Басты бет » Мәдениет » «Снайпер» — Әлияның ерлігіне арналған пьеса

«Снайпер» — Әлияның ерлігіне арналған пьеса

Жұма күні Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театры сахнасында Сая Қасымбектің «Снайпер» музыкалық драмасының премьерасы өтті. Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Әлия Молдағұловаға арналған пьесаның қоюшы-режиссері — Мұқанғали Томанов.

Пьеса реквием түрінде қойылған. Әлияның басынан кешкен бірнеше оқиғасы қамтылатын туындыда оның адами болмысына, әсіресе, соғысқа енді қосылған кезеңдердегі хал-ахуалына басымдық берілген. Тағы бір ерекшелігі — қазақ және орыс тілдеріне қатар ұсынылып, соғыс тақырыбындағы әндер шырқалады. Осы орайда басты рөлдегі Әлияның (Әдемі Нәжімеденова), зағип медбике (Әсем Құсайынова) мен жаралы ұшқыштың (Абзал Құдайбергенов) ойындары ерекше сенімді шыққанын айтпай кетуге болмайды. Өз кезегінде «Снайпердің» қоюшы-режиссері пьесаны жаңаша бағытта қоюға тырысқанын айтады.

— Спектакльге қазақ және орыс труппалары бірге атсалысады. Орыс тіліндегі нұсқасында да солай. Әу бастан осындай бірлескен жұмысты ұсынамыз деп уағдаласқанбыз. Қойылымды сахналауға бір айға жуық уақыт кетті, — дейді Атырау облыстық мемлекеттік академиялық театрдың бас режиссері Мұқанғали Томанов.

Ал драматург, Ж.Шанин атындағы облыстық қазақ драма театрының әдебиет бөлімінің меңгерушісі Сая Қасымбек шығармашылық топтың ешқайсысы соғысты көрмегеніне шүкіршілік етіп, сөйте тұра актерлердің бәрі құдды бір жауға қарсы шапқандай, кәнігі майдан даласында жүргендей өнер көрсеткенін атап өтті.

Ахтанов театрының директоры Нұрхан Кәдірбаевтың айтуынша, «Снайпер» — 7 пьесаның арасынан арнаулы байқау арқылы таңдап алынған. Өз сөзінде ол көрермендерге алдымен Әлияның жан күйзелісін көрсетуге тырысқанын қосты.

…Ақтөбеден шыққан батыр қызға арналған спектакльдер соншалықты көп болмаса да, бірлі-жарымы жер-жерде қойылып жүр. Десе де, «Снайпер» пьесасының мазмұны бөлек, қойылу формасы басқа… Қызғалдақтай ерте солған ғұмыр иесінің майдандағы жан тебіренісіне қанық болғыңыз келсе, Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрына қарай асығыңыз!

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*