Басты бет » Білім » Түлек, туған жеріңді түлет!

Түлек, туған жеріңді түлет!

Жұма күні Қобда ауылында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында «Түлек, туған жеріңді түлет» атты ІІ түлектер фестивалі өтті.

Басты мақсат — Қобда өңірінен шыққан азаматтардың, түлектердің елге, білім алған мектептеріне деген құрметін, сүйіспеншілігін арттырып, қол ұшын беру.

Соңғы екі жылдықта аудан халқының сүйікті дәстүріне айналған фестивальге облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева, облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Қайрат Отаров, Ойыл ауданының әкімі Дастан Сағыров, сонымен қатар әр жылдағы мектеп түлектері қатысты.  Олардың қатарында бүгінде еліміздің өзге облыстарында, сондай-ақ көрші Ресей, Германия елдерінде тұрып жатқан түлектер де бар.

Аудан мектептерінен білім алып, үлкен өмірге түлеп ұшқан 500-ге жуық түлек алдымен аудан көлемінде бой көтерген ескерткіштермен танысып, саялы саябақтарды, әлеуметтік ғимараттарды аралады. Кейін «Отан-Ана» саябағында ұйымдастырылған түлектер шеруіне қатысты.

Саябақ аумағында өткен шарада мектеп бітірушілердің қуанышымен бөліскен аудан әкімі Мейрамбек Шермағанбет «Алтын белгіден» үміткер түлектерді марапаттап, бірнеше жылдан соң бас қосып, ауданға ат басын бұрған қобдалықтарға өз алғысын білдірді.

Жастар — ел болашағы. Ертеңгі күннің жарқындығы, сәулелі болуы соларға байланысты. Қазақстанның абыройын асқақтатып, көк байрағын көтеретін де — жастар. Ел Президентінің де көздегені — еркін елдің ертеңі — жастардың білім мен еңбек жолындағы қажырлы қайраты. Мемлекет жас ұрпақтың осы заманғы біліммен сусындауына барынша жағдай жасап отыр. Соның бір көрінісі — бүгінгі салтанаты жарасқан жалынды жастар мерекесі. Балалықтың бал дәуренімен қоштасып, алтын ұя мектептен қанат қағып ұшар сәтте түлектеріміз  үшін  есте қаларлықтай  кеш ұйымдастыру  ауданымызда игі дәстүрге айналды. Бүгінгі түлектер — әр шаңырақтың  сенім артқан  аяулы  ұл-қыздары. Олар бойына білім мен өнерді, адамгершілік пен адалдықты, рухани байлық пен ұлттық қасиеттерді сіңіріп, елін сүйер тұлғалы азамат  болып  қалыптасты деп ойлаймын. Киелі Қобда жерінің ұландары ел үшін еңбек етер парасатты  да  өрелі азаматтар болады деп  кәміл сенемін! Қасиетті батырлар елінің, шежірелі өлкеміздің даңқына сай болыңдар! Бүгінгі жастарымыз сияқты кезінде алтын ұя мектептерінен ұшып шығып, бүгінгі күні  еліміздің түкпір-түкпірінде қызмет етіп жүрген  азаматтар да «Туған жерге тағзым» акциясы аясындағы «Түлек, туған жеріңді түлет» фестиваліне қатысып отыр. Туған ауылдары мен мектептеріне қолұшын беріп, қолдау көрсетіп отырған түлектерге ризашылығымды білдіремін.

 Баршаңызды акцияға белсенді атсалысып, туған өлкеміздің өсіп-өркендеуіне, құтты мекенге айналуына  үлес қосуға шақырамын. Алдағы уақытта да өскелең ұрпаққа үлгі тұтар істеріңізбен таныла беріңіздер! — деді аудан басшысы.

Фестивальге арнайы шақырылған облыстық білім басқармасының басшысы Ләззат Оразбаева да өз кезегінде аудан әкіміне алғысын білдіріп, мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тіледі. Түрлі деңгейдегі олимпиада жеңімпаздары алғыс хаттармен марапатталып, сыйлықтар табыс етілді.

Әр жылғы мектеп бітірушілер өздерінің ұшқан ұя білім ордаларына, туған елге деген лебіздерін білдіріп, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында білім алған мектептеріне, туып-өскен ауылдарына  жалпы сомасы 1,5 млн теңге көлемінде сыйлықтар тарту етті.

Түлектер шеруіне қатысушылардың бірі — Гүлназ Сисенова. Бұл күнде облыстың мемлекеттік сатып алулар басқармасын басқарып отырған ол 1998 жылы Қобда ауданының Бегалы орта мектебін бітірген.

— Бүгінгі шараны ұйымдастырып отырған аудан әкімдігіне үлкен ризашылығымызды білдіреміз. Ауыл бізді өсірді, биік белеске шығарды. Ендігі кезек бізде. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Туған жерге тағзым» акциясы аясында біз 10 жыл білім алған Бегалы орта мектебіне қаржылай көмек көрсеттік. Көптен көрмеген сыныптастарымызды, ұстаздарымызды көріп, бір жасап қалдық. Бұл игі бастама алдағы уақытта да жалғасын тапса деген тілегіміз бар, — дейді Гүлназ Сисенова.

Бұл кеште «Отан-Ана» саябағындағы сахнада әсем ән әуеледі. Керемет композициялармен үйлесім тапқан мектеп бітірушілер вальсі көпшілікті тебірентіп, айрықша әсер қалдырды. Шара соңы керемет отшашуға ұласып, би кешімен жалғасын тапты.

Айта кетейік, биылғы жылы аудан мектептерін 184 оқушы бітірді. Олардың 24-і — «Алтын белгіге», ал 16-сы — үздік аттестатқа үміткер.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*