Басты бет » Білім » Білімнің қарашаңырағы

Білімнің қарашаңырағы

Жарқамыс орта мектебіне 90 жыл

Қазақтың байтақ жерінің қай түкпіріне барсаң да, Жарқамысты білмейтін жан жоқ. Өйткені бұл өңір білімнің қарашаңырағы — Жарқамыс орта мектебінен түлеп ұшқан түлектерімен танымал. Облыстағы ең байырғы білім ұяларының бірі.

Біз мектеп директоры Самалгүл Жиенбаевамен сұхбаттасып, 90 жылдық тарихы бар білім ордасының бүгіні мен өткеніне ой жүгірткенбіз.

Самалгүл Сейілқызы бізге байырғы білім ордасының жай-күйі туралы жан-жақты әңгімелеп берді.

— Шынында да, Жарқамыс орта мектебі — аудандағы білім беру мекемелерінің қарашаңырағы, — деді ол. — Мектеп 1928 жылғы Карл Маркс атындағы шаруа жастар мектебінің негізінде құрылды. Сөйтіп, Жарқамыста бастауыш мектеп шәкірттерге өз есігін ашқан.

Мектеп тарихына қатысты деректерге жүгінсек, 1930-31 жылдары ауданда 40 бірінші басқыш (бастауыш мектептер солай аталған) мектеп жұмыс істеп, оларда 1414 бала оқыды. Оның ішінде ер балалар 1010, қыз балалар саны 404 болған.

1931 – 1932 жылдары колхоздастыру саясатында зорлыққа шыдамаған халықтың көпшілігі Орта Азия республикаларына көше бастады. Қолдан ұйымдастырылған «большевиктік» геноцид салдарынан мыңдаған адамдар аштыққа ұрынып қаза болды.

Бұл жылдары мектептердегі мұғалімдердің біразы жеке басқа табыну сойқанының және де бір-бірін шетелдің тыңшысы деп жау етіп көрсеткен зұлматтың құрбаны болып кетті. Құсан Байлепесов, Қаршығин, Мұрат Құлмағамбетов, Бақтыбай Нұрғалиев, Оспағамбет Нұрмағанбетов, Берікбай Теңелбаев, Ерғали Тілегенов әрқайсысы 10 жылдан түрмеге жабылды. Қартжан Сисенбин 5 жылға сотталды. Бекжан Есетов, Зейнел Мұңайтпасов, Саркетов ату жазасына кесілді. Бұлардың бәрі кейін кінәсіз деп табылып 1990 жылы ақталды.

Карл Маркс атындағы шаруа жастар мектебі 1934 жылы 7 жылдыққа айналды. 1936 жылы Жарқамыс орта мектебі болып аталды. Мектептің алғашқы директоры Хайрулла Маханов болды. 1941-42 оқу жылында мектепте 10 класс ашылды.

Жарқамыс орта мектебінің алғашқы шәкірттері арасында Қазақстанға белгілі тұлға Рабиға Құтқожина болған. Мектебімізде Кеңес Одағының Батыры Қожағали Жазықов, жауынгерлік «Даңқ» орденінің толық иегері Сәрсенғали Ешбаев оқыған.

Жарқамыс орта мектебінің бітірушілер арасында алғаш аттестат алғандар қатарында елге танымал азаматтар Нұрман Қорбин, Княз Сатенова болды. Осы мектептің түлегі болып ұшқандар арасында физика-математика ғылымдарының докторы Назарбай Былиев, Ілияс Тәжмұратов, Нұраш Көпесов, Қалау Бақытов, ақын-жазушылар Бәкір Тәжібаев, Тобық Жармағамбетов, Өтежан Нұрғалиев, Сағи Жиенбаев, Есенбай Дүйсенбаев, Сәбит Баймолдин, Мәди Айымбетов, Ибадулла Сұлтанов, т.б.  бар.

Жарқамыс орта мектебі құрылған уақытынан  бастап оқу материалдық базасы біртіндеп өсу үстінде болған. Мектеп үшін 40-жылдары оқу корпустары, интернат жатақханалары, шеберханалар салынған. Оқу кабинеттері қажетті техникалық көрнекі құралдармен жабдықтала бастаған.

1936 жылы орта мектеп болып құрылғаннан кейін орыс тілін жетік меңгерген Жайылхан Кенетаев 1937-1940 жылдар  аралығында мектеп директоры болып жұмыс жасайды. Ол Мәскеу химия технологиясы техникумын  бітірген. Сондықтан ауданға орыс тілін жетік білетін және химия пәнінен сабақ беретін кадр керек деп қызметке тағайындаған.

