Басты бет » Тарих » Имандылықтың үлгісі болған

Имандылықтың үлгісі болған

Нәубет

Рухани құндылықтар туралы сөз қозғағанда дініміздің сақталуы, имандылық мәселесіне тоқталмай өте алмаймыз.

1850 жылдар шамасында өмірге келген Кәдірберді ахун Есетұлы Алланың ақ жолынан адаспай, жас кезінен қолындағы мал-мүлкін, барлық мүмкіндігін мұсылман баласын оқыту, сауаттандыру жолына жұмсаған. Ол Бұхарада сегіз жыл оқып, діни білім алған. Бұл туралы шатырхаты сақталған. Дін жолында он жеті жыл қызмет еткен тұлғаны ел-халық құрметтеген, алдынан кесе өтпеген, имандылыққа баулыған әңгімелеріне тік тұрған.

Біздің білуімізде, Кәдірберді ахун 1900 жылдан кейін атамекенде — қазіргі Байғанин өңірінде із қалдырған. Бұл кезеңде халыққа танымал Үркімбай хазірет, Сүймембет ишан, Шейхы ахун, Аққұл ишан осы Кәдірбердімен тұстас елге қызмет еткен.

Кәдірберді өте беделді, сөзі өтімді, дәрістері иланымды болғандықтан, біраз адамдар оны іздеп барып дәріс алған. Ол оқу-ағарту жұмысын жүргізу үшін Үстірттің ойға құлайтын Қарағанбосаға тұсына жақын жерде екі бөлмелі мешіт салдырып, адамдарды оқытқан.

Кәдірберді 1900 жылдар шамасында Байғанин ауданы аумағындағы Қарақоға бойына көшіп келеді. Жиделі-Сағыз болысына қарасты мекендегі билік иесі Жаспанға келіп жер сұрайды. Ол «Сағыз бойында орын жоқ, Терісаққан өзенінің Дөңгелексорға жақын жерінен ал» дейді.

Кәдірберді осы жерден мешіт үйін тұрғызып, бала оқытады. Оның шәкірттері ақылды, іскер азаматтар болып өседі.

Кәдірберді қашанда адамдарды имандылыққа уағыздап, бір-біріне мейіріммен қарауға шақырып отырған. Сол арқылы ел тыныштығын, жұртшылықтың ауызбірлігін ойлаған.

1930 жылдан кейін Коммунистік партияның жансыздары жазықсыз адамдарды тұтқындап, әсіресе дін өкілдерін қудалай бастаған тұста Кәдірберді амалсыздан бой тасалап, Қарақалпақстанның Шомалай қаласына қашып кетеді. Кейін сол шаһарда жүргенінде ұсталады. Содан 1932 жылы түрмеге жабылады. Ақыры атылып тынады. Осы өңірдегі Үркімбай және Досжан хазіреттер де қуғынның зардабын тартады.

Кәдірберді аһун атылғаннан кейін де оның ұрпақтары жер ауып, қашып жүреді. Бірқатары ұсталып, сотталады, атылғандары да бар.

Аһунның баласы Жамаладдин 1937 жылы атылса, жас кезінде Уфада оқып, мұқташба діни атағын алған Сражаддин деген ұлы 1940 жылы осындай жазаға ұшырайды. Бердімұрат деген тағы бір баласы түрлі құжатпен қашып жүріп, 1969 жылы ғана айналада тыныштық орнағандай сәтте елге келіп, Байғанин ауданындағы Баршақұм деген жерде мәңгілік тыныс тапты. Нәжімаддин сотталып, артынан Ұлы Отан соғысы кезінде майданға қатысып, елге оралып, кейін абыройлы еңбек еткен.

Қай жерде жүрсе де елді имандылыққа шақырып, айналасындағы адамдардың жүрегіне жылылық дарытқан, ізгілік пен инабаттылық жолын ұстанған, жұртшылықты адалдыққа, сабырлылыққа шақыра білген Кәдірберді аһунды бүгін де ұмытуға қақымыз жоқ.

Оның бір ұрпағы Жәдігер Жамаладдинов ағасы Бердімұраттан, анасы Маңдайдан, Қараш Әбубәкірдің әкесі Дощыдан естіген біраз деректерді жадында сақтап қалған екен. Осы мақаламызда сол әңгімелер желісін де пайдаландық.

Біздің мақсатымыз — өткеннің өнегесін келер ұрпаққа жеткізу, сондай тарих болғанын ұмыттырмау.

Жақсылық СҰЛТАНОВ,

еңбек ардагері.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*