Басты бет » Спорт » «Ақтөбе» 5 гол соқты

«Ақтөбе» 5 гол соқты

Премьер-Лига

«Ақтөбе»-«Ақжайық» — 5:3

Соңғы төрт тур бойы еш жеңіліске ұшырамай,  бір ойында ұтып (2:0), үш кездесуді бірдей есеппен тең аяқтаған (1:1) «Ақтөбеден» жанкүйерлер енді тек жеңіс күтіп еді. Сол үміт ақталды.

Жексенбі күнгі кездесудің алғашқы минуттарынан бастап-ақ жерлестеріміз алаңға толық иелік етті. Үсті-үстіне шабуылдаған ақтөбеліктер бұрыштама доп та соқты, айып добын да орындады, әйтеуір, қарсыластар қақпасын нысанаға алумен болды. Сондай сәттердің бірінде, 20-минуттың шамасында Абат Айымбетов гол соғып та үлгерді. Бірақ төреші оны ойыннан тыс қалды деп шешіп, бұл голды есепке алмады. Сөйтіп жүргенде күдіксіз гол соғудың да мерзімі жетті.

27-минутта алаңның орта тұсынан Милан Радин жер бауырлата тастаған пасты қарсыластардың айып алаңында жүрген Бағдат Қайыров жіті байқап қалды да, қорғаушылардың арасынан ілгері сытыла шығып, допты қақшып түсті. Сөйтті де қарсыластар қақпашысын шеберлікпен алдап соқты — 1:0.

Бұдан соң да алаң иелері тыным таппады. 41-минутта оң қанаттан Бағдат Қайыров айып алаңына әуелете тастаған допты Маркос Пиззелли кідірместен баспен соғып, жібек торды тағы да бүлк еткізді — 2:0.

Бірінші тайм осымен аяқталуға жақындаған. Бірақ жерлестеріміз  жүгірістерін тіпті де бәсеңдеткен жоқ. 45-минутта бұрыштамадан ойынға қосылған доп Силва Рейналдоның аяғына ілікті де дереу қақпаға туралай тартқан ол шірене соққы жасады. Қарсыластардың біріне тиген доп сол екпінмен одан әрі қақпаға сүңгіп кетті — 3:0.

Бірінші тайм осы нәтижемен аяқталды.

Екінші таймда қақпашыларды ауыстырып, Евгений Боровиктің орнына Сергей Ткачукті шығарған қонақтар да қарап қалмауға тырысты. Бірақ табандары қызған ақтөбеліктерді тоқтату оңайға соқпады. 56-минута сол қанаттың орта тұсында жүрген Руслан Валиуллин оң қанаттан қақпаға қарай зырқырай жүгірген Силва Рейналдоны байқап қалып, әуелете пас тастады. Пасты тамаша қабылдаған Рейналдо допты еш асықпастан тоқтатып алды да, өзіне қарсы жүгірген қақпашының басынан асыра тастай салды — 4:0.

Арада 10 минуттай уақыт өткенде есеп одан әрі ұлғайды. 67-минутта Абат Айымбетов қақпаға тура тартқанымен оралдық қорғаушылар оның аяғындағы допты дереу тартып алды. Дегенмен осы маңда жүрген Маркос Пиззелли шалымды қимылдап, әлгі допты лезде қақшып түсті де, шірене тепті, қорғаушылар бұл жолы да кері қайтарды, сол сәтте алдына қайтып келе қалған допты Маркос Пиззелли екінші рет қайыра тепті де, қолының ұшы допқа сәл тиген қақпашыға бармақ тістетті — 5:0.

Осындай талассыз басымдылықтан соң, бір жағынан, қорғаушыларымыз тым ертерек арқасын кеңге салып, аңғырт қимылдады, бәлкім, шаршай бастады, екінші жағынан, қақпашымыз Игорь Трофимецтің тәжірибесі аздығы да әсер етті, әйтеуір, айналдырған 6 минуттың ішінде «Ақжайық» футболшылары біздің қақпамызға үш доп сүңгітіп жіберді. Әрине, сақалды қолдан бере жаздаған футболшыларымыз дереу жинақталып үлгерді де, одан әрі қонақтарға дес бермеді.

Сөйтіп, Орталық стадионға жиналған 11 мың жанкүйер сегіз голды тамашалады.

«Ақтөбе»-«Ақжайық» — 5:3

Гол авторлары: Бағдат Қайыров, 27-минут (1:0); Маркос Пиззелли, 41-минут (2:0); Силва Рейналдо, 45-минут (3:0); Силва Рейналдо, 56-минут (4:0); Маркос Пиззелли, 67-минут (5:0); Сергей Басов, 73-минут (5:1); Адеринсола Эсеола, 75-минут (5:2);  Малик Мане, 79-минут (5:3).

Ескерту қағазын алғандар: Игорь Худобяк, 3-минут; Адеринсола Эсеола, 67-минут («Ақжайық»).

«Ақтөбе»: Игорь Трофимец, Бағдат Қайыров, Александр Симчевич (капитан), Виталий Волков (Саят Жұмағали, 71-минут), Силва Фабрисио, Милан Радин, Саша Марьянович, Руслан Валиуллин, Маркос Пиззелли, Абат Айымбетов (Хрвое Милишевич, 87-минут), Силва Рейналдо (Жамбыл Көкеев, 66-минут).

«Ақжайық»: Евгений Боровик (Сергей Ткачук, 46-минут), Берік Шайхов, Сергей Басов, Мирам Сапанов (капитан), Еркін Тапалов (Еркебұлан Нұрғалиев, 46-минут), Бауыржан Омаров, Андрей Ткачук, Азат Ерсалимов (Малик Мане, 69-минут), Игорь Худобяк, Иван Антипов, Адеринсола Эсеола.

13 мамыр 2018 жыл. Ақтөбе қаласы, Қобыланды батыр атындағы Орталық стадион. 11 000 адам.

*   *   *

Басқа ойындардың нәтижелері:

«Атырау»-«Астана» — 0:2

«Тобыл»-«Қайрат» — 1:0

«Шахтер»-«Ертіс» — 0:1

«Қызылжар СК»-«Қайсар» — 0:0

«Жетісу»-«Ордабасы» —

*   *   *

10-турдан соң  28 ұпаймен «Астана», 23 ұпаймен «Қайрат», 19 ұпаймен «Тобыл» көш бастап келеді. Дегенмен астаналықтардың бір ойыны артық.

4-5 орындарда 16 ұпайы бар «Ордабасы» мен 13 ұпай жинаған «Шахтер» тұр.

6-8 орын иелері — 10 ұпайдан жинаған үш команда: «Ертіс», «Қайсар», «Ақжайық».

9-10 орындардағы  «Жетісу» мен «Қызылжар СК» 8 ұпайдан жинады.

11-12 орындардағы «Ақтөбе» мен «Атыраудың» көрсеткіштері бірдей. Екеуінде де 7 ұпайдан бар.

*   *   *

Бірінші кезеңнің бірінші айналымын тәмамдайтын 11-турдың ойындары 19 мамыр, сенбі күні өтеді.

Бұл күні «Ақтөбе» сырт алаңда «Астанамен» кездеседі.

Басқа ойындар:

«Қайрат» (Алматы) — «Шахтер» (Қарағанды)

«Ордабасы» (Шымкент)— «Тобыл» (Қостанай)

«Ақжайық» (Орал) — «Жетісу» (Талдықорған)

«Қайсар» (Қызылорда) — «Атырау» (Атырау)

«Ертіс» (Павлодар) — «Қызылжар СК» (Петропавл)

Ертай АШЫҚБАЕВ.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*