Басты бет » Экономика » Әлеуметтік кәсіпкерлік және қайырымдылық

Әлеуметтік кәсіпкерлік және қайырымдылық

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен, Қазақстан іскер әйелдер қауымдастығы облыстық филиалының қолдауымен Ақтөбеде өткен «Әлеуметтік мәселелерді шешуде мемлекет, бизнес және үкіметтік емес ұйым серіктестігі» деп аталатын халықаралық форумға қатысушылар екінші күні өз жұмысын жалғастырды. Әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы түрлі жобаларды қалай жүзеге асыруға болатынын форумға қатысушылар тренингтер мен шеберлік кластарында талқылады.

Тренинг аясында

Шара басталған сәтте біздің облысымыздың аудандарынан форумға қатысып отырған бизнес иелері сөз алды. Олар басқосуға қатысушыларға облыстық кәсіпкерлік басқармасы мен іскер әйелдер қауымдастығының көмегімен, ауылдарда өздерінің бизнестерін қалай дамытқандарын,  табысқа жету тарихтарын айтып берді.

Мәселен, Мұғалжар ауданының Қандыағаш қаласында наубайхана ашу туралы ой келгенде Алтынай Ізбасова 59 жаста еді. Несиеге қол жеткізгесін, ғимаратты жалға алып, жабдықтарды түгелдеп, ол бірден іске кірісті. Ауылдастарынан төрт адам көмекші тапты. Бірте-бірте кулинарлық тағамдарға тапсырыстар түсе бастады. Қазір Алтынай ауылдастарымен шеберлік кластарын өткізіп, алда бастаған ісін кеңейтуді ойлап жүр. Ал қобдалық Мадина Толыбаева аудан орталығынан әсемдік салонын ашпақ болғанда, әлі де студент еді. Облыстық іскер әйелдер қауымдастығы оған жоба дайындауға, несие алуға көмектесті. Бүгінгі  күні салон өркендеп, штаттағы қызметкерлері көбейе түсуде. Өз ісін ашқан кәсіпкер ауылда  бизнесті қалай дамытуға болатыны жөнінде, оған биліктің қолдау көрсеткені туралы бес минуттық бейнероликте баяндаған. Ол залдағы қатысушылардың  назарын аударды.

Бейнероликті қарағаннан кейін сарапшылар тренинг өткізді. Жиналғандарға әлеуметтік кәсіпкерліктің міндеттері мен мақсаттары, негізгі тәсілдері жөнінде айтылып, еліміздегі және әлемдегі үздік жобалардан мысалдар келтірілді. Алматылық орталықтың директоры, профессор Нұржан Әлжанова бүгінгі күні әлеуметтік кәсіпкерліктің өзекті тақырыпқа айналғанын атап айтты. Өзінің бизнестегі табысының бір бөлегін қайырымдылыққа беру ойы көптеген кәсіпкерлерді толғандыра бастады.

— Бұл тренд әлемде қазір едәуір дамыған. Біз бұған неге мән беріп отырмыз?  Себебі тап осы әлеуметтік кәсіпкерлік арқылы қоғамның ең өзекті мәселелері шешіледі. Бұл жөнінде еліміз бойынша халыққа кең хабарлап отыру қажет. Бұл форум мемлекет пен кәсіпкерлер арасындағы өзара тиімді әріптестікті қалыптастыру мақсатында өткізіліп отыр, — деді тренингті өткізу барысында профессор Н.Әлжанова.

Сарапшылар кездесуге қатысушыларға әлеуметтік бизнестің нені білдіретінін түсіндіріп, болашақ жобаны қалай құруға болатынын және одан арғы жұмысты дамытуды әңгімеледі.

Форумның тығыз бағдарламасы тренингтік оқулармен  одан сайын байытыла түсті. Жаттықтырушылардың бірі, Израильдегі халықаралық оқу орталығының кәсіпкерлік пен инновациялар жөніндегі бағдарламалар жетекшісі Катерина Руденко тыңдаушылардың назарын израильдік кәсіпкерлердің тәжірибесіне, МАШАВ бағдарламасы бойынша оқытуға аударуға тырысты.

