Басты бет » Мереке » «Бақытты балалық шақ»: үздіктер үкіленді

«Бақытты балалық шақ»: үздіктер үкіленді

Кеше Ақтөбе қаласында облыстық «Бақытты балалық шақ» балалар мен жасөспірімдер фестиваль-байқауы қорытындыланды. Салтанатты шара 1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күніне орайластырылды.

Облыс әкімдігінің қолдауымен қолға алынған шара «Бақытты бала» жобасы аясында ұйымдастырылды. Мақсат — балалардың өнері мен шығармашылығын дамыту, дарынды балаларды іріктеу және оларға қолдау көрсету. Осыны көздеген ұйымдастырушылар 16 сәуір мен 27 мамыр аралығында Ақтөбе қаласы мен барлық аудандарда іріктеу кезеңдерін өткізіп, балалардың арасынан ән, би, аспапта ойнау, т.б. өнер түрлері бойынша ең таланттыларды анықтаған болатын. Облыстық халық шығармашылығы орталығының қызметкері Гүлнар Сейталинаның айтуынша, іріктеу кезеңдеріне ұзын саны 3500 ұл-қыз қатысқан. Ал өнерпаздардың шығармашылығын облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Маржан Қорғанбаева, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы Талап Хамзин, «Выбор молодых Актобе» ұйымының төрағасы Мәди Раимов және А.Жұбанов атындағы музыкалық колледжінің оқытушысы, облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының әдіскері Айсұлу Әбдірахманова бағалаған.

Кішкентайлардың күшімен дайындалған театрландырылған қойылыммен ашылған гала-концерт һәм марапаттау рәсімінде облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

— Әр ұлтты, мемлекетті танытатын — өнер. Сондықтан біз әр уақытта өнерді қолдауымыз керек. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты осы елдің ішінен, әсіресе, жастардың арасынан әншілерді, күйшілерді, өнерпаздарды табу, олардың шығармашылығын шыңдауға арналады.

Біздің Ақтөбе бұрыннан белгілі әнші-күйшілерге бай. Әйгілі Жұбанов, кейінгі кезде біздің атымызды шығарып жүрген Димаш бар.

Біз Димаш секілді таланттардың жолын ашуға көмектесуіміз керек. Биылғы жыл Балалар жылы деп жарияланып, шаралардың барлығы солар үшін іске асырылып жатқаны белгілі. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да балалардың шығармашылықпен, спортпен айналысуы үшін жұмыстар жасалу үстінде. Сол үшін де ғимараттар салынып жатыр. Бүгін қорытындысы шығып жатқан «Бақытты балалық шақ» байқауы да балаларды қолдау үшін ұйымдастырылып отыр. Кешеден бері Ақтөбеде өтіп жатқан халықаралық балалар ән байқауы да осы жұмыстар аясында, облыс әкімдігінің қолдауымен өткізіліп жатыр. Бүгінгі мереке құтты болсын! — деп ізгі тілегін білдірген соң, аталған өнер додасында Гран-приге ие болған қатысушыларды марапаттады. Атап айтсақ, «Аспапта орындау» номинациясы бойынша шалқарлық жас жетігеншілер Еркеназ Сәрсенбаева мен Мөлдір Өмірғалиева, Ақтөбе қаласының атынан қатысқан жас күйші Абат Жалғасбаев, «Хореография» номинациясы бойынша Темір ауданынан келген «Алтынай» би тобы, ал «Вокал» аталымы бойынша  темірлік Ботагөз Қуатова мен ойылдық Ақниет Боранбайұлы суырылып алға шықты. Оларға дипломдар мен ақшалай сыйлықтар табысталды.

Салтанатты кеш шығармашылық ұжымдардың әзірлеген концертіне ұласты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*