Басты бет » «Бақытты бала» » Бар жақсылық — балаларға!

Бар жақсылық — балаларға!

1 маусым — Халықаралық балаларды қорғау күні. Бұл күн — өміріміздің мәні мен сәніне, базары мен ажарына айналған балапандардың мерекесі.

Облыс әкімінің бастамасымен биылғы жыл Балалар жылы болып жарияланып, осыған орай облыста «Бақытты бала» жобасы жүзеге асырылуда.

Мереке қарсаңында біз биыл облыста балаларға қандай жағдай жасалады, жазғы демалыста оқушылар бос уақытын қалай тиімді өткізетінін білген едік…

«Happylon» бағы немесе РАСУЛДЫҢ АРМАНЫ

Қай кезде де ойын ойнау — әр баланың тілегі, қажеттілігі. Ойын балалардың ойлау қабілетін ашып, оның табиғатқа, өмірге, қоғамға, айналасын тануға деген қызығушылығын арттырады. Балалар ойын арқылы өзіне дос тауып, өз уақытын қызықты өткізеді. Қазақ халқында бұрыннан «ойын баласы» деген ұғым бар. Негізінен, ойын баласы деп мектеп жасына дейінгі балаларды атайды. Бұл жастағы балалар тығылыспақ, асық, санамақ, «мак-мак» ойнаса, мектепке барған балалар көбінесе доппен ойнауға құштар. Алайда бүгінгі күні қаланың да, ауылдың да баласы бұл ойындарды ойнамайды. Одан гөрі ойын алаңдарында жүгіріп, аттракциондарға отырып, ұялы телефон мен теледидардан мультфильм көргенді ұнатады.

Бүгінде Ақтөбе қаласында балаларға арналған ойын алаңдары өте аз. Қала тұрғындары балаларын көбіне «Керуен сити» сауда, ойын-сауық кешеніндегі «Happylon» бағына апарады. Бір жағынан, жабық ғимаратта орналасқандықтан ауа райына қарамастан балалар алаңсыз ойнап, көңілдерін көтереді. Екінші жағынан, ата-аналарға да тиімді, себебі орталықтың ішінде сауда орындары, ас ішетін орындар, кинозалдар бар. Сондай-ақ, «Happylon» бағындағы аттракциондар мен ойын автоматтарының кейбіреулерін балалар ересектермен бірге пайдалана алады. Сонымен қатар қаланың орталығында балаларға арналған аттракцион алаңдары да бар. Мәселен, жаз шыға балалар ата-аналарымен бірге «Нұрдәулет» сауда үйінің алдындағы алаң мен Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақ аумағында орналасқан «Капитан Бриг» ойын-сауық орталығына барады.

Қазіргі таңда «Happylon Ocean Park» бағында ересектер мен балаларға арналған қызықты аттракциондар мен ойын аппараттары бар. Атап айтсақ, бұл жерде 8 ірі аттракцион мен 90 ойын аппараты орналасқан. Сондай-ақ орталықта балаларға арналып туған күн кештері ұйымдастырылады.

Биыл бұл бақта мереке қарсаңында «Happylon-мен бірге бақыт бағын жасақтайық» атты акция ұйымдастырылуда. Акцияға қатысу үшін кез келген бала баққа келіп, «Happylon» білезігін сатып алып, кейін үйінен шықпай-ақ бақыт бағына ағаш егуіне болады. Яғни білезіктен жиналған қаржыны орталық екі еселеп, оны «Happylon» бақыт бағына ағаш көшеттерін сатып алуға және егуге жұмсайды. Аталған акция 21 мамыр мен 21 маусым аралығында жүзеге асырылады. Сондай-ақ бүгінгі күні «Happylon» бағы келушілерге «Бақытты күндер» атты пакетті ұсынады. Пакет балаларға 20-ға жуық аттракцион мен ойын аппараттарында ойнап, көңіл көтеруге мүмкіндік береді.

«Happylon» бағына жиі келушілердің бірі Расул Жанәділ биыл мереке қарсаңында бес жасқа толады. Аттракциондарға отырып, пультті машина «айдағанды» ұнататын Расул болашақта ұшқыш болатынын айтады.

Өскен соң ұшқыш боламын. Атам мен әжемді ұшаққа отырғызып, бүкіл әлемді аралатамын. Мектепке барған соң сабақты жақсы оқитын боламын. Сөйтіп, үлкен азамат болған соң, балаларға арнап осындай ойын алаңдары мен саябақтар саламын, — дейді кішкентай Расул.