— 1958 жылы құрылған күнінен бастап Израильдің МАШАВ халықаралық әріптестікті дамыту жөніндегі агенттігі жаңа технологияларды енгізу мен қызметтің барлық салаларында инновацияларды қолдану жөнінде өзге елдермен тәжірибе бөлісіп отырады. Біз тек ақпарат, білім бөлісіп қана қоймаймыз, әр мәселеге басқаша көзбен қарауға бағыттаймыз. Мен кәсіпкерлік қызмет жөніндегі курсқа жауап беремін. Әр тыңдаушыға, оның ішінде дамыған елдердің де өкілдері аз емес, біз Израильдегі кәсіпкерлерге қолдау көрсету жүйесінің жұмысы туралы жеткізуге тырысамыз. Елдің 97 пайызы шағын және орта бизнеске, жеке кәсіпкерлікке қатысты. Бізде болашақ кәсіпкерлерге қаржылық қолдау көрсететін, олардың оқудан өтуіне жәрдемдесетін  шағын бизнес  атымен аталатын арнайы агенттік бар. Израильде жаңа әзірлеулерге өте көп қаржы бөлінеді. Сондықтан да біз тек озық технологиялардың бәсекеге қабілетті бизнес жасайтынына, оның қалыпты табыс әкелетініне сенімдіміз, — деп өзінің сөзін жинақтады жаттықтырушы.

Сарапшылардың көзімен

Күннің екінші бөлігінде әлеуметтік кәсіпкерлік бойынша шеберлік класы өткізілді. Оған Түркия, Грузия, Астана және Ақтөбе сарапшылары спикерлік етті. ASO Company компаниясының басты серіктесі Айлин Сатун Олсун әйелдердің жұмысқа орналасуы және гендерлік теңдік мәселесін қозғады. Түркияның өзінде әйелдерді бизнес ортаға тарту мәселесі және олар үшін жұмыс орындарын ұлғайту мемлекеттің басым бағыты саналады. Олай болатыны, 20 миллион түрік әйелі жұмыс істемей, үй шаруашылығында отыр. Тек қана 120 мыңы — кәсіпкерлер.

— Қазақстандық қыз-келіншектер кәсіпкерлікке батыл қадам жасайды. Өндірісті, өздерінің фирмаларын басқарып, басшы болып отыр. Біздің елімізде бұған қызыға қарайды. Әсіресе, сіздерде қалалық қыз-келіншектердің арасында бизнес саласына қызығушылық күшті. Ондай қозғалыс ауылдық жерлерде кемдеу сияқты. Мүмкін, бұл ақпараттың жетпей жатқандығынан да болар. Сондықтан мен ортақ сайт құруға кеңес берер едім. Әйелдердің әлеуметтік желісі арқылы қашықтыққа қарамастан серіктер бірімен-бірі таныса алады, тәжірибе бөлісіп, хабарласып проблемаларын шешер еді, — дейді Айлин Сатун Олсун.

Сарапшы мүгедек жандарды жұмысқа орналастыру жөнінде де өз пікірін білдірді.

— Түркияда қозғалысы шектеулі адамдардың саны 3 миллионға жетеді. Мемлекет мүгедектерді белгілі салаларға жұмысқа орналастыру жөнінде квота белгілеп, сол бойынша жұмыс істейді. Егер де кімде-кім бизнес ашып және адамдарды жұмысқа тартатын болса, оның мемлекеттік грант алуға және салықтан жеңілдік көруге мүмкіндігі молаяды. Әлеуметтік жобаларды жүзгеге асыруға қолдау көрсетуге жол ашылады. Мысалға, Стамбулда көз жанарына байланысты мүгедек экскурсовод болып жасайтын арнайы музей ашылған. Сондай-ақ бізде Дауна синдромына ұшыраған адамдар жұмыс істейтін дәмхана бар. Қалаларда зағиптарды жұмысқа тартқан колл-орталықтары, сондай-ақ арбаға таңылғандар жұмыс істейтін тігін шеберханалары ашылуда, — деп Түркияның өкілі кәсіпкерліктің әлеуметтік  жауапкершілігі туралы  қызықты  фактілерді келтірді.

Тағы бір қонақ (Грузия) Icorta әлеуметтік кәсіпорнының директоры Нана Чикарели әлеуметтік кәсіпкерлікке қатысты өзінің тәжірибесін ортаға салды. Нана зергерлік шеберханасын ашып, оған босқындарды жұмысқа тартқан.

