Басты бет » Ауыл » Ылғал жабылып, тұқым себу жүргізілуде

Ылғал жабылып, тұқым себу жүргізілуде

Көктемгі егіс-2018

Мамандардың айтуынша, көктемгі жауын-шашын жердегі ылғалды біраз толықтырды. Егін шаруашылығымен шұғылданатын Әйтеке би, Қарғалы, Мәртөк аудандарында егістік жердегі ылғалдың мөлшері кей алқапта метрге жетеді.

Бұл күндері жермен айналысатын ірі серіктестіктер мен шаруа қожалықтары негізінен бірыңғай ылғал жабу жұмысын жүргізді. Қазіргі кезде олар 400 мың гектардан астам егіс алқабының ылғалын жауып үлгерді. Биылғы жылы облыс әкімінің тапсырмасы бойынша аймақта 754 мың гектар алқапқа егіс салынады. Бұл өткен жылғы егістің көлемінен 98 мың гектарға артық.

Көктемгі далалық жұмыстар қарқын ала түсті. Мамыр айының екінші, үшінші онкүндігі бұл науқанның нағыз қыза түсетін шағы. Алғашқы қарқында егіншілер дәнді дақыл мен майлы дақыл егістерін себуді ыждағатты бастап кетті. Бұл жұмыстар қазір Қарғалы, Мәртөк аудандарында күн санап қарқын ала түсуде. Ал оңтүстік аудандар, оның ішінде Темір ауданының  егіншілері көктемгі далалық жұмыстарды аяқтауға жақын. Бірақ бұл өңірлерде  егістің көлемі шағын. Мәселен, Темір ауданында дәнді дақыл егісі 3 мың гектардың үстінде.

Әрине, мақсат — егісті себу емес, түптеп келгенде одан мол өнім алу болмақ. «Біз осы жағын ойлап отырмыз», — дейді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының егіншілік бөлімінің басшысы Диас Ерғалиев бізбен әңгімесінде. Сосын маман биылғы науқанда егіншілердің тыңайтқышты молынан пайдаланып отырғанын айтты. Өткен жылы 1400 тонна тыңайтқыш енгізілсе, биыл бұл көрсеткіш екі еселенген. Қазірдің өзінде егістік жерлерге 2 600 тонна тыңайтқыш енгізілген.

Биылғы егіс науқанындағы тағы бір жаңалық — шаруашылықтар егілетін мал азықтық дақылдардың көлемін ұлғайтуда. Ондай алқаптарды күтіп-баптауды да жетілдіре түсуде. Мысалы, «Айс» шаруашылығы өзінің мал азығындық дақыл егілетін  алқабында бірінші рет жаңа технология — жер асты арқылы суаруды жүзеге асырмақ. Ол үшін қазір 35 гектар алқапқа 30 саниметр жер астымен суландыру құбырлары тартылуда.  Егіске су осы жүйе арқылы беріледі. Мамандардың айтуынша, бұл да тамшылатып суару әдісіне жатады. Алайда суды бұлай беру арқылы ылғалды ұзақ сақтауға болады және мұндай алқапта егістің шығымдылығы 15 пайыз артады.

Облыс егіншілері көктемгі далалық жұмыстарды негізінен айдың аяғына дейін аяқтауды көздеп отыр.

Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*