Басты бет » Жаңалықтар » Әлеуметтік салаларға қомақты қаржы бөлінді

Әлеуметтік салаларға қомақты қаржы бөлінді

Мәслихат

Облыстық мәслихаттың кезекті жиырмасыншы сессиясында біраз маңызды мәселелер  қаралды. Ол өткен жылғы облыстық бюджеттің орындалуынан бастап, қоршаған ортаның жағдайы мен аймақта спортты дамытуға дейінгі шараларды қамтыды.

Оның жұмысына облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қатысты. Сессияға облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары, қоғамдық кеңестің мүшелері, қала мен аудандардың мәслихаттарының хатшылары, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері шақырылды. Күн тәртібіне енгізілген он сегіз мәселенің ішінен бірінші кезекте 2017 жылғы бюджеттің орындалуы туралы облыс әкімдігінің есебі тыңдалып, облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаева баяндама жасады. Өткен жылғы облыстық бюджеттің атқарылуын бақылау нәтижелері бойынша облыстың тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлы мәлімдеді.

— Жыл ішінде облыстық бюджет алты рет ұлғаю жағына қарай 33, 5 миллиард теңгеге нақтыланды. 2017 жылмен салыстырғанда әлеуметтік саланың шығыс бөлігі 117,7 пайызға өсті, бұл жалпы шығыстың 44 пайызын құрайды. Мемлекеттік қаржы басқарудағы басқарманың маңызды міндетінің бірі — бұл кірістердің орындау жоспарын қамтамасыз ету. Айта кетсек, өткен жылы облыстың бюджет кірістері 108 пайыз немесе 1, 4 миллиард теңгеге жоспардан артық орындалды. 2016 жылмен салыстырғанда 14 миллиард теңгеге артық. Өсу қарқыны 108 пайыз құрады, — деп атап көрсетті қаржы басқармасының басшысы.

Баяндамада 2016 жылғы 12 желтоқсанда бекітілген және барысында нақтыланған 2017-2019 жылдарға арналған облыстық бюджет туралы облыстық бюджеттің шешімі, нақтыланған көрсеткіштерден, кірістер бойынша 100,9 пайызға, алынған ресми трансферттер бойынша 100 пайызға орындалғаны мәлім болды. Сондай-ақ өткен жылғы облыстық бюджеттің түзетумен жосапарланған 151 миллиард теңге шығыс бөлігі толық орындалған. Қаражаттардың басым бөлігі өткен жылы білім беру, денсаулық сақтау, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ерекше қорғалған табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары салаларына жұмсалған.

Сонымен бірге, ағымдағы жылы республикалық және жергілікті бюджеттен бөлінген бюджеттік несиелер 19,5 миллиард теңге қаржының толық игерілгені, республикалық бюджеттен облыстық бюджетке 6 миллиард теңгеге жуық несие бөлінгені белгілі болды.

Жалпы өңірдің дамуы әлеуметтік-экономикалық дамудың оң динамикасын көрсетеді. Облыс экономикасының өсуі бұған нақты мысал бола алады. Негізгі капиталға салынған инвестициялардың өсу, жекелеген өнеркәсіп салаларында өндірістің ұлғаюы, шағын және орта кәсіпкерлік  субъектілерінің белсенділігінің жоғарылауы байқалады.

— Бұған дейін тұрақты комиссияның отырысында толық баяндама жасап, депутаттардың көптеген сұрақтарына жауап бердім. Сондықтан бұл жолы қысқаша баяндап өтпекпін. Тексеру комиссиясымен 2017 жылы 8 аудиторлық іс-шаралар өткізілді. Аудиторлық іс-шаралармен130 объект тексерілді. Аудиторлық қамтылған қаражаттың көлемі 176, 4 миллиард теңге, анықталған олқылықтардың  көлемі 34,5 милиард теңге, қалпына келтіруге жататын 4,5 миллиард теңгенің 4,4 миллиард теңгесі қалпына келтірілді, — деді Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы. Баяндамашы аудиторлық тексерудің нәтижелеріне тоқтала келіп, қала мен аудандарда бюджет қаржыларын тиімсіз пайдалануға жол беру фактілерінің де орын алғанын атап өтті.

Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Құсайын Сәрсенбай сессияда еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының  аймақта іске асырылу барысы туралы хабарлады. Басқарма басшысының сөзіне қарағанда, аталған міндеттерді жүзеге асыру бойынша облыста кешенді шаралар қарастырылып, елеулі нәтижелерге қол жеткізілуде. Мәселен, өткен жылдың қорытындысы бойынша 200,8 миллиард теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндірілді. Ал үстіміздегі жылдың сәуіріне бұл көрсеткіш 30 миллиард теңге құрады. Бұл өткен жылғы тиісті кезеңмен салыстырғанда жоғары.  Ағымдағы жылдың 1 сәуіріне 202 ауылшаруашылық  кооперативі құрылып, оның құрамына 5179 жеке қосалқы шаруашылық, 119 фермерлік шаруашылық және 30 заңды тұлға біріктіріліп, 7930 үй шаруашылығы  жұмысқа тартылды.

— Өткен жылы 81 ауылшаруашылық кооперативіне инвестициялық субсидия төленді. Жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы бойынша облысқа 2,3 миллиард теңге бөлініп, нәтижесінде кооперативтер 39 сүт және ет таситын көлікпен, 11 мал сою бекеті және 18 сүт қабылдау пунктімен қамтамасыз етілді. Жаңа 624 жұмыс орны ашылды, — деді басқарма басшысы. Сондай-ақ ол көктемгі далалық жұмыстардың барысын, оған ауыл шаруашылығы техникаларының дайындығын, жанар-жағармаймен қамтылу жайын баяндады.

Осы сессияда облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Олжас Смағұлов екі мәселе бойынша баяндама жасап, бюджетке енгізілген өзгерістер мен толықтырулар туралы және Ақтөбе агломерациясын дамытуға байланысты жоспарлар жөнінде айтып өтті. Ұсынылған облыстық бюджетке нақтылау 2 752 791,0 мың теңге құрайды. Бұл қаражат негізінен әлеуметтік бағыттарға пайдаланылады. Елеулі бөлігі облыстық маңыздағы жолдарды жөндеуге, сондай-ақ Ақтөбе қаласының көлік инфрақұрылымына жұмсалады. Енді бір бөлігі қаланың «Нұр Ақтөбе» шағын ауданын көріктендіруге, Тұңғыш Президент атындағы ортылық саябақты кеңейтуге, Алға, Байғанин, Шалқар және Ойыл аудандарындағы төрт мектептің құрылысын жалғастыруға бағытталады. Кәсіпкерлікті дамытуға, денсаулық сақтау, «Бақытты бала» жобасын, басқа да басым бағыттарды жүзеге асыруға да қаржы қаралған.

Ақтөбе агломерациясын дамыту жөніндегі іс-шаралар жоспарына тоқталған кезде, Олжас Смағұлов  Ақтөбе агломерациясын қалыптастырудың екі кезеңмен жүзеге асырылатын 2030 жылға дейінгі ұзақ мерізімді жоспарына жан-жақты талдау жасады.

— Ақтөбе агломерациясын құрудағы басты міндет — халықтың тұрмыс жағдайын жақсарту. Орасан ауқымды бұл жобаны жүзеге асыруға байланысты біз таяудағы жеті жылдың ішінде оған триллион теңгеге жуық қаржы тартуды ұсынып отырмыз. Қаржының қомақты бөлігі жеке инвестиция мен республикалық бюджеттен келеді, — деді басқарма басшысы.

Ақтөбе агломерациясының құрамына Ақтөбе қаласы мен облыстың бес ауданынан 112 елді қоныс кіреді.

Сессияның қорытындысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев  депутаттарға облыс әкімдігінің ұсыныстарына қолдау көрсеткені үшін алғысын білдірді.

— Мектептердің құрылысы, көлік жолдары немесе коммуналдық желілер жүргізу қыруар қаржыны қажет етеді. Мұндай проблемалық мәселелерді біз салық базасын мейлінше кеңейтіп, қосымша төлемдерді қамтамасыз еткенде ғана тезірек шеше аламыз. Бірге жұмыс істесек, аймағымызды көркейтіп, облыс тұрғындары алдындағы міндеттемелерімізді орындаймыз, — деп түйді сөзін облыс басшысы.

Осы сессияда депутаттар жергілікті полиция қызметінің бастығы Қаныбек Жақсығалиевті қызметінен босатуға келісімдерін берді.  Енді ол Ішкі істер министрлігінің  бір департаментін басқаратын болады. Облыс әкімі полиция басшысының қызметіне жоға баға беріп, Алғыс хат тапсырды. Жергілікті полиция қызметінің бір нәтижесі — өткен жылы жасөспірімдер арасындағы қылмыс 10-15 пайыз азайған.

Сессияда Дмитрий Довматенко,  Гүлжанат Ерғазина, Жеңіскүл Мұхамбетпайызова, Аркадий Ни, Сергей Вишняк депутаттық сауалдарын жария етті.

Күн тәртібіндегі қаралған барлық мәселелер бойынша сессия шешімдер қабылдады.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*