Басты бет » Тарих » Алғашқы балқымалар немесе металлургтер жеңісі

Алғашқы балқымалар немесе металлургтер жеңісі

Үшінші бесжылдықтың жоспары бойынша КСРО-да жоғары сапалы қоспалы шойын шығаруды екі есеге ұлғайту міндеті тұрды, ол үшін ферроқорытпа өндірісін ұлғайту талап етілді. Хромтау кенішінің жұмысы қалыпты жүйеге көшкеннен кейін, ел басшылығы сол шикізат базасымен бір қатарда ферроқорытпа зауыты құрылысын жүргізуді жөн деп тапты. 

1939 жылдың күзінде Ақтөбеге үкіметтік комиссия келді, облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Яков Петрович Иночкинге қазақстандық варианттың артықшылығы туралы иландырудың мүмкіндігі туды. Нәтижесінде КСРО Қара металлургия халық комиссариатының техникалық кеңесі 1939 жылдың 17 қарашасында Ақтөбе ферроқорытпа зауыты мен жылуэлектр орталығының құрылысына жобалық тапсырманы бекітті.

Келесі жылдың басында шетсіз-шексіз дала төсінде құрылыс басталып та кетті. Алғашқы күннен-ақ бүкіл ұжым мүшелері қызу еңбек етті. Мысалы, М. Вихляевтың слесарьлар мен мотористерден тұратын комсомол бригадасы маусым айының тапсырмасын 114%-ға, тамыздың межесін – 133%-ға орындады. Н. Орлов пен А. Кругляковтың өндірістік бригадалары жоғары деңгейден көрінді.

Алып құрылыспен бір мезгілде ағаш тілгіш, бетон зауыты, зауыттың қоймалары мен корпустары іске қосыла бастады. Объектілерге бетонды атқа жегілген вагонеткалармен жеткізіп тұрды. Цех қаңқаларының металл және темірбетон колонналары сол жерде дайындалған кабель-крандар көмегімен орнатылды. Қатты аяз бен өңменнен өткен суық жел құрылысшылардың жұмысын тоқтата алған жоқ. Қырықыншы жылдардың соңында зауыттың басты нысаны — бірінші балқыту цехының жер қазу және бетондық жұмыстары басталып та кетті.

Бейбіт күннің жоспарын бір сәтте соғыс өрті бұзып кетті. Құрылыс басшылары да, жұмысшылары да майданға өз еріктерімен аттанып жатты. Елдегілердің барлығы да жұмыстың күшейтілген кестесіне көшті.

Қорғаныс комитеті құрылысшылар ұжымынан барлық күш-жігерлерін аянбай жұмсап, зауытты барынша қысқа мерзімде, жеделдетіп іске қосуды және майданға ферроқорытпа беруді талап етті. Сондықтан да құрылыс-монтаж жұмыстары, материалдық-техникалық ресурстар, жұмысшы күші, механизмдер, жабдықтар іске қосылатын объектілерге жинақталды. Ұжым жылу-электр орталығының басты бөлу құрылымының, қосалқы цехтар корпустарының, уақытша электр стансасының және басқа бірінші қажеттіліктегі өндірістік құрылыстардың жұмыстарын жедел түрде аяқтауды өздеріне міндеттеме етіп алды.

Әйелдер мен жасөспірімдер қысқа мерзімді курстардан кейін көлік тізгінін ұстап, тынымсыз еңбек етті. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының құрылыстарында соғыс жүріп жатқан кезеңнің барлығында К. Бекмұхамбетова, Г. Кантюряева, В. Дедышева жұмыс істеді. Автомобиль жүргізуші М. Симонованың еңбегі «Құрмет белгісі» орденімен атап өтілді, онымен бір қатарда М. Грицанова да лайықты биіктен көрінді.

