Басты бет » Спорт » Үш ақтөбелік спортшы — чемпион!

Үш ақтөбелік спортшы — чемпион!

Ұлттық спорт түрлерін жанына серік еткен ақтөбелік жігіттер Астана қаласында өткен Азия чемпионаттарынан олжалы оралды. Теңге ілу мен аударыспақтан сынға түскен үш жерлесіміз де алтын медальдің иесі атанды.

Астананың 20 жылдық мерейтойына орайластырылған қос жарыс — теңге ілуден ІІ Азия чемпионаты мен аударыспақтан ІІІ Азия чемпионаты осы айдың 1-2 күндері

Елордадағы «Қазанат» ипподромында ұйымдастырылған-ды. Теңге ілу бойынша өткен жарысқа Азия құрлығының 7 елінен — Түркия, Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Ауғанстан және Моңғолияның спортшылары, ал аударыспақ бойынша додаға 9 мемлекеттің өкілі қатысты.

Теңге ілуден де, аударыспақтан да алтын жүлделерді қазақ елінің спортшылары жеңіп алды. Сондай-ақ, теңге ілуден Қырғызстан командасының өкілі қола жүлдені иеленсе, аударыспақтан бес салмақ бойынша Қытай, Моңғолия, Тәжікстан, Ауғанстан, Өзбекстан, Қырғызстан балуандары бірнеше күміс, қола жүлделерді қанжығаларына байлады. Жүлдегер балуандар 250 мың (қола жүлде), 500 мың (күміс жүлде), 1 миллион (алтын жүлде) теңге көлеміндегі ақшалай сыйлықтармен марапатталды.

Жеңімпаз жерлестерімізге келсек, аударыспақтан ІІІ Азия чемпионатында ақтөбелік балуандарымыз — 60 келі салмақтағы Азамат Серғазин, 70 келі салмақтағы Шыңғысхан Ержанов мұндай ауқымдағы бәйгеге алғаш қатысса да, қарсыластарын айқын басымдылықпен жеңіп, Азия чемпионатының алтын медалін иеленді. Ал абсолютті салмақтағы жекпе-жекке шыққан тағы бір ақтөбелік — Арман Сағынбаев өзгелерден оқ бойы озып, ІІІ Азия чемпионатының түйе балуаны атанды. Арман алғашқы айналымда өз тобындағы ең мықты қарсылас, «аударыспақтың арыстаны»  атана бастаған Сырым Ізбасаровтан айласын асырып, екінші топтағы қарсыластарын жеңіп шыққан Біржан Қосалиевтен ақтық кезеңде басымдылық көрсетіп, жеңіп шықты. Бағы мен бабы қатар келіскен Арман, осылайша, бас жүлдеге тігілген 2 миллион теңгеге ие болды.

— Бізді қолдап, осындай жарысқа қатысуымызға мұрындық болған атқарушы билік өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз. Енді күз айларында өтетін кезекті ауқымды жарысқа дайындалып жатырмыз, — дейді жеңімпаз жерлестер.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*