Басты бет » Экономика » Бастысы — бюджет қаржысын тиімді пайдалану

Бастысы — бюджет қаржысын тиімді пайдалану

Облыстық мәслихаттың бюджет, экономика, өнеркәсіп және кәсіпкерлік жөніндегі тұрақты комиссиясының кеңейтілген отырысында 2017 жылғы облыстық бюджеттің атқарылуы туралы облыстық қаржы басқармасының басшысы Гүлқасима Сүйінтаеваның және Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының төрағасы Сағат Еңсегенұлының есебі тыңдалды.

Комиссия отырысына облыстық мәслихаттың хатшысы Сәния Қалдығұлова, облыс әкімінің орынбасары Асқар Биахметов, облыстық басқармалар мен департаменттердің басшылары қатысты.

— 2017 жылғы облыстық бюджеттің шығыс бөлігі 100 пайызға, нақтырақ айтсақ, түзетумен жоспарланған 151 785 352,9 мың теңгенің 151 777 234,0 мың теңгесі игерілді, — деп атап көрсетті облыстық қаржы басқармасының басшысы Г.Сүйінтаева. — Өткен жылы бөлінген қаражаттың басым бөлігі білім, денсаулық, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, ауыл, су, орман, балық шаруашылығы, ерекше қорғалатын табиғи аумақтар, қоршаған ортаны және жануарлар дүниесін қорғау, жер қатынастары салаларына жұмсалды.

Республикалық бюджеттен облыстық бюджетке бөлінген несиелердің жұмсалу реттері де комиссия мүшелеріне таныстырылды. Бұл ауқымда «Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытуға жәрдемдесу үшін бюджеттік несиелер беру», «Аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттеріне жылу, сумен жабдықтау және су бұру жүйелерін құрылымдау және құрылыс үшін несие беру», «Мамандарды әлеуметтік қолдау шараларын іске асыру үшін жергілікті атқарушы органдарға берілетін бюджеттік несиелер», тағы басқа бағдарламаларды жүзеге асыру ескерілген.

Жергілікті бюджет есебінен бөлінген 13 881 104,0 мың теңге несиеге «Кең дала» бағдарламасы аясында 23 ауылдық кәсіпкерді және «Жас старт» бағдарламасы бойынша 14 жас кәсіпкерді қолдау мүмкіндігі туды, сондай-ақ аудандардың (облыстық маңызы бар қалалардың) бюджеттеріне тұрғын үй жобалауға және салуға несие беру жұмыстары атқарылды.

Ақтөбе облысы бойынша тексеру комиссиясының басшысы бюджеттік бағдарламалар әкімшілерінің бюджет қаражатын пайдалану тиімділігі туралы сараптама жасады. Әлі де болса бюджеттік бағдарламалардың толық игерілмеуі, түпкі нәтижелердің жекелеген көрсеткіштерінің орындалмауы деректері кездесетіні айтылды.

Облыстық мәслихаттың депутаттары Аманкелді Есіркепов, Асхат Айтжанов, тағы басқалары күн тәртібіндегі мәселе бойынша баяндамашыларға сауалдарын қойып, ұсыныс-пікірлерін білдірді.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*