Басты бет » Басты жаңалықтар » 311 ақтөбелік пәтерлі болды

311 ақтөбелік пәтерлі болды

«Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің» 311 салымшысы «Нұр Ақтөбе» ауданынан пәтер алды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев пен аталған банктің басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова тұрғындарға пәтер кілтін табыс етті.

Облыс әкімі жиналған жұртшылықты жаңа қоныстарымен құттықтады.

— Осыдан бір жыл бұрын  мына жердің шаңы бұрқырап жатыр еді. Қазір мыңға жуық пәтер салынды. Тұрғындар жаңа қонысқа көшіп, баспана мәселесі біртіндеп шешіліп жатыр.  Жалпы былтыр 790 мың шаршы метр үй салынса, биыл соны 850 мыңға жеткізуді көздеп отырмыз, — деді облыс әкімі. Сондай-ақ осы аймақтан мектеп, супермаркет салынып жатқанын, жол жөнделсе, көлік қатынасынан да проблема болмайтынын айтты.  Ауызсу мәселесі мен жарық та өз шешімін табатынын ескертті.

«Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ басқарма төрайымы Ләззат Ибрагимова да ақтөбеліктерді жаңа қонысымен құттықтады.
— Ақтөбе облысы республикада пайдалануға берілген тұрғын үйдің көлемі бойынша көшбасшы болып тұр. Қазіргі таңда  2 152 пәтер берілсе, оның 962-сі сатылды. Бұдан бөлек жыл соңына дейін тағы 1 655 пәтер пайдалануға беріледі.  Мемлекеттік бағдарламаның осынша сәтті орындалуы — аймақ әкімдігінің тиімді жұмысының нәтижесі. Банк өз кезегінде қолжетімді займдар беру арқылы салынған үйлерді сатып алу үшін  халыққа жаңа мүмкіндіктер ұсынып отыр. Жақында «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында несие алу бұрынғыдан да жеңілдейді.  Банк мемлекеттік бағдарламаның бастапқы жарнасын 30%-дан 20%-ға түсірмек, — деді басқарма төрайымы.
Жаңа пәтерге ие болған тұрғындар облыс басшысы мен банк төрайымының қолынан кілт алып, мәре-сәре болды. Екі бөлмелі пәтерге ие болған Гүлсім Ульянова облыс басшысын үйінен дәм татуға шақырды. Жас отбасының шаңырағына барған Бердібек Сапарбаев дастарқаннан дәм татып, батасын берді.
Гүлсім Алға ауданының Есет Батыр ауылынан көшіп келіпті. «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне» ақша салыпты. Үй құнының отыз пайызын жинаған отбасыға банк «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша пәтер ұсынған.

Үйдің жалпы құны 7 миллионға шықты. Бес пайыздық үстемемен сегіз жыл бойы айына елу мың теңге төлеймін. Өзім қазір үйде бала күтімімен отырмын. Күйеуім жұмыс істейді. Жаңа пәтерге көшіп келіп, қуанып жатырмыз, — деді Гүлсім.

Ал әскери қызметкер Нұрбек Мырзабай 8 миллион теңгеге үш бөлмелі пәтер алыпты. Төрт жыл бойы банктегі депозитіне үй бағасының 30%-ын жинаған.

—  2014 жылдан бері ай сайын жалақымның бір бөлігін банктегі шотыма аударып отырдым. Бүгін, міне, жаңа үйге кірдік.  Бірінші кезекте ата-анамды көшіріп алып келемін. Бұған дейін біз отбасы болып пәтер жалдадық. Жайсыз болды әрі шығыны да көп. Енді несие бойынша ай сайынғы төлем — 40 000 теңге, — деді  Нұрбек Мырзабай.
Сондай-ақ облыс әкімі «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» Ақтөбе филиалы қызметкерлері өткізген «Жасыл мекен» акциясына қатысып, жаңа үйлердің ауласына тал екті. Үйлердің көше жақ бетіне қылқанды және жапырақты ағаштардың 100-ден астам көшеті егілді. Банкпен бірге акцияға қатысып, ағаш еккен тұрғындар сертификат пен көшетті қалай күтіп-баптау керектігі туралы нұсқаулық алды. Мұндай сертификатқа ие болған әр отбасы «өз  ағашымыз бар» деп мақтан тұтып, оның жетіліп, жайқалып өсуін қадағалайтын болады.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*