Солардың арасынан кейде Әлібиді де көретінмін. Салмақты, көп сөйлемейтін, менен бір-екі жас үлкендігі бар, ұстамды жігіт еді.

Көктем айы болар деп шамалаймын, Алматыда оқып жатқан Ырғыз бен Қарабұтақтың қыз-жігіттері «Елден Нұрқасым Бердіқұлов келіпті, кездесу өткізеді екен» деп дабырласып қалды. Педагогикалық институттың акт залында өткен бұл жиынға мен де бардым. Ел басшысы Нұрқасым Бердіқұловпен бірге мінбеге институт директоры Асқар Закарин, факультет декандары да көтерілді.

Нұрқасым Бердіқұлов сөйлеген сөзінде: «Ал, шырақтарым, ел-халық аман, әке-шешелерің, тумаларың — бәрі жақсы. Мен солардың сіздерге беріп жіберген сәлемдемесін алып келдім» деп, студенттердің әрқайсысына 200 сомнан үлестірді. Бұл — ол кезде қомақты қаржы. Студенттердің көңілдерінде «елдің бұл қамқорлығын ұмытпаймыз, оқу бітіргесін туған жерге барып еңбек етеміз, сенімдеріңізді ақтаймыз» деген жалынды лебіз тұрғаны анық еді.

Шындығында солай болды. Әліби Қойлыбаев та қатарластарымен бірге елге оралып, білікті маман ретінде шаруашылық жұмысына белсене кірісіп кетті.

Осы арада сонау жылдарға бір шегініс жасап, мынадай жайтты баяндағым келеді. 1963 жылы Батыс Қазақстан өлкелік комсомол комитетінің идеология бөлімі меңгерушісінің орынбасары болып қызмет атқаратын мен іссапармен Қарабұтақ ауданына келдім. Аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы Лайық Шоқпаров іскер, адамдарға деген көңілі таза, қолына алған ісін тиянақты тындырғанша тыным таппайтын жігіт болатын-ды. Онымен бірге ағасы Әлібидің үйіне соғып, сәлемдесу рәсімін жасадық.

Арада он жылдай уақыт өтті ғой, ол аудандық ауыл шаруашылығы инспекциясында басшылық қызметте екен. Баяғы көп сөйлей қоймайтын қалпы. Оның есесіне зайыбы ашық мінезді, әңгімешіл адамға ұқсайды.

Шай жасалғанда бөлмеге шағын бойлы, шоқша сақалды қарт кісі кірді. Мен бірден таныдым. Орнымнан тұрып, «Ассалаумалейкүм, Қойлеке!» деп қос қолымды ұсындым. Ол «Уағалайкүм…» деді де, «Бұ қай баласың?» деп жөн сұрады. «Мен сізді 1946 жылы Шалқар көлінің жағасындағы Нұртазаның үйінде көрдім» деп, аты-жөнімді айттым. Ол кісі аз-кем ойланды да, «Я, балам, енді ойыма түсті» деді, бірақ әңгіменің артын ашпады.

Одан әрі мен: «Аға, сіз сол жылы сәуір айының ортасында болар, 13-ші ауылдың шығырын жасадыңыз, оны құрып болғасын себілген тарыны суару үшін шығырды түйеге мініп айдаған мен едім ғой» деп жатырмын. Ол шай ішіп отырып шығыр айналасында бірталай әңгіме айтты. Лайық болса, «өй, сіздер баяғыдан таныс екенсіздер ғой» деп әзілдей бастады. Сонда Қойлыбай ағаның сабырлы қалпын сақтап, «Балам, жер бетіндегі адамдар бірімен-бірі қауышпай тұрмайды, есіңде болсын» дегені есімде сақталып қалыпты.

Осындай еңбекқор адамның ұрпағы Әліби көп жылдар Қарабұтақ ауданында біраз жыл шаруашылық тізгінін ұстап, басшылық қызметте болды. Ол қай буында еңбек етсе де жоғары көрсеткіштерге жетті, өнімді еңбектің ұйымдастырушысы бола білді. Халық оған сенді. Сондықтан да оны Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаты етіп сайлады. Ол сессияларда елдің мүддесін қозғап, республика басшылары алдына шешімін күткен күрделі мәселелерді қоя да білді.

Әліби осындай қимылымен, жақсылыққа ұмтылысымен өзінің туған жерінде, елінде сыйлы, ақыл-парасаты кеңдігімен танылған азамат. Ол кешегі күндері Қарабұтақ ауданының Шевченко атындағы кеңшарын, аудандық орман шаруашылығын басқарған жылдарында салиқалы басшы, іскер де білікті ұйымдастырушы, халық қамқоры ретінде танылды.

Оның елге, халыққа сіңірген еңбегі жоғары бағаланды. Екі рет Ленин орденімен, екі рет Еңбек Қызыл Ту, Құрмет белгісі ордендерімен марапатталды.

Қазақ халқының даналық әңгімелерінің бірінде адам баласының өз өмірінде үш рет бақытты кезеңді басынан кешетіндігі айтылған. Оның біріншісі — баланың нәрестелік кезінен жігіттік шағына дейінгі аралықта әкесінің бақытымен гүлденуі, екіншісі — сол баланың азаматтық дәрежеге жеткендегі еңбегімен, таңдап қосылған жарымен бақытқа бөленуі, үшіншісі — балалы, немерелі, шөберелі болған тұстарындағы қуанышы. Әлекең де өзінің өмірлік қосағы Зүбәйдамен қол ұстаса жүріп, осы заңдылық жолдарының бәрінен өтті деуге болады. Балалары Гүлшара, Гүлмира, Асқар, Қайрат, Тимур, Райса, Әсет, Арсен олардың шаңырағын шаттыққа бөледі. Әулеттің жапырақтарын жайқалтқан он бір немере, он үш шөбере ата-әжесінің көз қуанышына айналғанына куә болдық.

