Басты бет » Мереке » Туу туралы куәлік тапсырылды

Туу туралы куәлік тапсырылды

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орай жаңа туған он сәбидің ата-анасына туу туралы куәлік салтанатты түрде табысталды. Шара Неке сарайының ұлттық нақышта безендірілген залында өтті.

Ақтөбе қалалық азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Валентина Мәмбетова  ата-аналарға куәлікті табыстап, арнайы сыйлық берді.

— Облыс әкімінің бастамасымен биылғы жыл балаларға арналып, «Бақытты бала» жобасы қолға алынды. Бүгінгі шара осы жобаның аясында ұйымдастырылды. Өткен жылы Ақтөбе қаласында 12 341 сәби дүниеге келсе, ал биыл осы күнге дейін АХАТ бөліміне 4581 нәресте тіркелді. Жыл сайын демографиялық жағдайдың жақсарып келе жатқандығы қуантады, — деді Валентина Мәмбетова.

Салтанатты шарада ұлы Айсұлтан Мұраттың куәлігін алған Нұршат Бахрадинова шараға отбасымен келіпті.

— Мереке күні жаңа Неке сарайына бізді шақырып, сыйлық беріп, куәлік тапсырған ұйымдастырушыларға  алғысымыз шексіз. Бұл біздің көңілімізге қуаныш сыйлады. Айсұлтан — менің екінші ұлым. Бала қуанса, ата-ана үшін одан артық бақыт жоқ. Барлық баланың, ата-ананың бақытты болуын тілеймін, — деді Нұршат.

Салтанатты түрде куәлік алған ата-аналар сәбилерімен бірге суретке түсті. Сондай-ақ «Әр сәбиге — бір ағаш» акциясы аясында ҚР Тұңғыш Президенті атындағы орталық саябаққа барып, тал екті.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*