Басты бет » Басты жаңалықтар » Бизнес-форум: әріптестік нығайып, қарым-қатынас орнығады

Бизнес-форум: әріптестік нығайып, қарым-қатынас орнығады

Сенбі күні Астананың 20 жылдығына орай Ақтөбе облысындағы Астана қаласының күндері аясында Шығармашылық академиясында «Астана мен Ақтөбе облысы арасындағы аймақаралық әріптестік» тақырыбында бизнес-форум өтті. Оған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев, Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев қатысты.

 

ОРТАЛЫҚҚА БАРДЫ, КӨРМЕНІ ТАМАШАЛАДЫ

Алдымен Ермек Аманшаев бастаған топ Ақтөбе қаласы Кірпішті ауданында орналасқан «Мейірім» жастарды әлеуметтік бейімдеу орталығына барды.

Өткен жылы маусым айында «Сәби» қайырымдылық қорының қолдауымен ашылған орталықта бүгінгі күні 102 жас тұрып жатыр.

Орталықтың директоры Жанна Дүйсенбинаның айтуынша, орталықта бұған дейін 16-23 жастағы жастар тұрып келген болса, қазір мұнда олар 29 жасқа дейін тұра алады.

—  Бүгінгі күні жастарды өзін-өзін қамтамасыз етуге, отбасын құрып, жақсы өмір сүруге бейімдеу мақсатында жан-жақты жұмыстар жасап жатырмыз. Қазір орталықтағы 16-23 жас аралығындағы жастарға мемлекет қолдау көрсетсе, 23-29 жас аралығындағы жастар өздері еңбек етіп жатыр. Қазір орталықтағы 13 жас жоғары оқу орнында білім алып жатса, 21 жас кәсіби білім беретін арнаулы оқу орындарында оқып жатыр. 58 жас әртүрлі салада жұмыс жасайды, — дейді Жанна Дүйсенбина.

Ермек Аманшаев орталықтағы жастар тұрып жатқан ғимараттар мен тігін цехын, жаттығу залын, сондай-ақ шаштаразды аралап, жастармен тілдесті.

Бұдан кейін Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев бастаған делегация Шығармашылық академиясында жасақталған Ақтөбе облысының инвестициялық жобалары көрмесімен танысты. Көрме аясында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаевқа:

  • Елбасы тапсырмасына сәйкес облыста еліміздің басқа өңірлерімен сауда-экономикалық байланыстарды дамыту мақсатында бүгінге дейін бірқатар жұмыстар жасалды. Бүгінгі іс-шара Астана мен Ақтөбе облысы арасындағы әріптестікті арттыруға үлкен серпін беретініне сенімдімін. Біз алдағы уақытта елорда нарығында ақтөбелік өнімдердің көптеп таралуына мол мүмкіндік бар екенін көріп отырмыз. Сондай-ақ біз елордалық кәсіпкерлерге «Ақтөбе» индустриалдық аймағынан тегін инфрақұрылым мен жер телімдерін беруге дайынбыз, — деді.

АСТАНАЛЫҚ КОМПАНИЯЛАР АҚТӨБЕНІҢ ҚҰРЫЛЫС СЕКТОРЫНА ТАРТЫЛАДЫ

Шығармашылық академиясында өткен бизнес-форумға Астанадан келген, сондай-ақ облыстағы белгілі кәсіпкерлер мен кәсіпорын басшылары қатысты.

Форумды ашқан облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ермек Аманшаевқа Астана қаласының күндері Ақтөбе облысынан басталғанына ерекше ризашылығын білдіріп, ақтөбеліктер атынан алғыс айтты.

— Елбасының өңірлер арасындағы кооперацияны дамыту, Астананың 20 жылдығына байланысты Қазақстанның барлық өңірлерінде елорда күндерін өткізу туралы тапсырмасына орай бүгін біздің облыс орталығында бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылуда. Астана қаласының күндері Ақтөбе облысынан басталуы бекерден-бекер емес деп ойлаймын. Себебі Ақтөбе — Қазақстандағы индустриялды-аграрлық жағынан дамыған, сондай-ақ еліміздегі агломерациялық орталықтардың бірі.

