Басты бет » Басты жаңалықтар » Астанадан ақ тілек

Астанадан ақ тілек

Сенбі күні Ақтөбе қаласының Өнер орталығында астаналықтардың ұйымдастыруымен «Ақ тілекпен, Астана» көрмесі өтті. Елорданың 20 жылдық мерейтойы қарсаңында ұйымдастырылған көрмені облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен Астана қаласы әкімінің орынбасары Ермек Аманшаев тамашалады.

Ақтөбедегі Астана қаласының мәдени күндері аясында ашылған көрмеде Тәуелсіздік сарайының қорынан қазақстандық суретшілердің 100-ге жуық жұмыстары ұсынылды.

Ақтөбенің төрінен орын алған 50-ден астам суретшінің жұмысы өзінің шынайылығымен, қанықтығымен ерекшеленді. Суретшілердің бір бөлігі өз жұмыстарында қазақ халқының сан ғасырлық тарихы мен мәдениетін, дәстүрлер сабақтастығын сақтап бейнелесе, енді бірі абстракция және модерн тұрғысынан өз ойларын білдірген.

— Астана — заманауи  сәулет үлгісі ғана емес, сонымен қатар үнемі жаңа идеялар мен үрдістер іздеу үстіндегі жаңашыл қала. «Ақ тілекпен, Астана»  шығармашылық жобасы әлемдегі ең табысты және дамып келе жатқан жас қалалардың бірі ретінде, жас астананың өнерінің дамуын көрсетуге бағытталған. Осы мақсатта Елордамыз Астана қаласының 20 жылдығына орай Қазақстанның барлық өңірлерінде Астана қаласының мәдениет күндерін өткізуді жоспарлап отырмыз. Алдымен Ақтөбеде басталған «Ақ тілекпен, Астана» жобасы Батыс Қазақстан облысында өз жалғасын табатын болады, — дейді Астана қаласы мәдениет және спорт басқармасы басшысының орынбасары Нарима Мұхамбеталина.

Үш күнге созылған көрмеге Жанна Спунердің жеке коллекциясындағы туындылар және Астана суретшілері,  атап айтқанда,   Mұхтар Байбосынов, Өмірбек Тілеулиев, Дәурен Макин, Динара Нүгер және мүсіншілер Тоқтар Ермеков пен Сембіғали Смағұловтың жұмыстары қойылды.

Ән әуелеп, күй күмбірледі

Көрме жұмысымен танысқан соң Бердібек Сапарбаев пен Ермек Аманшаев Өнер орталығының концерт залында өткен «Астанадан ақ тілек» атты концертке қатысты.

Кештің бірінші бөлімінде көрермен халық әндерімен сусындап, ұлттық би өнерін тамашалады. Әсіресе «Сарыарқа» халық музыка ансамблі мен «Шалқыма» халық би ансамблі кештің көркін қыздыра түсті.

Белгілі әзілкеш Тұрсынбек Қабатов пен  эстрада әншілері Бейбіт Қорған, Клара Төленбаева, Ринат Малцагов, Қайрат Баекенов пен «Формат» тобы өз өнерлерін ортаға салды.

Біздің оркестр — Астана қаласымен бірге өсіп келе жатқан ұжымның бірі. 1997 жылы құрылған оркестр құрамында бүгінгі таңда 100-ден астам музыкант бар. Барлығы жоғары білімді азаматтар. Бүгін арайлы Ақтөбеден бастау алған концертімізде көрермен қошеметі ерекше болды. Біз үшін ең бастысы да осы, — дейді Астана қаласы Мемлекеттік академиялық филармониясы қазақ оркестрінің көркемдік жетекшісі және бас дирижеры Айтқали Жайымов.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*