Басты бет » Құқық » Салықтан жалтарсаң, жазаланасың!

Салықтан жалтарсаң, жазаланасың!

Ақтөбе облысы бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті бірінші тоқсандағы жұмысын қорытындылады. Облыстық өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында аталған департамент басшысы Айбек Паяев жыл басынан бергі үш айда істелген салықтық және кедендік әкімшілендіру, экономикалық тергеу қызметі жұмысы туралы мағлұмат берді.

Айбек Паяевтің айтуынша, бірінші тоқсанда мемлекеттік кірістер органдары қазынаны шамамен 123,5 млрд теңге қаражатпен толтырған. Сәйкесінше жоспар 145,8 пайызға орындалған.

— Өткен жылғы осы кезеңмен салыстырғанда кіріс көлемі 55,7 пайызға жоғарылап отыр немесе 22,9 миллиард теңгеге артық. Оның ішінде республикалық бюджет бойынша жоспар 107,3 пайызға, жергілікті бюджет бойынша 139,3 пайызға артты.Бір сөзбен айтқанда, бюджетке кіріс түсіру жұмысы сапалы жүргізіліп келеді. Бұған қоса аталған салада бірқатар реформа болды, жыл басында жаңа салық, кеден кодекстері қабылданды. Жаңа құжаттар жұмысты автоматтандыруға септігін тигізіп отыр. Мысалы, жақында кедендік рәсімдер бойынша «Астана-1» аталатын ақпараттық жүйені іске қостық. Бұл кәсіпкерлер үшін өте ыңғайлы, яғни, алдын-ала ақпаратты ұсынған сәттен бастап тауарды шығарғаннан кейін де кедендік процесті үйде отырып бақылай алады. Жұмыстың барлығы автоматтандырылған. Аталған ақпараттық жүйе кедендік рәсімдердің тиімділігін арттырумен бірге сыртқы экономикалық қызметке қатысушы мен кеден органы арасында тікелей байланысты барынша азайтады, бұл сыбайлас жемқорлықтың деңгейін төмендетуге септігін тигізеді, — дейді А.Паяев.

Жаңа реформаларға байланысты кәсіпкерлерді бүгінде үшке бөлу қарастырылған, олар — жасыл,сары және қызыл аймақтағы кәсіпкерлер. Жасыл аймақтағы кәсіпкерлер — заң талаптарын орындайтын, ешқандай құқық бұзусыз жұмыс істейтін кәсіпкерлер. Сары аймақтағылар — ара-тұра білместікпен заң талаптарын бұзатын, бірақ кейін кемшіліктерді жоюға бар күшін салатындар. Ал біле тұра заңды белінен басып, контрабандамен айналысатын, онысымен қоймай, салықтан жалтаратындар үшінші —  қызыл аймаққа жатқызылады.

— Заңды бұзатын кәсіпкерлермен тиісті жұмыстар жүргіземіз, тексерулер ұйымдастырылады. Қажет жағдайда қылмыстық іс қозғаймыз. Бұған қоса экономикалық тергеу саласы да біздің құзырымызда. Реформаларға байланысты, кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастыру мақсатында жалған кәсіпкерлікпен айналысқаны үшін жазаға тарту бабы қылмыстық кодекстен алынып тасталды. Оның орнына салықтан жалтарушыларды тәртіпке келтіру жөніндегі 216-бап бар. Бүгінде бұл бағытта да жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатыр, — дейді А.Паяев.

Жұмыс сапасын жақсарту мақсатында қоғамдық-көпшілік шаралар да ұйымдастырылады. Мәселен, 21 мамырдан 30 қаңтарға дейінгі аралықта халық арасында «Чек талап етіп, жүлде ұтып ал!» атты акция өткізіледі. Акция жеңімпазына автомобиль тігілді.

Өткен жылы Ақтөбе облысы бюджетке кіріс түсіру көрсеткіші жөнінен республикада төртінші орында болды. Облыстық департамент басшылығы биыл да сол деңгейден төмен түспейміз деп сендіріп отыр.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*