Басты бет » Мәдениет » Ашық аспан астында әндер шырқалды

Ашық аспан астында әндер шырқалды

Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта Ақтөбедегі Астана қаласының мәдени күндері аясында елордалық өнерпаздар қала тұрғындарына жексенбілік көтеріңкі көңіл күй сыйлады.

Жастар концертінде Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының өнерпаздары, қазақ эстрадасының танымал әншілері Бейбіт Қорған, Клара Төленбаева, Қайрат Баекенов, Ринат Мальцагов, «Формат» тобы өнер көрсетті.

Кештің шымылдығын Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының эстрадалық би ансамблі ашты.

Кеш жүргізушілері Астана қаласының құрылу тарихындағы негізгі оқиғалар туралы еске салып, қызықты деректермен бөлісті. Еліміздегі танымал әншілермен қатар, астаналық «Арт домбыра» тобы да жастарды өз өнерлерімен таңғалдырды.

— Біздің топтың мүшелері  фортепиано, домбыра, гитара және ұрмалы музыкалық аспаптарды пайдаланады. Біз Париж, Милан, Бухарест, Минск, Мәскеу, Пекин қалаларында да өнер көрсеттік. Біздің ұжым ақтөбелік  көрермендерге «Астана», «Батыр бабам», «16 қыз», «Томпи қыз» сияқты белгілі әндерді ұсынды. Олардың көпшілігінің әуені бұзылмай, жас аудиторияға заманауи стильде орындалады, — деді топтың жетекшісі Бекайдар Қалиев.

— Бүгін Тұңғыш Президент атындағы орталық саябақта Астана қаласындағы филармония әншілерінің қатысуымен эстрадалық концерт ұйымдастырылып отыр. Кеште республикалық байқаулардың жеңімпазы Жалғас Сұлтан, «Дарын» жастар сыйлығының лауреаты Нұрбол Балапанов, басқа да көптеген әншілер өнер көрсетті. Астана тақырыбындағы патриоттық әндер шырқалды.

Эстрадалық  би ансамблі филариониядағы ең жас ұжымдардың бірі. Биыл құрылғанына екі жыл толды.

Астана қаласының 20 жылдығна арналған сапарымыз Ақтөбе қаласынан бастау алды. Жылы лебіздерімен қарсы алған қала тұрғындарына және ұйымдастырушыларға ризашылығымды білдіремін, — деді Астана қаласы мемлекеттік академиялық филармониясының эстрадалық би ансамблінің көркемдік жетекшісі Лаура Мукаева.

Ашық аспан астында астаналық өнерпаздар 20-дан астам музыкалық номер ұсынды. Шараның соңы жастардың би кешіне ұласты.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*