Басты бет » Жастар » Жас келіндер мектебі ашылды

Жас келіндер мектебі ашылды

Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің «Тарих» факультетінде «Жас келіндер мектебі» деген атаумен жаңа орталық ашылды.

Басты мақсат — қазақ халқының ұлттық негіздегі тәрбиесін насихаттап, болашақ жас келіндерге отбасы құндылықтарын түсіндіру. Қоғамдағы ене мен келін арасындағы түсініспеушілік, ажырасу секілді бүгінгі күннің басты мәселелерінің алдын алу.

Факультет жанында құрылған орталықтың ашылуына  облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Ақмарал Хон, Т.Досымов атындағы республикалық қордың директоры, кәсіпкер-меценат Бижан Қалмағанбетов, «Шолпы» клубының жетекшісі Алмагүл Сарыбай, рухани-танымдық «Үш таған» журналының бас редакторы Бақыт Жаншаева қатысты.

Орталық лентасын факультет деканы Гүлмира Көпенова мен бұл күнде 6 баласын үй қылып, жиырма немеренің әжесі атанып отырған Жібек Абдуллина қиды.

«Жас келіндер мектебінің» жетекшісі, тарих ғылымдарының кандидаты Жазира Оразаева қазіргі қоғам үшін осындай орталықтардың керектігін айтады.

Қыз тәрбиесі — барша қауымның міндеті. Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ұлттық дәстүрімізді насихаттай отырып, болашақ қазақ келіндеріне бағыт-бағдар беру мақсатында факультет жанынан «Жас келіндер мектебін» ашып отырмыз. Бұл жерде дәрістер тегін жүргізіледі. Сабақ барысында қазақ халқының ұлттық ас мәзірін дайындау, ою ойып, құрақ құрау секілді болашақ әр қазақ келініне міндеттелген жұмыстарды жасайтын боламыз, — дейді Жазира Оразаева.

Жас келіндер мектебіне жасы 18-ден асқан қыз балалар, тұрмыс құрған студент-келіншектер қатыса алады.

— Әзірге мектеп мүшелерімен айына бір рет кездесу жоспарланған. Алдағы уақытта орталықтың ауқымын кеңейтіп, жұмыс кестесін өзгерткіміз келеді. Жас келіндер мектебіне мүше болғысы келетін қыздардың қарасы көп. Оларға дәрісті көпті көрген тәжірибелі ұстаздар, алтын құрсақты аналар дәріс жүргізеді. Оқу жылының соныңда мектеп түлектері арнайы сертификаттар алатын болады, — дейді орталық жетекшісі.

Шара соңында Т.Досымов атындағы республикалық қордың директоры, кәсіпкер-меценат Бижан Қалмағанбетов жас келіндер мектебіне рухани-танымдық «Үш таған» журналына 1 жылдық тегін жазылу түбіртегін тарту етті.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*