Елбасы тапсырмасына сәйкес бүгінгі күні біз облыстың барлық мүмкіндігін пайдаланып, Астанаға жан-жақты қолдау көрсетіп, осы мақсатта жұмыс жасап жатырмыз. Атап айтсақ, елорда мен Ақтөбенің арасы 1500 шақырым болғанымен, Астанада дәстүрлі түрде ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізіледі. Өткен жылы ақтөбелік тауар өндірушілер астаналықтарға 107 миллион теңгенің тауарын 10-15 пайызға арзан бағамен ұсынса, облыстағы бірқатар жылыжайлар елордамызға 175 мың тонна қияр мен қызанақ жіберді. Сондай-ақ бүгінгі күні елордада бірқатар кәсіпорындар өз филиалдарын ашып, өз өнімдерін астаналықтарға 10-15 пайыз арзан бағамен сатуда. Атап айтсақ, «Анвар» сауда желісі мен ет өнімдерін өндіретін «АкТеп» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бұл бағытта қарқынды жұмыс жасауда, — деді облыс әкімі.

Өз сөзінде Бердібек Сапарбаев ақтөбелік құрылыс компаниялары мен кәсіпорындар астаналық кәсіпорындармен тығыз қарым-қатынас жасап жатқанын, Елбасы тапсырмасына сәйкес басқа облыстар сияқты «ЭКСПО-2017» көрмесіне атсалысқанын атап өтті.

Бүгінгі күні Астана мен Ақтөбе облысы арасында білім, денсаулық, мәдениет, спорт салаларында да байланыс бар. Алдағы уақытта бұл байланысты дамытуымыз керек. Қазіргі таңда облыста «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында көптеген тұрғын үйлер салынуда. Осы тұста екі өңір арасындағы әріптестікті дамыта отырып, астаналық үлкен компанияларды облыстың құрылыс секторына тартып, олар қалада 20-25 қабатты тұрғын үйлер салса, ал үйлердің бірінші қабатында әлеуметтік, коммерциялық нысандар ашылса деген ұсынысымыз бар.

Қазір Ақтөбеде 480 мың халық тұрады. 2025 жылға дейін Ақтөбеде тұратын халықтың санын миллионға жеткізу туралы Елбасының тапсырмасы бар. Агломерацияны құрудағы мақсат та осы. Сондықтан алда Ақтөбенің қасындағы елді мекендерді қалаға қосып, халықтың санын миллионға жеткізу міндеті тұр, — деді облыс басшысы.

Жиында Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев биыл өңірлердегі Астана күндері ресми түрде Ақтөбеден басталғанын, жоспарға сәйкес бұл бағыттағы іс-шаралар 31 желтоқсанға дейін жалғасатынын жеткізді.

— Өңірлерде Астана күндерін өткізудегі мақсат — елорда мен облыстар арасындағы ынтымақтастықты арттыру, экономикалық қарым-қатынастарды жандандыру.

Соңғы жылдары Ақтөбе облысында индустриялдық, экономикалық, әсіресе әлеуметтік сала бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында бірқатар жобалар іске асырылып жатыр. Сондай-ақ республикалық деңгейде маңызы бар бағдарламалар мен жобалардың таныстырылымы осы өңірде жасалып жатыр. Бұл бастамалардың еліміз үшін маңызы зор. Биыл елордамыз 20 жылдығын тойлағалы отыр. Елбасының арнайы тапсырмасына сәйкес, осы мақсатта Қазақстанда үлкен іс-шаралар кешені жасақталды. Мақсат — елорданың бүгінге дейінгі жеткен жетістігін насихаттау, өңірлердегі өмір сапасын арттыру, өзара ынтымақтастықты дамыту.

Соңғы жылдары әр жыл сайын ішкі миграция арқылы елордаға 45-50 мың адам қоныс аударады. Ал Астана қаласында күніне 70-75 сәби дүниеге келуде. Соңғы жылдары Елбасының жүйелі түрде қолдауының арқасында елордамызды дүниежүзі таныды. Сол себепті бүгінгі күні қала тұрғындары өздерінің шамасы келгенше, мемлекеттік, халықаралық деңгейдегі іс-шараларға белсене атсалып жатыр, — деді Ермек Аманшаев.