Құрылыс басында госпитальдар үшін медбикелер курстары ұйымдастырылды. Олар медицина қызметкерлеріне сырқаттарды күтуге көмектесті, палаталарға газеттер жеткізіп, жаралыларға ақпараттар бюросының жаңалықтарын жеткізіп отырды.

Екі шақырымдай қашықтықта металлургтер қалашығы бой көтере бастады, оны жергілікті тұрғындар зауыт ауылы немесе тұрғындар қалашығы деп атады. Сол уақыттың өлшемімен алғанда бірегей болып саналатын зауыт айналасында күн сайын суық пен аштықтан адамдар өліп жатты, мұның өзі кейде құрылыс жұмысын айтарлықтай тежеді.

— Ең ауыр жұмыстарды Қарағанды лагерінің бөлімшелерінің бірінің және №14 түзету колониясының құрамында жазасын өтеп жатқандар атқарды» – делінген Федор Тарасенконың «Қала. Жылдар. Адамдар. Тіршілік» деп аталатын деректі повесінде.

1942 жылдың көктемінде құрылыс бастығы болып мемлекеттік қауіпсіздік қызметінің майоры Михаил Михайлович Царевский тағайындалды. Осы тұста іс жанданып сала берді. Өзінің жігерлі ісімен айырықша беделге ие болған осы бір еңбекқор адам кейіннен жоғары атақ — Социалистік Еңбек Ері атынды.

Құрылысшылар тылда өздері және сол бір боздақ үшін еңбек ете жүріп, барлық күштерімен майданға көмектесуге ұмтылды. Колхозшылардың шақыруы бойынша ауыл шаруашылық артельдері халықтық майдан қорын құрды. Жұмысшылар мен қызметкерлер өздерінің екі күндік еңбекақыларын «Ферросплавшы» танкін жасақтауға жіберді. Майдангерлердің әйелдері мен құрылыстағы қыз-келіншектер «Кеңестік патриотка» танкін жасақтауға өздерінің еңбекақыларынан қомақты қаржы шығарды. Осындай игілікті қызметтердің барлығына қалашықтың әйелдер кеңесінің төрайымы, майданға өз еркімен аттанған құрылыстағы саяси бөлім нұсқаушысының зайыбы Мария Ивановна Ласовская басшылық етті.

Жаңа құрылысты іске қосу қарсаңдағы сәттер зауыттың күллі тарихындағы ең бір қызу кезең болды деп айтуға тұрады. Арнаулы бригада жылу-электр орталығының барлық электр моторларының айналымын тексеріп шықты. Монтаждаушылар қазандықты дайындады. 50 тонналық электрлі аспалы кран іске қосылды.

Сол уақыттарда жарияланған майдан айлығы күндерінде басқарма комсомолдары өндіріске барды, құрылыстың маңызды нысандарының бірі — бірінші электр пешін монтаждауды қамқорлыққа алды. 16 комсомол мүшесі цехтарда жұмыс істеуге барып, бастамашыл топтар, бақылау-комсомолдық бекеттерін құрды.

Басқарма комсомолдарының үлгісімен белгі беру комсомолдық бекеттері құрылыстың барлық жетекші учаскелерінде құрылды. Олар бірінші кезектегі құрылыс нысандарын бақылауға алды және өздерінің жігерлі қимылдарымен құрылысшылар еңбегіне жан бітіре түсті.

Құрылыс алаңдарында еліміздің барлық түкпірінен келген құрылысшылар, монтаждаушылар иықтаса жүріп еңбек етті. Олардың арасында турбиналар мен электр пештерінің жанында еңбек етуге кезегін күтіп жүрген энергетиктер, металлургтер көп болатын.

Запорожьеден келген металл балқытушы В.Нахабин сол сәттерде құрылыстың бас инженері, инженер-металлург В. Федоров – зауыттың құрылыс жөніндегі жұмыстарының бастығы, инженер-металлург В. Ильин — бетон зауытының бастығы болды. Олардың әрқайсысының өмірбаяны — отандық металлургияны құрудың шежіресі.