Соғыс басталар алдында мектепте Садық Аймағамбетов директор болады. 22 маусым күні Ұлы Отан соғысы басталған кезде еңбек демалысында жүрген барлық мұғалімдер жұмысқа шақырылады. Елді қорғау үшін көбі майданға аттанады. Неміс-фашис басқыншыларымен күреске  Ғани Мырзалин, Жапар Қонақбергенов, Бозша Әділов, Қожағали Жазықов, Оразбай Шанин, Қасым Көптілеуов, Боранқұл Наурызбаев, Жаңабай Мұқашов, Бекберді Қайыров, Аманғос Ешпанов, Әбдірахман Іскендіров, Ғайнаш Ыбыраев, Бәкес Тәжіғұлов, Сұлтан Есенбаев, Қасым Тілегенов, Жайлы Амандықов, Садық Нұрмағамбетов, Марған Мергенбаев, Сейіл Жиенбаев, Мұздақбай Ауқатбаев, т.б.  мұғалімдер майданға аттанды. Осы жылдар мектептердегі жағдай қиындаған. Материалдық база жайын айтпағанның өзінде оқу сапасының деңгейі мақтанарлық болмаған. Өйткені арнаулы білімі бар ер мұғалімдер әскер қатарына алынды. Мектептерде орта білімі барлардың сабақ беруіне тура келген.

Бұл ауыр кезеңде мектептердің мұғалімдері мен оқушылары сабақтан тыс уақытта колхоз шаруашылығына көмек берген. Мектептерде тоқыма үйірмелері ұйымдастырылып, майдандағы жауынгерлерге жылы шұлық, қолғап, киімдер дайындалған. Осы уақытта мектептерде алғашқы әскери дайындық, азаматтық қорғаныс пәндері енгізіліп, жоғары класс оқушыларының әскери дайындығына назар аударылады. Көптеген 10-класс оқушылары патриоттық бастама көтеріп, өздерін майданға дайындап, әскери комиссарға арыз береді.

Кадр тапшылығы жағдайын жеңілдету мақсатында Жарқамыс ауылында аудандық оқу бөлімі жанынан 1 айлық мұғалім дайындайтын курстар ашылады. Сұрапыл жылдары көптеген шәкірттер үлкендер қатарлы еңбек етіп, мектепке, шаруаға  көмек көрсетті. Олардың қатарында Таңбай Медиев, Жұбаш Собалов, Естілеу Құлшынбаев, Михаил Жәленов, т.б. болды. Соғыс жылдарында білім беру саласында көптеген ұстаздар  қиындықтарды жеңе отырып, оқу-тәрбие жұмысын дамытуға еңбек сіңірген. Олардың ішінен Аққияш Қонарбаева, Іңкәш Мырзағұлова секілді мұғалімдерді атауға болады.

Бастауыш мектептер орта мектепке айнала бастағанда соғыс басталды. Және де мектептер әліппелік реформа қиындықтарына тап болды. Бұл 1930 жылдары араб әрпін қолданған  оқушылар үшін ауыр болды. Тіпті мұғалімдердің өзі қайта дайындықтан өтуі керек болғаны жасырын сыр емес. Мысалы, менің әкем Сейіл Жиенбаев 1939 жылы өзінің өмірбаянын латын әрпімен жазған. Мектепті латын әрпінен бастаған оқушылардың көбі жаңа әліппені игеріп те үлгермеген.

Жарқамыста, Доңызтауда, Көктүбекте, Қаражарда, т.б. ауылдарда 7 жылдық мектептер үшін ғимараттар салынады. Құрал-жабдықтар алынады. Аудандағы білім беру ісін дамытуға А.Сейталин, Б.Жалинов, Н.Абатов, Қ.Талдықов, Т.Құлмағанбетов, т.б. мұғалімдер мен басшылар үлес қосты.

Дұшпанға қарсы күресте жауған оққа қарсы кеудесін тосқан сарбаз ұстаздар сан жарақат алып елге келді.  Аяғынан айырылып, балдақпен келгендер де жеткілікті еді. Олар қайтадан ұстаздық іске араласа бастады. Әскерден келгендер Ақтөбе, Орал педагогикалық оқу орындарына түсіп, бірқатары өндірістен қол үзбей, білімін көтерді. Аудан мектептерінде майдангерлер Сейіл Жиенбаев, Бозша Әділов, Бәкес Тәжіғұлов, Қожағали Жазықов, Марат Жамантаев, Өмірзақ Өтепбергенов, Қасым Тілегенов, Мұздақбай Ауқатбаев келіп мұғалімдік жұмысқа кірісті. Барлық мектептерде кадр жағынан толығу процесі жүрді. Алайда, мектептерде жоғары білімді оқытушылардың жеткіліксіздігі сезілген-ді.