Отбасында үш баланың үлкені Расул қазір-ақ қарындастарына қамқор болып жүр. Екі қарындасын қатты жақсы көреді. Үйінде ол өзін «ата-әженің баласымын» дейді. Тілі тәтті, сүйкімді балапан мереке күндері осы бақта туған күнін атап өтпек.

БАҒДАРЛАМА АЯСЫНДА БАЛАЛАР АЛАҢЫ САЛЫНАДЫ

Биыл «Бақытты бала» жобасының 4-топтамасы бойынша алдағы уақытта 160 балалар ойын алаңын, облыс мектептерінің жанынан 70-тен астам спорт алаңын салу, қала және аудандардан шаңғы базаларын ашу, облыс орталығында құрылысы жүргізіліп жатқан аквапаркті пайдалануға беру, балаларға арналған онкогематология корпусы мен облыстық перинаталды орталықты, сондай-ақ 6 жасқа дейінгі балаларға арналған педиатр учаскелерін ашу қарастырылған. Бұл мақсатқа бюджеттен және бюджеттен тыс 1,830 млрд теңге қаржы қарастырылмақ.

Ақтөбе қалалық әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, өткен жылы қала бойынша 88 ойын алаңы салынып, аула алаңын қалыпқа келтіру мақсатында жөндеу жұмыстары жүргізілген. Биыл бұл бағыттағы жұмыстар жалғасуда.

Ақтөбе қалалық тұрғын үй инспекциясы басшысының міндетін атқарушы Ақнұр Қазбаеваның айтуынша, биыл 15 мамыр-1 қыркүйек аралығында Ақтөбе қаласында көппәтерлі тұрғын үй аулаларын кешенді жетілдіру мақсатында «Туған жер туған ауладан басталады» атты бағдарлама жүзеге асырылуда. Бұл бағдарлама қала тұрғындарының аумақты абаттандыру, көгалдандыру және күтіп ұстау жұмыстарына белсенділігін арттыруға және балаларға арналған демалыс орындарының қауіпсіздігі үшін қолайлы жағдайлар жасауға бағытталған.

Бағдарлама екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде бағдарламаға кондоминиум нысандарының басқарушы органдары мынадай жағдайда қатыса алады:

— кондоминиум объектілерінде мемлекеттік тіркеудің болуы – 1 ұпай;

— бағдарламаға қатысу туралы бір аулаға енетін нысан кондоминиумының ортақ келісімі, қатысушылары арасындағы меморандумға қол қоюға жауапты тұлғаны көрсете отырып және үй-жайлар меншік иелерінің жалпы жиналысының шешімімен бекітілген хаттамасының болуы – 1 ұпай;

— екінші деңгейдегі банкте ағымдағы шоттың болуы – 1 ұпай;

— тұрғын үй ауласының жағдайы (орындықтар, қоқыс, кіреберіс есіктері және көгалдандыру) – 1 ұпай;

— аулалық кешенге кіретін кондоминиум нысандарында жылу энергиясын және суық сумен жабдықтауды өлшеу құрылғысының болуы – 1 ұпай;

Нәтижесінде бірінші кезең бойынша 5 ұпай жинаған бағдарламаға қатысушыларға балаларға арналған ойын алаңдарын орнату немесе аула аумағын асфальттау қарастырылған. Сондай-ақ оларға екінші кезеңге қатысуға мүмкіндік беріледі.

Ал екінші кезеңде қатысушылар төмендегідей өлшем бойынша бағаланады:

— кондоминиум нысанында бейнебақылау камераларының болуы – 1 ұпай;

— кіреберістің эстетикалық жағдайы (санитарлық жағдай, сырланған терезелер, пошта жәшіктерінің болуы, хабарландыру стенділері және т.б.) – 1 ұпай;

— тұрғын үй ауласының жобасы, көгалдандыру, автотұрақ, суағар – 1 ұпай;

— CityPost.kz сайтында тіркелу (тоқсандық есеп, тұрғындарға хабарландыру, жеке деректерді толтыру) – 1 ұпай;

— бірыңғай төлем құжаты бойынша келісімшарттың болуы – 1 ұпай;

— кондоминиум нысанын күтіп ұстауға қызмет көрсету үшін сервистік компаниялармен келісімшарттың болуы – 1 ұпай.

