Басты бет » Әлеумет » Әр сәбиге арналып бір-бір ағаш егіледі

Әр сәбиге арналып бір-бір ағаш егіледі

Акция

15 мамыр — Халықаралық отбасы күніне және облыс әкімінің бастамасымен қолға алынған «Бақытты бала» жобасы аясында Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испановтың атынан дүниеге келген сәбилердің ата-аналарына құттықтау сертификаттары тапсырылды.  

Ақтөбе қаласы әкімінің орынбасары Күлпаршын Айдарханова мен қалалық  азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінің басшысы Валентина Мамбетова Ақтөбе медициналық орталығына барды. Ата-аналарды Халықаралық отбасы күнімен құттықтап, оларға  қала әкімі І.Испановтың атынан туу туралы құттықтау сертификаттарын табыс етті.

Бұндай шара Қарғалы қалалық ауруханасында және облыстық перинаталдық орталықта жалғасты.

Сондай-ақ бұл күні  «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында  «Әр сәбиге — бір ағаш» атты  акция өтті. Мақсат — қаланы көгалдандыру, салауатты өмір салтын ұстануға көпшілікті шақыру. Жаңа туған сәбилердің құрметіне ағаш егу жұмысы ҚР Тұңғыш Президенті атындағы саябақта «Сәбилер аллеясы» үшін  бөлінген жерде өтті. Әр ағашқа ата-ана мен сәбидің аты-жөні жазылған. Жылдар өте келе бұл ағаш отбасының қуанышты оқиғасын есіне түсіретін естелік болып қалмақ.

Жалпы өткен жылы Ақтөбе қаласында  12 514 бала өмірге келсе, жыл басынан осы күнге дейін 4170 сәби дүние есігін ашқан.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*