1946-47 оқу жылынан бастап мектеп бітіру емтиханын қабылдау екі қалада өтті. Бұның өзіндік қиындығы болды. Мысалы, сол оқу жылында Ақтөбе қаласына барған 16 оқушының ішінен екеуі ғана — Нұрман Қорбин, Княз Сатенова ойдағыдай тапсырған. Қалғаны күзгі сынаққа қалған. Орыс тілі мен әдебиетінен өте алмай қалған. Кейін Темір қаласында да солай болған. Афросимова деген тым қатал ұстаздың сынағынан өту өте қиын екен. Оның түрлі себебі бар, біріншіден, жергілікті мектептерде орыс тілінен сабақ беретін сауатты ұстаздар аз болды. Сондықтан оқушылардың білім деңгейі төмендігін мойындау керек.

1951 жылдан бастап Жарқамыс орта мектебінде жаңа қадамдар жасалды. Ол мектепке  Ниетжан Беріковтың директор болып келуімен байланысты. Іске батыл кіріскен басшы тәжірибелі ұстаздарды жан-жақтан мектепке шақырды. Көршілес Орал қаласынан орыс тілі әдебиет пәнінің оқытушысы З.Ф.Свердликова, химия, биология пәнінің мұғалімі Әсия Әбдірахманова, Украинадан шет тілі пәнінің мұғалімі Нина Черепанова, Ақтөбеден бастауыш класс оқытушылары Лидия Мироносицкая, Рахима Әлмұхамбетова, сол секілді Ойылдан білікті математик Жақия Жүсібалиев, Шалқардан Нұрмұхамбет Тампилов Жарқамыс мектебіне келіп, педагогикалық ұжым толықтай жаңартылды. Кадрлар сапалық білімі жағынан өсті. Бұдан соң мектептерде ауданның түлектері Н.Қорбин, О.Мұңайтпасов, Қ.Тәжбағанбетов, Т.Дүйсенбин, Н.Мұханов, т.б. жоғары білімді мұғалімдер келе бастады. Соның арқасында мектепке мақтаныш болар медалистер шыға бастады.

Жарқамыс орта мектебін күміс және алтын медальмен бітірушілер қатары артты. Алтын медальды Есен Тасыбаев, Сайлаш Сағиева, Аманқазы Жылқыбаев, Бекболат Құлжанов, Зинаида Тәмпіл алса,  қүміс медальға Жолдасбай Жұмағалиев, Атажан Жұбаналин, Атұстар Алдабергенов, Болат Жәумітов  ие болды. Кейін Гүлзия Алпысбаева деген түлегіміз Алтын белгі иегері атанды. Міне, осының бәрі — білікті ұстаздардың еңбегінің нәтижесі. Соның арқасында мектебімізден математик, тарих, физик, әдебиетшілер, ақын-жазушылар көп шықты.

Білікті ұстаз Ниетжан Беріковтың айтуынша, Байғанин ауданынан 92 ғалым, олардың бірқатары ғылым докторлары, көпшілігі ғылым кандидаттары, 24 ақын-жазушы шыққан. Көптеген түлектер басшылық қызметте еңбек етіп танылды. 1950-68 жылдары мектепті алтын-күміс медальмен бітіушілер жыл сайын болып тұрды.  Мысалы, 1963-68 жылдар аралығында  бұл бағытта мектеп үшін жемісті жылдар болғаны шындық.

1968 жылдан күні бүгінге дейін 2 медаль иегері болды. Ұзақ үзіліс. Өйткені кешегі жылдардағы тәжірибелі білікті ұстаздар зейнетке кетті, не жұмыс ауыстырды. Бірақ биыл медальдан бір үміткеріміз бар, соған қуанамыз.

Биыл Жарқамыс орта мектебінің негізі қаланғанына 90 жыл. Оны атап өтуге байланысты комиссия құрылды. Жұмыс істеуде.

Шынайы білім алу кен орнын аршумен бірдей. Ол үшін жерді қазып, тауды қопару керек.  Ізденіс бар жерде — білім бар. Дайын материалдарды қанағат тұту ол жақсы нәтиже бермейді, сондықтан түлектерге айтарым, кемел елдің болашақ маманы болам десе ізденуі қажет.

Тоқсан жылдық жол біздің бұған дейінгі игерген биіктерімізді аласартпауға үндейді. Сол межеден шығуға ұмтыламыз қашанда.

Жазып алған Жақсылық АЙЖАНҰЛЫ,

Байғанин ауданы.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*