Басты бет » Жаңалықтар » Астана күндері аяқталды, ендігі кезек — орынборлықтарда

Астана күндері аяқталды, ендігі кезек — орынборлықтарда

Облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиында әлеуметтік кәсіпкерлік форумының қорытындысы қаралды.

11 мамырда өткен «Әлеуметтік мәселелерді шешудегі мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйымдар серіктестігі» атты бірінші халықаралық форум Қазақстан, Израиль, Түркия, Польша, Ресей, Грузия мен Қырғызстан елдерінің сарапшыларын, қоғам қайраткерлерін жинады.

Форумның қорытындысы бойынша әлеуметтік кәсіпкерлікті әрі қарай дамытудың алты меморандумына қол қойылды. Атап айтқанда, облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Анар Даржанова хабарлағандай, Түркияның әлеуметтік кәсіпорындар альянсымен, поляктың экономика университетімен, израильдік «МАШАВ» халықаралық орталығымен, қырғызстандық әлеуметтік кәсіпкерлік мектебімен, Израильдің «Хашмекем» әлеуметтік жағынан жауапты кәсіпкерлігімен серіктестік туралы меморандумдарға қол қойылды.

Баяндаманы тыңдап шыққан облыс әкімі форумды ұйымдастыру деңгейі мен шараның алғашқы нәтижелеріне жоғары баға беріп, тікелей ұйымдастырушылары — Қазақстанның іскер әйелдер қауымдастығының мүшелеріне алғысын білдірді.

— Форум аясында алынған тәжірибе мен білімді облыстың аудандары мен ауылдық жерлеріне жеткізу қажет. Әлеуметтік кәсіпкерлікті белсенді дамыту көптеген проблемалық мәселелерді күн тәртібінен алуға мүмкіндік береді. Біріншіден, ол жұмыссыздық проблемасын шешеді, — деп атап өтті облыс әкімі аймақтық «Атамекен» кәсіпкерлер палатасын белсенді атсалысуға шақырып.

Жиын барысында сондай-ақ 12-14 мамырда облыста өткен Астана күндерінің нәтижелері талқыланды.

— Астана күндері аясында барлығы шамамен 9000 адамның қатысуымен 20 іс-шара өткізілді, — деді облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев. Соның ішінде, Астана мен Ақтөбе облысының арасындағы ынтымақтастықты дамыту, тауар айналымын кеңейту және «ақылды» қаланы басқару технологиясын жүзеге асыру бойынша тәжірибе алмасу мақсатындағы бизнес-форум аясында тоғыз меморандумға қол қойылды.

Алдағы 18-19 мамырда Ақтөбеде Орынбор күндері өтеді. Бердібек Сапарбаев мұндай шараларды мәдени байланыстарды нығайту ғана емес, сондай-ақ тәжірибе алмасу, экономиканың барлық салаларында ынтымақтастықты, денсаулық сақтау білім, ауыл шаруашылығы және т.б. үшін барынша пайдалануды тапсырды.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*