Басты бет » Жаңалықтар » Орынбор аллеясы ашылады

Орынбор аллеясы ашылады

Елордамыздың 20 жылдығы аясында өтетін Ақтөбедегі Орынбор облысының күндерінің бағдарламасы ауқымды. Екі күн ішінде қала тұрғындары  Орынбор облысының туристік мүмкіндіктерімен, жаңа медициналық технологияларымен, «жасыл» экономиканың жетістіктерімен таныса алады. Сондай-ақ екі облыс арасында іскерлік байланыстар орнатылмақ. Бұл туралы Ақтөбе облысының өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында Орынбор облыстық сыртқы халықаралық ынтымақтастық басқармасы басшысының орынбасары Александр Дьяченко баяндады.  

Жиынға қатысқан облыстық сыртқы байланыстар және туризм басқармасы басшысының орынбасары Алмас Салықбаев:

— Ақтөбеде 18-19 мамыр аралығында Орынбор облысының күндері өтеді. Алғашқы күні туризм және медицина, білім салалары бойынша іс-шаралар жоспары бекітілді. Біз Орынбор облысындағы туризм саласының операторларымен бірге 18 мамыр күні сағат 11.00-де «Дастан» қонақүйінің конференц-залында брифинг өткіземіз. Жиында екі облыс арасындағы туризм саласын дамыту мәселелері қаралып, туристік салалық өнімдердің тұсаукесері өтеді, — деді.

Орынборлықтардың ақтөбеліктер үшін әзірлеген ауқымды бағдарламасының маңызды бөлігі медицина саласына қатысты. Яғни, осы саладағы жаңа технологиялар туралы шеберлік сағаттары болады, көз микрохирургиясы бойынша тегін қабылдаулар ұйымдастырылмақ. Шара 18-мамырда Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта өтеді.

Қала тұрғындары Орынбордың музыкалық комедиялық театры әзірлеген «Дубровский» мюзиклын Өнер орталығында тамашалай алады. Сондай-ақ этнокөрме, қолөнер шеберлерінің жәрмеңкесі, қызықты концерттік бағдарламалар ұсынылады.

19 мамыр күні Орынбор облысының ресми делегациясымен кездесулер басталады. Көршілес облыс сауда-экономикалық және инвестициялық мүмкіндіктерін, сонымен қатар өнеркәсіптік, аграрлық және стратегиялық ынтымақтастықтағы бірлескен жобаларды ұсынбақ. Бұл күні сағат 12.00-де Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта Орынбор облысы күндерінің салтанатты ашылу рәсімі өтеді. Шараға екі өңірдің басшылары Бердібек Сапарбаев пен Юрий Берг қатысады. — Орынбор облысының күндері аясында кәсіби өнер ұжымдарының ауқымды концерті, студенттік шығармашылық фестивалі, халық шығармашылығының көрмесі мен жәрмеңкелер ұйымдастырылады.

Ақтөбенің Батыс-2 ауданындағы көп қабатты үйдің қабырғасына екі елдің атақты музыканттары Ахмет Жұбанов пен Мстислсав Растроповичтің  суретін салу жоспарлануда, — деді Александр Дьяченко.

Сондай-ақ оның айтуынша, Ақтөбеде Орынбор аллеясы да ашылмақ. Мұнда түрлі ағаштардың көшеттері егіліп, кейіннен халық демалатын, қаламыздың көрікті орындарының біріне айналмақ.

Ақтөбедегі Орынбор облысының күндері Өнер орталығы ғимаратында өтетін гала-концертпен аяқталады. Мұнда Орынбор мемлекеттік академиялық орыс халық хоры, Ресейдің еңбек сіңірген артисі Юлия Учватова, музыкалық комедия театрының солистері, «Бала дауысы — 2018» жобасының жеңімпазы Рутгер Гарехт, т.б. өнер көрсетеді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*