Басты бет » Мәдениет » Оркестр сыйы — «Алпамыс» композициясы

Оркестр сыйы — «Алпамыс» композициясы

Астаналық делегацияның өнер ұжымдары Өнер орталығында ақтөбелік көрерменіне әдемі кеш ұсынды. Астана қалалық академиялық филармонияның қазақ оркестрі мен би ұжымдарының «Алпамыс» композициясы үлкенге де, балаға да ұнады. Әрі ертегі, әрі классикалық музыканы тоғыстырған көркем-музыкалық туынды бір жарым сағатқа созылды.

Сүйгеніне қол жеткізу үшін қандай қиындыққа да бас тігуге дай            ын Алпамыс батыр, Алпамыстың жолын кесіп, Гүлбаршын сұлуды өзі қолға түсірмек болған Тайшық хан, айлакер жалмауыз кемпір мен ақылына көркі сай Гүлбаршынның хикаясын балалар қызыға көрді. Әр оқиғаны оркестрдің сүйемелдеуі, музыка мен оқиғаның үндесуі де ерекше.

— Астананың 20 жылдығына арналған еліміз бойынша турнені осы композициямен бастадық. Бірінші ат басын тіреген өңір — Ақтөбе. Одан әрі Орал, Атырау, Маңғыстау облыстарына барамыз. Филармония ұжымы түрлі бағдарлама әзірлеп отыр. Батыс өңірінде «Алпамыс» композициясы көрсетіледі, орталық Қазақстанда симфониялық оркестр, камералық хор сынды ұжымдар өнер көрсетеді. Гастроль 6 шілде күні аяқталады. Негізгі қорытынды концерт Алматы қаласында болады. Алматы облысында үш күнде 30 шара жоспарланып отыр, — дейді аталған филармонияның концерттік бөлімінің басшысы Нұрбол Балапанов.

Оркестрдің бас дирижері Айтқали Жайымовтың айтуынша, көркем-музыкалық композицияда негізінен композитор Арман Жайымның «Алпамыс» классикалық балетінің музыкасы ойналды. Балетмейстері — Абдрасул Есекеев пен Лаура Мұқаева.

— Оркестрмен бірге филармонияның «Шалқыма» халықтық би ансамблі мен эстрадалық би тобы да өнер көрсетті. Қойылым режиссері жас маман Асхан Қошаев, идея авторы филармонияның бас директоры Сәкен Әбдірахманов, — дейді Н.Балапанов.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*