Әлекең зейнеткерлікке шығып, Ақтөбеге қоныс аударғанда да өзінің туып-өскен аймағын, жарық дүние есігін шыр етіп ашқан Шабағанын бір ұмытқан емес. «Бабамнан қалған байтағым» атты өзінің артына қалдырған тағылымдық еңбегінде де туған жерге қатысты шын көңілден шыққан тебіреністерін байқағанбыз.

Енді сол өзіне ыстық мекеннің топырағында мәңгілік дамыл тапты. Ал ел құрметтеген асыл азаматтың жақсы есімін ұрпақтары лайықты жалғастыратынына біздің сеніміміз мол.

Зәкіратдин БАЙДОСҰЛЫ,

профессор,

Ақтөбе облысының құрметті азаматы.

ЖАҢАЛЫҚТЫҢ ЖАРШЫСЫ ЕДІ…

Қарабұтақ өңірінде көптеген ілгері буын өкілдерімен қатар жүріп, өзара түсіністікпен еңбек еттік. Жасы үлкен, тәжірибесі мол ағалардан шаруашылық жүргізудің, елге жетекшілік етудің құпия-қырларын меңгердік. Сондай ақылман, қамқоршы ағалардың бірі — Әліби Қойлыбаев еді.

Әлекең ұйымдастырушылық қабілеті күшті, адамдармен тіл табыса білетін азамат болатын. Оның іскерлік қарымы Шевченко атындағы кеңшарды басқарған жылдары айқын көрінді. Ол менмендігі жоқ, айналасына шуағын шашып жүретін. Кеңшар директоры ретінде ферма басқарушыларына, бас мамандарына қатаң талап қоя білді. Жалқаулыққа, өтірік айтуға жаны қас Қойлыбаевтан босбелбеулердің бәрі қаймығатын. Ағамыздың әбден қалыптастырған дағдысы — мал фермаларын ұдайы аралап, нақты жағдайды өз көзімен көруі болды. Байқалған кемшіліктерге ұсақ-түйек деп қарамай, дереу нақты шараларын алатын. Сондай-ақ, өз міндетін жауапкершілікпен атқаратын жұмысшы-қызметкерлерді ынталандыру жағын да ұмытпайтын.

Нәтижесінде Шевченко атындағы кеңшар сол жылдары облыс аумағында алдыңғы қатардан көрінді, республикаға танылды. Бір мысал келтіре кетейін. 1981 жылы шаруашылықта дәнді дақылдар егісі көлемі 20 мың гектардан асып, 22 мың тоннадан артық астық жиналды. Қой саны 50 мыңның үстіне шықты. Мал өнімдерін сапалы етіп мол мөлшерде мемлекетке тарпсыру кеңшар даңқын асырды.

Әлекең республикалық, Одақтық семинар-кеңестерге қатысып келген соң сол жақтан көрген жақсы шаруаларын жүзеге асыруға күш салатын. Бірде Талдықорған облысының Панфилов ауданында болғанда екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Николай Головацкиймен бетпе-бет жүздесіп, әңгімелеседі, ол басқаратын шаруашылықтағы жаңа технологияның жай-күйіне қанығады. Содан кейін көп ұзамай оның табандылығы мен жедел қимылы арқасында шаруашылықта он мың қойға және бес жүз ірі қараға арналған мал бордақылау алаңы салынды. Жаңалықтар жемісін берді: сапалы мал өнімдері молайып, кең ауқымда өткізу мүмкіндігі туды.

Әліби ағаның және бір қасиеті — кеңшар меншігіндегі мүлікті қаттап-шоттап отыруға ерекше көңіл бөлетін. Ол өзі жүрген ортаны, ондағы еңбек ұжымын бағалай білетін.

Ол ауданның, облыстың басшылығымен іскерлік қарым-қатынас орнату арқылы бар мүмкіндікті кеңшар аумағындағы елді мекендер ахуалын жақсарту мүддесіне пайдалануды қарастырды. Әлекең басқарған шаруашылық төрт ферманың басын қосты, олардың орталықтарын және кеңшардың әкімшілік-басқару мекемелері орналасқан Қарабұтақ ауылын көркейтуге ол көп күш жұмсады. Мектеп, аурухана, клуб, дүкендер, басқа да әлеуметтік қызмет ғимараттары, тұрғын үйлер салынды. Кеңшар күшімен пайдалануға берілген сәулетті Мәдениет үйінің игілігін қарабұтақтықтар ұзақ жылдар бойына көрді. Оның тікелей бастамасымен суармалы егіс алқаптары ұлғайтылды, бау-бақша өсіруге айрықша мән берілді.

Кеңшар орталығының Қарабұтақта орналасуы Әлекеңе көп міндеттер жүктегенін біз жақсы білеміз. Сол жауапкершілікті ол жан-тәнімен сезіне білді және абыроймен атқара да білді. Оған сол кездегі ел игілігі үшін жүзеге асқан көп шаруа куә бола алады.

Саналы ғұмырын халыққа қызмет етуге арнаған Әліби ағаның жарқын бейнесі, ұлағатты әңгімелері жадымызда сақталып қала берері анық.

 Сұлтан ҚҰРМАНАЛИН,

еңбек ардагері.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*