Басты бет » Мереке » Рәміздер — Мемлекеттік құндылық

Рәміздер — Мемлекеттік құндылық

Кеше Ақтөбе қаласындағы Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта

4 маусым — Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күніне арналған «Рәміздер — мақтанышым» атты салтанатты шара өтті.

Мерекелік шара жастардың флешмобымен басталып, одан кейін Қазақстан Республикасының Әнұраны орындалды.

Шарада Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова жиналғандарды атаулы мерекемен құттықтады.

Елдің ел, мемлекеттің мемлекет екендігін айқындайтын Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күнімен баршаңызды құттықтаймын.

1992 жылы 4 маусымда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіз Қазақстанның Мемлекеттік рәміздері туралы Заңға қол қойды. Біздің ең басты мемлекеттік құндылықтарымыз — Ту, Елтаңба, Гимн. Осылайша біз жер шарындағы Қазақстан атты егеменді мемлекет бар екендігін және ол ғасырлар бойы азаттығын қастерлеп, рухын  биік ұстап өтетіндігін тағы бір мәрте дәлелдедік. Сол сәттен бастап бұл күн қазақстандықтар үшін басты мерекелердің біріне айналды.

Мемлекеттік рәміздер — кез келген мемлекет дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан бүгінгі мерекеде баршаңызға мықты денсаулық, зор бақыт, амандық және Отанымыз — Қазақстанның гүлденуі жолындағы қажырлы еңбектеріңізге жеміс тілеймін, — деді К.Айдарханова.

Бұдан кейін шарада мемлекеттік қызметке қабылданған жас мемлекеттік қызметшілер салтанатты түрде ант берді. Олардың қатарында Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімінің құқықтық-ұйымдастыру мәселелері, жастар саясаты және қоғамдық бірлестіктермен жұмыс жөніндегі секторының бас маманы Сәулет Бақытжан, Ақтөбе қалалық білім бөлімінің бас маманы Айнагүл Жекенаева, Ақтөбе қалалық құрылыс бөлімінің өндірістік-техникалық секторының бас маманы Ерқанат Хайретденовтер бар.

Жиында Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова жас мемлекеттік қызметшілерге сәттілік тілеп, куәліктер табыс етті.

Мерекелік шара соңында «Алаш» және «Бестау» тобы патриоттық әндер орындап, «Әлия гүлі» би ансамблі сахнада мың бұрала би биледі.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*