Басты бет » Жаңалықтар » Еңбек заңдылықтары сақталуын бақылау күшейтіледі

Еңбек заңдылықтары сақталуын бақылау күшейтіледі

ҚР еңбек заңдылықтарының және ірі кәсіпорындарда өнеркәсіп қауіпсіздігінің сақталуы мәселелері облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен және облыс прокуроры Марат Қайбжановтың қатысуымен өткен жиында қаралды.

Онда «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ, «Қазхром» ТҰК» АҚ Дөң тау-кен байыту комбинаты, «Ұлы қабырға» Қазақстан-Қытай бұрғылау компаниясы» ЖШС, «Востокнефть және сервистік қызмет көрсету» ЖШС, «СНПС-Ақтөбе көлік компаниясы» ЖШС ұжымдарында 2017 жылға және 2018 жылдың өткен кезеңіне жүргізілген прокурорлық тексерудің нәтижелері талқыланды.

Облыс прокурорының бірінші орынбасары Айдос Майлыбаев баяндағандай, тексеру нәтижесінде жұмысшылардың еңбек құқықтарының бұзылуы, еңбек және тұрмыс жағдайларының жеткіліксіз ұйымдастырылуы және нашар қамтылуы, еңбекақыдағы, үстеме төлеміндегі, еңбек демалысын берудегі айырмашылықтар анықталды.

Аталған кәсіпорындардың басшылары және жиынға қатысушылар айтылған кемшіліктерді жою бойынша шаралар жөнінде есеп берді.

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев тексеруші мемлекеттік органдардан еңбек заңдылықтарының сақталуын бақылауды күшейтуді және заңдардың бұзылуына дереу шара қолдануды талап етті.

— Барлық бақылаушы департаменттер, инспекциялар өз қызметтерін тиімді орындауы тиіс. Мұндай келеңсіз құбылыстардың басқа да кәсіпорындарда орын алғанына күмән келтірмеймін. Оларды анықтау және жою үшін жан-жақты шаралар алу қажет. Жұмыс беруші заңдарды және жұмысшылар алдындағы өздерінің міндеттемелерін толық көлемде орындауы тиіс, — деп атап көрсетті облыс басшысы.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*