Ұзақ күткен сәт жақындап келе жатты. Зауыттың бірінші кезегін іске қосу туралы мәселе Ақтөбе облыстық партия комитетінің бюросында бірнеше рет талқыланды. Бюро жекелеген учаскелердегі бірқатар шаралар мезгілін белгіледі, олар: жылу-электр орталығы қазандығы буын көтеру, турбинаның алғашқы дүмпуі, №1 балқыту цехына өнеркәсіптік токты беру, металды алғашқы балқыту. 1943 жылдың қаңтар айының орта тұсында құрылыс және зауыт бойынша бірлескен бұйрықпен іске қосу комиссиясы құрылды. Объектіні іске қосу күндері металл үшін табанды жанқиярлық күрес кезеңі іспетті болды.

Маковскийдің бригадасы жылу-электр орталығындағы барлық электрлі моторларға тексеру жүргізіп, айналдырудан өткізді, ақауларды анықтап, жедел түрде түзетті. Монтажшылар қазандықты жағуға дер кезінде әзірледі. Енді оны қалыпқа келтіріп, іске қосқанға дейін сынақтан өткізу ғана қалды. Кестеде белгіленген тапсырманы орындау жолында жұмысшылар шаршамастан жұмыс істеді.

Кобриннің бригадасы машина залынан тәуліктеп шықпай жұмыс істеп, белгіленген елу күннің орнына он күн ішінде электрлі көпірлі крандың құрастырды. Адамдар генератордың жанында тұрып уақытпен санасуды ұмытты. Схемаларды тексерді, турбинаның қосалқы жабдықтарын сынақтан өткізіп, май жүйесін толтырды.

18 қаңтарда бірінші қазандыққа от беріліп, турбогенератор іске қосылды. Ақтөбе ферроқорытпа зауытының жылу-электр орталығы алғаш рет өнеркәсіптік ток берді. 19 қаңтарда бірінші электр балқыту пеші қыздыруға қойылды. Пешті іске қосу құрметі ауысым бастығы Николай Подколзинге тапсырылды. Тәжірибелі металлург айтарлықтай толқуды бастан өткереді. Бұл жерде кішкене шегініс жасауға тура келеді.

Подколзин мен Сиромащенко – алғашқы балқыманың қатысушылары –  Зестафоннан Ақтөбеге ферроқорытпа жабдықтарын жөнелтіп жібергеннен кейін екі айдан соң Мәскеуге, халық комиссариатына келіп, жаңа жұмыс орнына жолдама беруді сұрайды. Олар осы жолы сол кезде зауыт директоры болып қызмет істейтін Василий Петрович Нахабинмен мүлдем кездейсоқ кездесіп қалады. Ол да танымал металлургтердің Ақтөбеге келуіне қамқорлығын жасайды.

Арада 25 жыл өткенде, нақ 19 қаңтарда Қазақстан металлургиясы мерекесі күніне тұспа-тұс маңызы жағынан одан бір де кем емес тағы бір жаңалық орын алды — Қазақстанның ең жас ферроқорытпа зауыттарының бірі — Ақсу ферроқорытпа зауыты алғашқы металын берді.

1943 жылы зауытты іске қосу салтанатына құрылысшылар мен металлургтер, облыстық және қалалық қоғамдық ұйымдардың өкілдері жиналды, облыстың шаруашылықтарынан делегациялар келді. Пештің жоғарғы жағына «Барлығы да жеңіс үшін! Қанқұмар Гитлердің көмейіне біздің ыстық металымызды құямыз!» деген көлемді плакат ілінді.

Металлургтер астаушаларды жайғастыруға кірісті.

