Басты бет » Жаңалықтар » Тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын кәсіпорындар анықталды

Тұрмыстық қалдықтарды шығарумен айналысатын кәсіпорындар анықталды

Қатты тұрмыстық қалдықтар полигонына Ақтөбе қаласынан жыл сайын 200 тонна қоқыс тасып апарылады.

Бүгінге дейін тұрғындар шығарған қоқысты жинаумен «Ақжол» және «Таза қала» кәсіпорындары мен бір жеке кәсіпкер айналысып келді. Аз уақыт бұрын «Ақжол» ЖШС қоқыс жинауға қатысты міндеттемелерін орындауды тоқтататыны жөнінде хабарлаған еді. Осы жайтқа және қаланы қоқыстан тазартудағы басқа да қиындықтарға байланысты қаланы және елді мекендерді абаттандыру жөніндегі Ереженің қатты тұрмыстық қалдықтарды шығаруға қатысты бөлігіне өзгерістер енгізіліп отыр.

Бұл жөнінде журналистерге қалалық тұрғын үй-коммунальдық шаруашылық бөлімі басшысының міндетін атқарушы Айбек Серікбаев хабарлады. Оның айтуынша, енді қала мен қалаға қарасты ауылдардың аумағы 10 бөлікке бөлініп, оларды қоқыстан тазалау жұмыстары әртүрлі кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлерге, яғни барлығы 10 кәсіпорынға жүктеліп отыр. Бұл кәсіпорындар байқау арқылы іріктелген. Тұрмыстық қалдықтарды шығарушылар қоқыс жиналатын орындарда зиянкестерге қарсы зарарсыздандыру жұмыстарын жүргізуге де міндеттелген.

Қаланың қай ауданынан қай көлемде қоқыс шығарылатынын анықтау үшін сараптама жүргізіп, жоғарыдағы аумақтар шекаралары сол сараптаманың қорытындысы бойынша айқындалған. Аумақтардың әрқайсысынан жыл сайын, орта есеппен, 19-20 тонна қоқыс шығарылады.

Сондай-ақ, Айбек Серікбаевтың жиын соңында журналистер сауалдарына берген жауабында айтылғандай, бұл өзгерістер қоқыс шығару қызметінің ақысына әсер етпейді, яғни, баға бұрынғы қалпында қалады.

Айна САРЫБАЙ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*