Басты бет » Жаңалықтар » Республикалық топтың Ақтөбедегі жұмысы бір аптаға жалғасады

Республикалық топтың Ақтөбедегі жұмысы бір аптаға жалғасады

Кеше облыс әкімдігі ғимаратында Ақтөбеге жұмыс сапарымен келген Мемлекеттік рәміздер жөніндегі республикалық инспекциялық топ өкілдерінің қатысуымен мәжіліс өтті. Аталған топ облыстағы Мемлекеттің басты нышандарының қойылу һәм пайдалану тәртібінің қандай дәрежеде орындалып жатқанын тексеретін болады.

Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиевтің төрағалығымен өткен жиында алдымен өңірде Мемлекеттік Ту, Елтаңба және Әнұранның қалай ұлықталатыны, кез келген маңызды шараның оларсыз өтпейтіні айтылды. Сондай-ақ, өскелең ұрпаққа үлгі ету мақсатында Мемлекеттік рәміздерге қатысты түрлі танымдық шаралардың жиі өткізіліп тұратыны баян етілді. Осыдан үш жыл бұрын Ақтөбеге келген аталған инспекциялық топты бұл жолы ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің тіл саясаты және геральдикалық қызмет басқармасының басшысы Жомартбек Айменов бастап келді. Астанадан келген республикалық комиссия бір апта көлемінде тек қаланы ғана емес, аудандарды да аралап, мемлекеттік мекеме ғимараттарының қасбетінде аталған белгілердің қалай орнатылғанын бағамдайтын болады.

— Астанадан келген инспекциялық топ Ақтөбеде бір апта көлемінде аялдайды. Олар кез келген мекемеге баруы  мүмкін. Басты мақсат — Мемлекеттік рәміздердің пайдалану ретін тексеру.  Егер кемшіліктер анықтаса, дереу соны түзеуге атсалысыңыздар. Әрине, жұмыс жүргізіліп жатқаннан соң белгілі бір кемшіліктер ұшырасуы мүмкін. Бірақ өрескел қателіктер болмайды деп ойлаймын. Өйткені бұған қатысты іс-шаралар облыс деңгейінде ұдайы атқарылып жатыр, — деген Ербол Нұрғалиев жиынды бейнебайланыс арқылы көріп отырған аудан әкімдеріне де дайын болу керектігін ескертті.

Өз сөзінде Жомартбек Айменов бұл топтың еліміздегі облыстарды осылай аралауы дәстүрге айналғанын, жоспарға сай қараша айында қорытынды есепте барлығының жіті талданатынын атап өтті. Сонымен бірге, арнаулы инспекциялық топтың төрағасы рейд барысында тек Мемлекеттік рәміздер ғана емес, оған қатысты құжаттардың да назардан тыс қалмайтынын қосты.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*