Басты бет » Мәдениет » Ақтөбеге Әселі келді

Ақтөбеге Әселі келді

Қаршадай кезінде әсем биімен Ақтөбесін күллі әлемге танытып, 10-11 жасында жеке шығармашылық кешін өткізген биші, Қазақстан Республикасының мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрінің бас бишісі Әсел Әлібекова Ақтөбе аудандарын аралап, кеш өткізіп жатыр.

Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қолдауымен «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында өткізіліп жатқан Әселдің жеке шығармашылық кештерін тамашалау облыстағы аудан тұрғындарына бұйырды.

Әселдің анасы Ләззат Ниетованың айтуынша, алғашқы кеш 26 мамыр күні Шалқар ауданында өткізілді. Одан кейін Ембі, Қандыағаш, Темір, Кеңқияқ қалаларындағы көрермен Әселдің биін тамашалады.

— Өнер үшін сахнаның үлкен-кішісі жоқ. Өнер иесі үшін көрерменнің көрерменнен айырмасы жоқ. Сондықтан Әсел шығармашылық кеші Астанада өтсе де, ауылда өтсе де, асқан жауапкершілікпен қарайды. Туған жерін, Ақтөбесін сағынып келді, ауылдағы көрерменімен қауышқысы келді. Әселдің аудандарды аралауы 4 маусымға дейін жалғасады. Енді Шұбарқұдық, Ойыл, Қобда, Мәртөк аудандарына барады. Осы кештерді өткізуге қолдау білдіріп отырған облыс әкімшілігіне, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевқа алғысымыз зор. Әселдің кешін өткізіп жүрген өзі жүргізуші, өзі әнші, Қазақстан Республикасының мемлекеттік күзет қызметі Президент оркестрінің мүшесі Әлібек Ізбасаров баламызға да үлкен рақмет, — дейді Ләззат Ниетова.

Биыл қыркүйек айында Астана қаласында Мәдениет және спорт министрлігінің, Ақтөбе облысы мен Астана қаласы әкімдіктерінің қолдауымен Әселдің шығармашылық кеші өтеді. Қазан айында биші Ақтөбеде, Орал, Атырау, Ақтау қалаларында жеке шығармашылық кешін өткізбек.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Бір пікір

  1. Берік Дәндібаев.

    өте тамша өтті көзбен көру ерекше әсер берді рахмет Машбекұлына рахмет Әселге шаба бер өс өн ризамыз

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*