Басты бет » Басты жаңалықтар » Кешегі ерліктің табы — бүгінгі елдіктің бағы!

Кешегі ерліктің табы — бүгінгі елдіктің бағы!

Биыл адамзат тарихындағы ең қанқұйлы соғыстағы Ұлы Жеңіске 73 жыл толды. Бұл Жеңіс — халқымыздың қажымас қайратының арқасында келіп, бүгінгі Тәуелсіздігіміздің таңына арқау болған шынайы қуаныш. Сондықтан да біз үшін қашанда киелі ұғым. Десе де, ол күндерден қаншалықты алыстасақ та, сол соғыста танылған ерлік пен аққан тердің, төгілген қанның өтеуі болмақ емес. Ал енді осы жолда жанын пида еткен әрбір сарбаз қандай құрметке болса да сай. Қандай мәртебеге болсын лайық.

Осы орайда, үстіміздегі жылдың 8 мамырында, осы бір қасіреті мен қуанышы қатар жүретін ерекше мейрамның қарсаңында, Ресей Федерациясында, қасиетті Ржев жерінде мәні мен маңызы бөлек, рухани мәртебесі биік, өскелең ұрпақ үшін өте керек үлкен шара өтті. Атап айтқанда, сонау 1942 жылдың қысында дәл осы Ржев түбінде алыстағы Қазақстанда, Ақтөбе жерінде жасақталған әйгілі 100-ші және 101-ші атқыштар бригадаларының қатарында жаумен жанкешті шайқасқа түсіп, ерліктің ерен үлгісін көрсеткен және Отан үшін мерт болған мыңдаған боздақтарға арналған жаңа Мемориал-Ескерткіш салтанатты түрде ашылды.

Сөз жоқ, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың бүгінгі «Рухани жаңғыру» идеясымен тікелей үндесіп, барша қазақстандықтардың бірауызды тілегімен, ақтөбелік жерлестердің күшімен қайта жаңғырған бұл Ескерткіш — сол сұм соғыста болашақтың берекесін, бейбіт өмірдің мерекесін сақтап қалған аға буынның рухына арналған мәңгілік құрмет. Ұрпақтары мен жастардың, аман қалған қарулас ардагер жолдастарының, ерліктерін ешқашанда ұмытпауға ант еткен Ржев жұртшылығы мен бауырлас Ресей халқының тағзымды құрметі. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев жетелеген тәуелсіз Қазақ Елінің Ұлы Жеңіс Сарбазына деген шынайы қошаметінің риясыз көрсеткіші.

Өйткені баршамыздың іштей тілеп, ақтай күтетініміз де сол – белгілісі бар, белгісізі бар мыңдаған боздақтарымыз аңсап өткен, осы жолда құрбан болған бейбіт өмір мен берекелі тіршілік. Ал бар арман-нитемізбен қолдайтынымыз — еліміздің ынытымақты да ымырашыл мемлекеттік саясаты. Оның ойдағыдай жүзеге асып, нәтижесін беруінде мемлекетпен қатар, әрине, оның әр ауыл-аймағы мен қала-өңірінің үлесі зор, әрбір азаматының таласы мол.

Бұл ретте, жоғарыда атап өткен өнегелі шара — Ақтөбе облысы мен барша ақтөбеліктердің «ердің рухын ұлықта, елдің еңсесіне тірек болар» деген баба аманатына беріктігін ғана емес, «ХХІ ғасыр – әлемнің бірлігі мен елдердің достығын орнататын жасампаз уақыт» деген Елбасы мен халқымыздың мақсатына сенімді серіктігін дәлелдеді.

Ең бастысы — бұл қарымды қадам тұтас Қазақ Елінің атынан дүниежүзі мен барша Ресей халқына өткен ортақ тарихымызға, өскелең ұрпақтың тәлімі мен тәрбиесіне ұқыпты һәм биік назарын паш етіп, өзара сыйластық, келісім мен татулық, өзіңе де, өзгеге де құрмет сияқты адамзат құндылықтарын жоғары ұстайтынын көрсете білді.

Өз кезегінде, Ақтөбеден арнайы келген салиқалы да салмақты делегация тарапынан көрсетілген қазақстандықтардың осындай ақ ниетіне дән риза болған ресейліктер — соғыс және еңбек ардагерлері мен зиялы қауым өкілдері, жергілікті тұрғындар мен жастар ақжолтай пікірлері мен ақтарылған алғыс сезімдерін жаудырып жатыр. Әсіресе, Тверь облысының губернаторы И.Руденя мен бір топ майдангерлердің барша қазақстандықтарға деген ыстық ықыласын ерекше атап өту керек.

Осыған байланысты, Қазақстан Республикасының Ресей Федерациясындағы Елшілігі атынан осынау рухани маңызы зор шараны қолдап, Қазақстан мен Ресей арасындағы дос пейіл қарым-қатынасты дамытуға қосқан үлкен үлесі үшін Ақтөбе облысының жұртшылығына және осындай бастаманы қолға алып, іске асырған Бердібек Машбекұлы Сапарбаев бастаған өңір басшылығына ризашылығымызды білдіріп, үлкен алғысымызды жеткіземіз. Ол да болса, Б.Сапарбаевтың қарымды қайраткерлігі мен іскерлігінің, білімділігі мен жоғары ұйымдастырушылық қабілетінің арқасында тұтас еліміздің экономикасында ауыз толтырып айтар жетістіктер мен жетекші көрсеткіштерге жеткен Ақтөбе өңірінің бүгінгі ырыс-берекесі мен ертеңгі әлеуетінің шынайы өлшемі болмақ.

Ендеше, осындай жемісті де жеңісті еңбектің иесі мен киесі — барша ақтөбелік ағайынға, ел алдында Елбасы қойған биік міндеттерді еңсеріп жүрген облыс әкімі мен Ақтөбе облысы әкімдігінің ұжымына зор денсаулық, отбасы-ошақ қасына амандық, елімізге бейбіт өмір мен бақытты ғұмыр тілейміз!

Елі үшін туып, жері үшін мерт болған аталарымыз бен апаларымыздың рухы ұрпақтарын әрқашан да жебеп жүрсін.

Қазақстан Республикасының

Ресей Федерациясындағы

Елшілігі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*