Басты бет » Мереке » 625 балаға жолдама табысталды

625 балаға жолдама табысталды

Балаларды қорғау күніне арналған «Сәлем саған, Астана» атты мерекелік шеру облыс әкімдігінің алдында басталып, Орталық стадионға дейін жалғасты. Шеруге Ақтөбе қаласындағы білім беру мекемелерінен 7 мыңға жуық бала қатысты. Сондай-ақ шарада Қарғалы, Қобда аудандарының балалар шығармашылық ұжымдары өнер көрсетті.

Мерекелік шараның ашылуына қатысқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев түрлі халықаралық, республикалық байқауларда топ жарып жүрген 19 баланы марапаттап, еліміздің Шығыс Қазақстан облысына және Ресей, Татарстан, Өзбекстан мемлекеттеріне туристік саяхат жасауға 625 балаға жолдама табыс етті.

— Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Тәуелсіздік алған күннен бастап Қазақстанның балалары қазіргі заман талабына сай білім, тәрбие алсын деп барлық жағдайды жасап келеді. Биылғы жарияланған «Бақытты бала» жылының негізгі мақсаты да осы. Біздің балаларымыз еліміздің түкпір-түкпіріне, көрші мемлекеттерге барып, жазғы демалыстарын қызықты өткізу үшін көптеген іс-шаралар жүргізіп жатыр. Бүгінгі Халықаралық балалар күніне арналған шараға облыстан 40 мыңнан астам бала қатысып отыр.

Жалпы, қазіргі таңда Ақтөбе өңірінде 250 мыңға жуық бала бар. Биылғы жылдың 5 айында 600-ден астам іс-шара өтті. Бұл шаралар легі әрі қарай да жалғасын табатын болады. Облыс басшылығының атынан бүгінгі шеруге атсалысқан қатысушыларға, ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін, — деді облыс әкімі құттықтау сөзінде.

Шеруді барабаншылар отряды, үрлемелі оркестрлер мен ансамбльдер, мажореткалар, черлидерлер, хор және би ұжымдары құрады.

Бұл күні аталған шеру Ақтөбе қаласынан бөлек облыс аудандарында да өтті.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*