Басты бет » Басты жаңалықтар » «Baqytty Bala» халықаралық байқауы басталды

«Baqytty Bala» халықаралық байқауы басталды

Кеше Өнер орталығында «Baqytty Bala» бірінші балалар вокалдық фестиваль-конкурсының ашылу салтанаты өтті. Залды лық толтырған құдіретті өнер мерекесіне келушілерді алдымен облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев құттықтады. Халықаралық балалар күнімен құттықтаған облыс әкімінің орынбасары бұл байқаудың әлемге әйгілі әнші Димаштың қатысуымен, Димаштың қолдау білдіруімен өтіп жатқанын мақтанышпен  айтты. Қазіргі қазақ музыкасының брендіне, әлемдік деңгейде қазақ ұлтының бүгінгі бойтұмарына айналған Димаш есімі шын мәнінде өнерде шекара жоқтығын тағы бір мәрте дәлелдеді.

Байқаудың ресми ашылуында фестиваль туы көтеріліп, қатысушылар таныстырылды. Фестивальдің бірінші бөлімінде балалар ана тілінде ән шырқады, екінші бөлімінде әлемдік хит орындауы тиіс болды. Бүгін кешке Өнер орталығында жеңімпаздардың гала-концерті өткізіліп, жүлдегерлер марапатталады.

Байқау басталар алдында өткізілген баспасөз мәжілісіне қазылар алқасының төрағасы Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова, түркиялық әнші Эмре Юселен, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық байқаулардың жүлдегері Жеңіс Ысқақова, Өзбекстанның еңбек сіңірген артисі Нодира Перматова және Украинаның «алтын дауысы», «Славян базары-2017» жеңімпазы, өткен жылы «Әлемнің үздік 30 дауысы» тізіміне енген әнші Владислав Сытниктер қатысты.

К.Айдарханованың айтуынша, бұл байқау ең алдымен талантты балаларды анықтауға, мемлекеттер арасындағы мәдени байланысты нығайтуға септігін тигізеді, болашақта «Голос дети», «Славян базар» сынды деңгейі жоғары байқаулар секілді балалар шығармашылығына арналған үлкен фестивальге айналады.

— Бұл байқауға балалардың өнерін бағалауға келіп отырмын. Балалардың арасында жүріп өзімнің бала кезім есіме түсіп отыр, анам мені түрлі байқауларға жетелеп жүрді, анам екеуміз пойызда өмір сүрдік десек те болады. Мұндай масштабы жоғары байқаулар аса қажет. Себебі қазір талантты балалар өте көп, оларды жарыққа шығару керек, — дейді Влад Сытник.

— Ақтөбе — Жұбановтардың өлкесі. Осы жерден қаншама өнерлі адамдар шыққан, қазір де талантты жастар өте көп. Соларды өзіміз тану, көпшілікке таныту, талантты балаларға қолдау көрсету мақсатында ұйымдастырылып отыр бұл байқау. Бұған қоса Ақтөбемізге әлемнің назарын аударуға тырыстық. Сол мақсатымызға жеткен секілдіміз, себебі байқауға әлемнің бірнеше елінен балалар, олардың педагогтары, Димаштың фанаттары келді. Бұл туризмнің де дамуына септігін тигізеді, — дейді «ДимашАли» орталығының мүшесі, әнші Светлана Айтбаева.

Қазылардың бірі Жеңіс Ысқақова байқаудан топ жарған өнерлі балаларға еліміздегі өнер саласындағы оқу орындарына тегін гранттар беру ұсынысын айтты.

Байқауға әлемнің бірнеше елінен 400-ден астам ұсыныс түскен. Оның жиырмасы ғана таңдалып алынды. Солардың бірі — Украинаның Киев қаласынан келген Любовь Гретенко. 11 жастағы әнші бұған дейін де түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындар алған.

— Халықаралық деңгейдегі байқауға қатысуым бірінші рет. Қатысуға өтініш білдірдім, іріктеуден өткенімді естіп, қатты қуандым. Данелия Төлешова мен Димаштың орындауындағы әндерді сүйіп тыңдаймын, екеуімен де кездескеніме өте қуаныштымын, — дейді ол.

Айта кету керек, биыл Ақтөбе облысында Балалар жылы болып жарияланып, жергілікті әкімдік тарапынан «Бақытты бала» жобасы жасалған болатын.  Аталған байқау осы жоба және мемлекеттік «Рухани жаңғыру», «Туған жерге тағзым» бағдарламалары шеңберінде өткізіліп жатыр. Оны облыс әкімдігі мен «ДимашАли» шығармашылық орталығы «QAZAQSTAN» ұлттық арнасының қолдауымен ұйымдастырып отыр.

 Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*