Форум барысында Астанадан келген басқарма басшылары мен кәсіпорын өкілдері кәсіпкерлік саласы бойынша өз тәжірибелерімен, алдағы жоспарларымен бөлісті. Атап айтсақ, Астана қаласының инвестициялар және кәсіпкерлікті дамыту басқармасының басшысы Әлішер Әбдіқадыров елорданы дамытуға арналған стратегиялар туралы баяндаса, «Астана» ӘКК» ҰК» АҚ басқарма төрағасы Нұрлан Жакупов кәсіпкерлерді қолдауға бағытталған бағдарламаларға тоқталды. Ал «AstanaInvest» қалалық инвестицияларды дамыту орталығы басқарма төрағасының орынбасары Жанар Мұсатаева жергілікті кәсіпкерлерге елорданың инвестициялық мүмкіндіктері, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобалары мен арнайы экономикалық аймағының жеңілдіктері жайлы айтып берді.

Форумда сондай-ақ Ақтөбе қаласының әкімі Ілияс Испанов қаланың дамуы жайында баяндама жасады.

Форум соңында Бердібек Сапарбаев облыс әкімінің орынбасарларына астаналық делегация өкілдерінің тәжірибелерін талдап, облыстың дамуына қажетті жобаларға көңіл бөлуін тапсырып, нақты тапсырмалар жүктеді.    

 9 МЕМОРАНДУМҒА ҚОЛ ҚОЙЫЛДЫ

 Форумнан кейін Астананың 20 жылдығына орай, сондай-ақ өңіраралық әріптестікті дамыту, өңірлердің бәсекеге қабілеттілігін арттыру мақсатында 9 меморандумға қол қойылды.

Атап айтсақ, екі өңір арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында Астана және Ақтөбе облысы тарапынан Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев пен Ақтөбе облысы әкімінің орынбасары Қайрат Бекенов, Астана қаласындағы «Шапағат» коммуналдық базарына азық-түліктерді жеткізу бойынша «Астана» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы мен «Айс+» ЖШС басшылығы, Астана қаласына құрылыс материалдарын жеткізу бойынша «Астана» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы мен «Экотон-Батыс» ЖШС, сондай-ақ «Астана» ӘКК» ҰК» акционерлік қоғамы мен «Стройдеталь» ЖШС әріптестік туралы меморандумға қол қойды.

Сонымен қатар жиында Ақтөбе қаласы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы бөлімі астаналық «Көркем телеком», «LED Solution», «Астана Innovations» серіктестіктерімен, сондай-ақ ақтөбелік «GIGANT KZ», «Talan Technology» серіктестіктері «Астана Innovations» акционерлік қоғамымен өзара серіктестік және ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды.

Меморандум аясында келісімге қол қойған елордалық компаниялардың бірі «LED Solution» ЖШС-ның бас директоры Қаныбек Айтақовтың айтуынша, компания электр қуатын үнемдейтін «ақылды» диодты шамдар шығарады. Бүгінгі күні мұндай шамдар

Астана қаласындағы индустриялды саябаққа, «ЭКСПО-2017» көрмесі маңындағы Мәңгілік ел көшесіне орнатылған. Қызмет көрсету мерзімі — 15 жыл. Жарық шамдарының бағасы — шамамен 250 мың теңге.

  • Әр шамды, оның қызметін смартфонды ұялы телефон арқылы қадағалап отыруға болады. «Ақылды» жарық шамдардың бір ерекшелігі — олардың қуаты 120 ваттан аспайды. Қазіргі таңда қала көшелерінің көбіне 250, 400 ваттық шамдар орнатылған.

Сондықтан бұл шамдардың электр қуатын үнемдеуде маңызы зор. Сондай-ақ жарық шамдарында дыбыс тетігі, түтін тетігі қызметтері бар. Бұл көшелердегі қауіпсіздікті, өрттің алдын алуды қамтамасыз етеді. Негізінен, біз жарық шамдарын шығаруда америкалық технологияны пайдаланамыз. Ай сайын кемінде мың дана шам шығарылады. Елбасының «ақылды» технологияларды пайдалану туралы берген тапсырмасына орай компания осы бағытта қазір қарқынды жұмыс жасауда. Бүгінгі қол қойылған меморандум аясында алдағы уақытта біздің «ақылды» шамдарымыз Ақтөбе облысына да жеткізіледі деп ойлаймыз, — дейді Қ.Айтақов.

Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*