Екінші кезеңде 3-5 ұпай жинаған қатысушылар ауланың аумағын асфальттауды, бейнебақылау немесе кіреберіске қозғалыс датчиктерімен қамтылған LED жарықтандыруды таңдайды. 6 ұпай жинаған бағдарламаға қатысушылар ауланың аумағын асфальттап, сондай-ақ бейнебақылау және кіріктірме қозғалыс датчиктерімен қамтылған LED жарықтандыруларды орнатады.

— Қазіргі таңда комиссия «Туған жер туған ауладан басталады» бағдарламасына қатысушылардың аулаларын қарауды бастады. Бүгінгі күні комиссияға 10 көппәтерлі тұрғын үйден бағдарламаға қатысу үшін арыз келіп түсті. Комиссия құрамына кіретін қалалық мәслихат депутаттары, қоғамдық кеңес мүшелері, мемлекеттік және коммуналдық мекеме басшылары және тұрғын үй инспекциясы мамандары комиссияға түскен арыздар бойынша өз жұмысын бастады, — дейді А.Қазбаева.

Оның айтуынша, алдағы уақытта комиссия бағдарламаға қатысушылардың арасында жеңімпазды анықтайды. Осылайша бағдарлама жеңімпаздары қала бойынша балалар алаңын салу, асфальттау, LED шамдарын орнату, сондай-ақ аулаларға бейнебақылау камерасын қондыру жұмыстарын жасайды.

ЖАЗҒЫ ЛАГЕРЬ: 118 МЫҢ ОҚУШЫ, 282 МЛН ТЕҢГЕ

Облыстық білім басқармасының мәліметінше, биыл облыста 118 мың оқушы жазғы лагерьге барады. Осы мақсатқа жергілікті бюджеттен 282 миллион теңге қаржы қарастырылған. Атап айтсақ, қала сыртындағы лагерьге 11 405 оқушы, мектеп жанындағы 293 лагерьге 56 281 оқушы, 166 шатырлы лагерьге 17 486 оқушы, ата-аналар есебінен 33 084 оқушы және еңбекпен 48 975 оқушы қамтылмақ.

Биылғы жылы лагерьлердің қалыпты жұмыс жасауына облыс бюджетінен 112 миллион теңге көлемінде қаражат бөлінген. Сондай-ақ маусым айында мүмкіндігі шектеулі, ерекше балаларды қолдауға бағытталған, Қазақстанда тұңғыш рет жыл бойы жұмыс жасайтын «Күншуақ» сауықтыру-инклюзивті балалар лагері ашылмақ. Аталған лагерьде алты ауысымда көру, есту, тірек-қимыл, интеллект және басқа да ақауы бар 600 бала қамтылмақ.

Биылғы жазғы демалыста Ақтөбе қаласы бойынша 15 шатырлы лагерь жасақталып, онда 1620 бала жазғы демалысын өткізеді. Сондай-ақ Ақтөбе қаласындағы мектептерде оқитын 60 964 бала жазғы лагерьге барады. Ал облыс аудандарына келсек, мысалы, Хромтау ауданында 50 шатырлы лагерь құрылып, онда бес ауысымда 2250 бала қамтылмақ. Ал Алға ауданы бойынша 2787 баланы қамтитын 10 шатырлы лагерь жұмыс жасайды. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыстар өзге аудандарда да қарқынды түрде жүргізілмек.

Облыстық білім басқармасы мамандарының айтуынша, биыл республиканың және облыстың киелі жерлеріне облыстан 5865 оқушыға экскурсия ұйымдастырылады.  Сондай-ақ Ырғыз ауданында орналасқан «Ырғыз-Торғай» республикалық резерватына облыстан 208 оқушы 4 күндік саяхатқа барады. Бұл мақсатта облыс бюджетінен 6 миллион теңге қаржы бөлінген.

Р.S. Балалар — біздің болашағымыз. Сондықтан олардың сапалы білім мен тәрбие алуына, жазғы демалысын тиімді де қызықты өткізуіне жағдай жасау — басты міндеттердің бірі. Қоғамда кез келген бала бақытты болуға лайық. Сол себепті биыл Халықаралық балаларды қорғау күнінде облыс орталығында балаларға арналып мерекелік шеру ұйымдастырылып, көптеген іс-шаралар өткізілмек. Болашағымыз баянды, балаларымыз бақытты болсын! 

                                                                                                       Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*