Басты бет » Жаңалықтар » Көшпелі мәжілісте төрт мәселе талқыланды

Көшпелі мәжілісте төрт мәселе талқыланды

Шалқар қаласында облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен облыстық әкімдіктің көшпелі отырысы өтті. Жиынға  облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасарлары мен барлық басқарма басшылары, Ақтөбе қаласы және барлық аудан әкімдері қатысты. 

Жиында төрт мәселе көтерілді. Біріншісі — облыстың төрт айдағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіші. Бұл мәселе  бойынша облыстық экономика және бюджетті жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов баяндама жасады. Төрт айда облыс бюджетіне 36,9 миллиард теңге түскен. Темір, Қарғалы аудандары бойынша түскен қаржы көлемі төмен. Ойыл, Мұғалжар аудандарында да нақты жоспар орындалмай отыр. Байғанин ауданында  ауыл шаруашылығы саласы бойынша бірде-бір инвестиция тартылмаған. Осы ретте басқарма басшысы кәсіпкерлік басқармасы мен аудан әкімдіктері бірлесіп, жүйелі жұмыс істеу керектігін айтты. Баяндаманы мұқият тыңдаған облыс әкімі кейбір жобалар бойынша көрсеткіші төмен аудан әкімдеріне сұрақтар қойып, тапсырмалар берді.

Екінші мәселе — мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізіндегі жобаларды дамыту бойынша облыс әкімінің орнбасары Қайрат Бекенов баяндама жасады. Бұл бағыт бойынша бүгінгі таңда облыста 80 миллиард теңгеге 190 жоба жүзеге асырылып жатыр. Жүзеге асатын жобаның 49 пайызы облыстық денсалық сақтау басқармасына тиесілі.  Бұдан кейін облыстық білім басқармасы, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы  тұр. Ақтөбе қаласында 133 жоба іске асырылуда. Мемлекеттік міндеттемелер бойынша құны 20 миллиард теңге болатын 78 жоба жүзеге аспақ. Алғашқы бес айда екі миллиард  теңгеге бес келісім-шарт жасалған. Сонымен қатар биыл құны 27 миллиард теңге болатын  92 жоба іске асырылады. Оның ішінде денсаулық сақтау саласы бойынша 27 жоба бар.  Ал ауыл шаруашылығы бойынша бір жоба, яғни құны 4 миллиард теңге болатын фермерлерге қызмет көрсету  орталығы іске қосылады. Қарғалы, Темір аудандарында жол құрылысы жүреді.  Биыл Ырғыз, Ойыл аудандарында мемлекет пен жекеменшік серіктестігі негізінде жүзеге асатын жоба жоқ. Мәртөк, Мұғалжар, Әйтеке би аудандарында  бір-бір жобадан ғана бар. Облыс әкімі жобасы жоқ аудан әкімдеріне тапсырмалар берді.

Жиында көтерілген үшінші мәселе — 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мемлекеттік бағдарламасының орындалуы. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев бағдарламаның үшінші кезеңі басталғанын айтты.

Бағдарлама бойынша бірқатар  көзделген іс-шаралар жалғастырылып жатыр. Төрт айдың  қорытындысы бойынша 35 жоспарлы индикатордың  28-і, яғни 80%-ы орындалды. Жүрек, қан-тамыр жүйесі ауруларының өлім-жітім көрсеткіші бойынша жоспарлы индикатор 175,0 болса, осы межеге қол жетті. Республикалық деңгеймен салыстырғанда 12,6%-ға төмендеді. Әлеуметтік маңызы өте жоғары аурудың бірі — туберкулез бойынша да аурушаңдық азайды. Қатерлі  ісік бойынша өлім көрсеткіші өткен жылмен салыстырғанда 2,6%-ға төмендеп, 100 мың тұрғынға есептегенде  70,5-і құрады. Осы көрсеткіштер бойынша бағдарламаның негізгі индикаторына қол жеткізіліп отыр, — деді Әсет Қалиев.

Ана мен бала өлімі, дәрігерлер этикасы және өзге де мәселелер бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Алдағы уақытта медициналық ұйымдардың кадрлық әлеуетін арттыру, позитронды-эмиссиондық томография орталығын ашу, «Check-up» орталығы мен облыстық перинаталдық орталықтың,  туберкулезге қарсы диспансердің құрылысын жалғастыру секілді  жұмыстар жоспарлы түрде  жалғаса береді. Облыс әкімі басқарма басшысына кейбір бас дәрігерлердің тәртібін қарауды қатаң ескертті.

Тұрғындардың арасына дәрігердің үстінен түсетін арыз-шағым таусылатын емес. Неге бас дәрігерлерге шара қолданылмайды? Қызметін дұрыс атқара алмаса, жұмысынан кетуі керек. Қарғалы ауруханасы, облыстық аурухана, №1, №2 қалалық емхана басшыларына неге шара қолданылмайды? Мәртөк аудандық ауруханасының бас дәрігері  орнында тұрмайды екен. Ана мен бала өлімі бас дәрігерлердің салғырттығынан, жауапкершілігінің жоқтығынан болады, — деді облыс әкімі.

Отырыста қаралған соңғы мәселе — Шалқар ауданының экономикалық көрсеткіштері бойынша аудан әкімі Бауыржан Қаниев баяндады.

Соңғы төрт айда аудан бюжетіне салық пен төлемдерден 819,7 миллион теңге  түскен. Өнеркәсіптік өнім өндіру көлемі  —  4 миллиард 185,4 миллион теңге. Ауыл  шаруашылығы саласы бойынша   өнім   көлемі  2 миллиард  219,2 миллион теңгеге жеткен. Шаруашылық құрылымдар осы  салаға барлығы  145,9 миллион теңге инвестиция тартқан. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда  10,4 есеге  артық.

Соңғы жылдары ауданда мал шаруашылығымен айналысатын азаматтардың қатары көбейген. Дәстүрлі емес шаруашылықпен шұғылданатындардың да саны өсіп отыр. Бөдене, қоян, күркетауық өсіріп, шаруасын дөңгелентіп отырғандар бар.

Аудан әкімі Шалқар көлінің проблемасына да тоқталды. Кейінгі жылдары көлдегі балықты көбейтуге күш салынған. Өткен жылы Шалқар көліне 280 мың балық шабағы жіберілсе, биыл да 50 мың дөңмаңдай (толстолоб) балығының шабағын жіберу жоспарланып отыр. Ауданда бау-бақша өнімдерін егетіндер де көбейген. Биыл 457 гектар жерге көкөніс егіліпті. Жалпы бүгінгі таңда ауанда 14 ауыл шаруашылығы кооперативі жұмыс жасаса,  оның 13-і — ет, 1-еуі сүт өндірумен айналысады. Қазіргі күні «Нұралы» шаруа қожалығына қарасты мал сою алаңы мен ет өңдеу цехы іске қосылып, өз жұмыстарын бастап кетті. Цехтың өнімдері «Шалқар еті» брендімен Ақтөбе қаласында сатылып жатыр. Аталған қожалық 3000 бас малға арналған  мал бордақылау алаңын салуда. Етті Иран мен Қытайға экспорттау да жоспарланып отыр.

Облыс әкімі сапар барысында ауданның бірқатар әлеуметтік нысандарын аралағанын айтып, атқарылып жатқан жұмыстарды оң бағалады. Жиын соңында аудан әкімдері мен басқарма басшыларына бес әлеуметтік бастама бойынша тапсырмалар берді.

Кәмшат ҚОПАЕВА

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*