Жүздеген көздер балқытушылардың қимылдарына қарап қалған. Бір сәттік тыныштықтың өзі ұзаққа соылғандай көрінеді. Электр доғасының дірілі байқалады. Көз қарықтырар от ұшқыны шашырауда. Міне, пештен металл ағыны шыға бастады. Жұртшылықтың қол шапалақтауы астында металдың ауыр ағыны астауға құйыла бастады. Бұл бір ерекше көрініс еді. Сол күнгі от жарқылы астындағы металл ағыны көзкөргендердің жадында ұзақ сақталып қалған…

Адамдар қолдарын шапалақтап, бірін-бірі құшақтап, ыстық сезіммен құттықтай бастады.

Сол күні кешкісін құрылысшылар, металлургтер мен қонақтар Қазақстанда алғашқы болып қара металлургия кәсіпорнының іске қосылуына арналған салтанатты жиында бас қосты. Құрылыс бастығы Михаил Михаилович Царевский Мемлекеттік Қорғаныс комитетіне жолданатын баянат мәтінін оқыды. Онда Ақтөбе құрылыс комбинаты мен зауыт ұжымының тапсырманы мерзімінде орындағаны туралы айтылды.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты осылайша қатарға қосылды, жылу-электр орталығы мен «Комсомолка» алғашқы электр балқыту пеші жұмыс істей бастады.

1943 жылғы 20 қаңтарда Қызыл армияны жарақтандыру үшін маңызды металдың алғашқы тонналары алына бастады. Бұл күн зауыттың дүниеге келген күні деп те есептеледі. Бірінші балқыту цехын — жастар цехы деп те тегіннен атамаған болар.

Он жеті жасар жігіттер мен қыздар қуатты электр пештері мен жылуэлектр орталығының турбиналары жанында төзімділікпен тұрды. Олар өздерінің еңбектерімен майданға кеткен әкелерінің орнын басып, жеңіс күнін жақындатуға тырысты.

Қыздар балқытушылар мен кеншілердің, яғни ер адамдардың мамандықтарын табысты түрде игерді. Он жеті жасар балқытушы қыздар Вера Дебелова, Молдаза Есентаева, Анна Зиновьева, Дарья Инякина, Рая Петрухина, Зина Федотова, Женя Галкина, Клава Криволапова, Зоя Есипова, Рая Шубина, Аня Колесникова, кенші Рая Квашина, басқа да олардың қатарластары ауыр жұмысты абыроймен атқарды.

Жастар Савелий Сиромащенконың бригадасында жұмыс істеді, балқыту пешінде жиырма жасөспірім еңбек вахтасында тұрды. Сол кезде буыны қатпаған жастар Мырзабек Масақов, Галя Антонова, Павел Попов осында еңбек етті. Олар жарты сағат еңбек етеді, жарты сағат демалады. Бір топ екінші топты алмастырады. Цех тізгінін байырғы питерлік жұмысшы, азамат соғысының белсенді қатысушысы Александр Иванович Малышев ұстады. Ол жас жігіттер мен қыздардың екінші әкесіне айналды, бірқатар жұмысшылар оны аға ретінде құрмет тұтты.

Зауыттағы жылу-электр орталығының энергетиктері айырықша жоғары көрсеткіштерге қол жеткізді. Оның алғашқы басқарушысы Теплицкий болды. Одан кейінгі жетекшілікті Агеев және Куклин жалғастырды. Дегенмен орталықтағы Владимир Маркович Иоффе есімі туралы ерекше бөліп айтуға болады. Ол Украинадан қоныс аударып келген алғашқы күннен жұмысқа кірісіп, зауытта зейнет демалысына шыққанға дейін аянбай еңбек етті.

Ақтөбеліктердің тылдағы жеңісі Волга бойындағы ұлы тарихи жеңіспен — Сталинградтағы Вермахтының алтыншы армиясын талқандаумен тұспа-тұс келді. Партияның Орталық комитетінің нұсқауы бойынша Ақтөбе облысынан Сталинград аймағына азық-түлік пен киім-кешек тиеген эшелондар жөнелтілді. Делегация құрамына металлургтер де кірді.

Сара ТАЛАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*