Басты бет » Мәдениет » Неке сарайындағы зүбәржат тойы

Неке сарайындағы зүбәржат тойы

Ақтөбе қаласында бой көтерген жаңа Неке сарайының ашылу салтанатына ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты.  

Бүгін біз жақсы жаңалыққа — жаңа Неке сарайының ашылуына куә болып отырмыз. Жастар үшін елде көп нәрсе жасалып жатыр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев жастар саясаты жөнінде Жарлыққа қол қойды, 2030 жылға дейін жұмыс жасайтын гендерлік және отбасылық саясат тұжырымдамасы бар. Болашақ жастардың қолында. Бұл сарайда жастар үшін жаңа өмір басталады және ол бақытқа толы болсын, — деді құттықтау сөзінде Г.Әбдіқалықова.

Бүгінде облыс әкімінің бастамасымен Ақтөбеде бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі және мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы аясында әлеуметтік ғимараттардың ауқымды құрылысы жүріп жатыр.

Неке сарайы құрылысының құны — шамамен 1,5 млрд теңге. Ғимаратты тұрғызуға және оның ішін әрлеуге кеткен құрылыс материалдарынан өзге мұнда жас жұбайлар мен қонақтардың жайлылығы үшін барлық жағдай жасалған. Сарай бүтін бір кешен секілді. Оған некені салтанатты түрде қиятын төрт зал кіреді. Олар түрлі стильде безендірілген, сонымен қатар жас жұбайлар үшін күту залы да бар.

Менің ойымша, әр адамның арманы — жақсы отбасын құру. Отбасы — бұл кез келген мемлекеттің бір бөлшегі. Мемлекеттің жетістігі әрбір отбасындағы келісім, бейбітшілік пен жетістікке байланысты. Сондықтан Президент Нұрсұлтан Назарбаев бұл мәселеге көп көңіл бөледі. Біз осы мерекені еліміздің Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Наушақызымен, Парламент Мәжілісі депутаттарымен, Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасарымен бірге атап өткеніміз үшін бақыттымыз. Бұл — екі есе қуаныш, — деп атап өтті құттықтау сөзінде облыс әкімі Бердібек Машбекұлы.

Салтанатты шарада символикалық лентаны ҚР Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова мен Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары  Леонид Прокопенко кесті. Бұдан кейін қонақтар жаңа ғимараттың ішін аралап, шаңырақ көтергендеріне 50 және 55 жыл толған мерейтой иелерін және жаңадан отау құрғалы жатқан жас жұбайларды құттықтау рәсіміне қатысты. Бұл күні ақтөбелік Хамза мен Майра Тоққожиндер алтын тойларын тойласа, ал Орынбасар мен Гүлназия Дәулембаевтар зүбәржат тойдың иелері атанды.

Қазір  6 баламыздан 13 немере, 1 шөбере сүйіп отырмыз. Туып-өскен жеріміз — Шалқар өңірі. Жұмыс бабымен тоқсаныншы жылдары Ақтөбе қаласына қоныс аудардық. Өзім ұзақ жыл құқық қорғау саласында қызмет етсем, жұбайым облыстық кітапханада еңбек етті. Қазір екеуіміз де зейнет демалысындамыз. Бүгінде балаларымның бәрі бір-бір маман иесі болып, ел дамуы жолында еңбек етіп жатыр, — деді О.Дәулембаев.

Мерекелік шара кезінде алтын және зүбәржат тойы иелерінің өмірі жастарға үлгі ретінде айтылып, оларға Мемлекеттік хатшының атынан арнайы сыйлықтар табысталды.

 

 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*