— Мен босқындар үшін тұрғызылған Церовани қонысында тұрамын. Бұл жерде сегіз мыңға таяу халық және екі мыңдай бала тұрады. Соған байланысты бұл қоныста бірнеше өндіріс ашылғанмен, халықты жұмысқа орналастыру әлі де күрделі күйінде қалып отыр. Алғашқы кезде «Цхинвали болашағы үшін» үкіметтік емес ұйымы арқылы түрлі тренинг өткізіп, жобаларды жүзеге асыру бойынша тұрғындардың өзекті проблемаларын шешуге тырысып бақтым. Содан соң зергерлік шеберханасын ашуды ойладым. Менің қолымда бар болғаны 700 евро қаржы болды, бұл ақшаға Тбилисиде екі ай пәтер жалдап тұруға болатын. Әрине, өндіріс ашу — күдікті де шаруа. Алайда мен бұл істі сәтімен шеше алдым. Қаржының бір бөлігін төрт әйелді оқытуға жұмсадым. Қалған қаржыма металды балқытатын  пеш сатып алдым. Шеберхана 2011 жылы жұмыс істеді. Қазір онда 10 әйел-босқын еңбек етеді. Олардың жалақысы өзге кәсіпорындарға қарағанда жоғары. Өткен жылы кіріс 40 мың долларды құрады. Бизнестің дамуымен өзге де әлеуметтік жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік туып отыр. Қазір мен және менің командам осы жұмыстарды қолға алып жатырмыз, — деп өзінің еңбек жолының тарихын айтып берді Нана.

Грузия бизнес өкілінің айтуынша, әлеуметтік кәсіпкерлік идеяларын жүзеге асыратын үш үкіметтік емес ұйым жұмыс істейді. Олар Польша, Ұлыбритания елдерінде тәжірибе жинақтау үшін оқу турларын ұйымдастырады.

— Еуропада бизнес әлеуметтік салаға ұзақ жылдар бойы бағытталып, қалыптасты. Біздің елдерімізде де халықтың түрлі әлеуметтік бөлігінің проблемаларын шешуде бұл шаралардың шешуші құрал болатынына мен сенімдімін, — деді ол.

Нана Чикарели және Айлин Сатун Олсунның ізімен тыңдаушыларға форумда Түркиядағы Нар Кадын кооперативінің негізін қалаушы және «Edremit CVDD» филиалының басшысы Недрет Грюдал, Астананың «Сарытайлақ» шаруа қожалығының басқарушы директоры Раушан Қожанова, осы қаладағы «Green TaI» әлеуметтік кәсіпорнының басшысы Эмин Асқаров, «Пандус ОК»  ЖШС басшысы Шахан Жолдасбаев өз жобалары туралы әңгімеледі. Шаханның кәсіпорны біздің аймақтағы бизнестің әлеуметтік бағыт ұстауының бір айғағы сынды. Ол пандустар мен мүгедектер арбасы үшін орындар салады. Төрт жылдың ішінде Ақтөбе қаласы мен оның аудандарында мүгедектердің қажетін өтеуге 50-ден астам объектіні бейімдеді.

Халықаралық форумының жұмысын қорытындылап және бар назардың әлеуметтік жобаларға аударылғанын  атап көрсете келіп, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы және қалалық мәслихаттың депутаты Күлшат Масалимова оның мәні мен қазіргі кезеңдегі өзектілігіне тоқталды.

— Осы форумның арқасында біз қызықты және аса қажетті жобалармен таныса алдық. Оған қатысушылардың  көзінен мен қуаныш пен шаттығын көрдім. Бұл жерден форум қатысушыларының талайы жаңа идеялармен аттанары сөзсіз. Біз олардың ойларын жүзеге асыруға бар күшімізді саламыз. Өзге аймақтардан келген біздің әріптестеріміздің де өздеріне алдағы уақытта тәжірибеде жүзеге асырылатын құнды ақпараттар алғаны анық. Мен Ақтөбеде өткен форумның әлеуметтік кәсіпкерлікті дамытуда тек біздің облыста ғана емес, тұтастай алғанда еліміз бойынша зор серпіліс беретініне сенімдімін, — деді облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы.

Айжан ШАУКУЛОВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*