Басты бет » Денсаулық » Медбикелер мерейі

Медбикелер мерейі

Атаулы көмек

12 мамыр —  Халықаралық медбикелер күні. Осыған орай А.Досжанова атындағы конференц-холда салтанатты шара өтті.

Науқастың денсаулығына дәрігерден кем жауап бермейтін, дәрігердің айнымас серігі медбикелердің кәсіби мерекесі биыл ерекше ұйымдастырылды. Облыс әкімінің орынбасары Ербол Нұрғалиев медбикелерді құттықтады.

— Облысымызда алты мыңға жуық медбике жұмыс жасайды. Емдеу мекемесіндегі ең ауыр жұмыстарды атқаратын да, науқасқа ең бірінші болып көмек қолын созатын да медбикелер. Сондықтан сіздерді облыс басшысының атынан бүгінгі мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын, — деген Ербол Нұрғалиев облыс медицинасына еңбегі сіңген бірқатар медбикеге облыс әкімінің Алғыс хатын тапсырды. М.Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медицина университетінің ректоры, облыстық мәслихат депутаты Ербол Бекмұхамбетов мәслихат атынан құттықтап, арнайы Алғыс хат пен сыйлықтар табыс етті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев облыс медицинасы, оның ішінде медбикелер ісіндегі жаңашылдықтарға тоқталды. Қала мен аудандардан келген бірқатар медбикеге  ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен басқарманың Алғыс хаттары және Құрмет белгісін табыстады. Астана қаласының жиырма жылдығына орай үш адамға «Денсаулық сақтау саласының үздігі» төсбелгісі мен екі адамға «Денсаулық сақтау саласының ардагері» медалін тақты.

Сондай-ақ жыл сайын мереке қарсаңында  «Үздік медбике» байқауы ұйымдастырылады. Әсет Қалиев жеңімпаздарды арнайы сыйлықпен марапаттады. Биылғы сайыста Ақтөбе медициналық орталығының балалар стационарының медбикесі Юлия Ибраева «Үздік медбике — 2018»  байқауының жеңімпазы атанды. Екінші орынды Ақтөбедегі №1 қалалық емхананың медбикесі Жанар Испанова мен Қарғалы аудандық  ауруханасының мебдикесі Айымгүл Жарқымбаева алды. Ал үшінші орынды Қобда аудандық ауруханасының медбикесі Сәуле Сейілова мен теміржол ауруханасының медбикесі Данагүл Қазақбаева иеленді.

Үздік медбике атанған Юлия Ибраева балалар стационарындағы травматологиялық бөлімде жұмыс жасайды. Мектеп бітіргеннен кейін бірден Ақтөбедегі медициналық колледжге оқуға түсіпті.  Алғашқы еңбек жолын облыстық балалар ауруханасынан бастапты.

Медбике жұмысы күрделі әрі жауапты ісНауқастың сауығып кетуі үшін бар күшімізді саламыз. Оның ішінде балалар бөлімінде жұмыс істеу оңай емес. Әрбір балаға көмек көрсетіп,  оның ата-анасына да жылы сөзіңмен демеу боласың. Алғашқы кезде қиындықтар болды. Кейін үйрендім. Еңбегімнің еленгеніне ризамын, — деді Юлия.

Шарада ҚР Денсаулық сақтау қызметкерлері кәсіподағының Ақтөбе облыстық филиалының төрайымы Лаура Жазықова, Қызыл Ай қоғамы облыстық филиалының директоры Нұрлан Үдербай медбикелерді құттықтап, арнайы сыйлықтармен марапаттады. Барлығы 130 маман марапатталса, оның 32-сі аудандардан келді.

Салтанатты шараның соңы мерекелік концертпен жалғасты.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*