Басты бет » Басты жаңалықтар » Ынтымағымыздың нәтижесі

Ынтымағымыздың нәтижесі

Шерушілермен бірге бас даңғылдың бойымен жүріп өткен  облыс әкімі Бердібек Сапарбаев «Қазақ халқына мың алғыс» стелласы алаңында ұйымдастырылған «Ешкім де, ешнәрсе де ұмытылмайды» атты салтанатты шарада ақтөбеліктерді Ұлы Жеңістің 73 жылдығымен құттықтады.

«Тарихсыз болашақ болмайды» деген дана сөз бар. Әсіресе, бізге осындай тәуелсіз мемлекетті, бейбітшілікті, жақсылықты алып келген күндерді біз ешуақытта ұмытпауымыз керек. Өздеріңіз баспасөзден, өмірден, аталарыңыздың айтқанынан жақсы білесіздер, ең қайғылы, қасіретті, ұзаққа созылған соғыс осыдан 73 жыл бұрын бітті. Әрине, мұны жай айтып қоя салсаң да болады. Бірақ,  сол төрт жылда біздің тәуелсіздігіміз бен бостандығымыз, осы өміріміз үшін 27 миллион кеңес сарбазы өздерінің өмірін қиды. Сол сұрапыл соғыста 2 миллионға жуық қазақстандық шайқасты, ерлік көрсетті. Соның 500-ден астамы Кеңес Одағының Батыры атанды. Біздің жерлесіміз Әлия 19 жасында Кеңес Одағының Батыры атанып, өзінің жастық шағын, өмірін біз үшін қиды. Осындай аумалы-төкпелі заманда сол жауынгерлерді біз ұмытпай, еске алуымыз керек. Қазір батыста, басқа да мемлекеттер сол тарихты жоққа шығарғысы келеді. Міне, бүгін өздеріңіз куә болдыңыздар, сол тарихты әрі қарай жалғастыру үшін аталарымыз бен апаларымыздың ерлігін еске алу мақсатында мыңдаған ақтөбелік үлкен шеруге қатысты. Бұл шеру біздің бірлігіміздің, ынтымағымыздың нәтижесі деп білуіміз керек, — деп облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өз сөзінде жауынгерлердің ерлігін насихаттау арқылы жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік қасиетті дарыту керектігін баса айтты.

Салтанатты шарада Бердібек Машбекұлы Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың ел ішіндегі бірлікті, достықты, бейбітшілікті, адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігін әрдайым сақтау керек деген сөзін тағы бір мәрте жеткізді. «Біз ардагерлерімізге денсаулық, ұзақ өмір тілейміз. Көптеген ардагеріміз жастарының ұлғайғанына қарамастан, ел ішінде бірлік пен ынтымақ болуы үшін қоғамдық жұмыстар атқарып келеді. Сол үшін де сіздерге мың да бір рақмет», — деді облыс әкімі.

Жеңіс күніне арналған мерекелік шара ақтөбелік өнерпаздардың театрландырылған көріністерімен жалғасты. Бұл күні Ақтөбенің әр түкпіріндегі демалыс саябақтарында әскери әуендер шырқалып, жұртшылық назарына соғыс жылдарынан сыр шертетін көріністер қойылды.

Тұңғыш Президент Н.Назарбаев атындағы орталық саябақта ардагерлермен бірге тұрғындар да дала асханасының шатырында жауынгер ботқасынан дәм татты. Облыс әкімі бастаған топ бұл жерде әскери көріністерді тамашалады.

Облыстық ардагерлер ұйымының төрағасы Кеңес Бірманов:

Осы мерекеге облыс бойынша 200-ге тарта ардагер қатысып отыр. Бұл шақырылғаны ғана. Бүгінгі таңда облыста 61 соғыс ардагері бар. Өкінішке қарай, олардың қатары жыл сайын азайып бара жатыр. Көбісі жүре алмайды.  Қазір соғыс ардагерлерінің ең жасы 1926 жылы туған. Бұрын «Мәңгілік полк» шеруі өтпейтін. Қазір осы шеруді жер-жерде қолдап жатыр. 2012 жылы шеруді Ресей елі бастады. Көп елдер соның ішінде Қазақстан да қоштады.  Жеңіс күніне арналған салтанат Ақтөбеде өте жоғары деңгейде ұйымдастырылды.

Бақторы аламанда топ жарды

Жеңіс мерекесіне орай Ақтөбе қаласының орталық бәйге алаңында ат жарысы ұйымдастырылды. Ат спорты ойындары ҚР Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы бекіткен ережелерге сәйкес жүргізілді. Бәйге алаңына жиналған жұртшылықты Жеңіс күнімен құттықтаған облыс әкімі Бердібек Сапарбаев:

Бүгін үлкен мереке — Жеңіс күні. Осыдан тура 73 жыл бұрын төрт жылға созылған соғыс аяқталып, біздің аталарымыз, апаларымыз жеңіске жетті. Еліміздің тәуелсіз мемлекет атануы сол кісілердің төккен қаны мен терінің арқасы деп білуіміз керек. Мерекенің құрметіне арнайы жарыс ұйымдастырылды. Осы жарысқа қатысқандарыңыз үшін, әсіресе басқа өңірден келген қонақтарымызға үлкен алғыс білдіреміз. Бұған дейін де айтқан болатынбыз, қазір ипподром жөндеуден өтіп жатыр. Бұл жерде әрдайым қазақтың ұлттық ойындарынан жарыстар өткізілетін болады. Сонымен қатар, осы жерде әр сенбі, жексенбі күндері жәрмеңке өткізіледі. Бұл жер ақтөбеліктердің және қонақтардың жиналып, көңіл көтеретін орны болуы керек, — деді.

Облыс әкімінің жүлдесіне арналған бәйге жарысына Ақтөбеден бөлек, еліміздің Батыс Қазақстан, Қызылорда, Маңғыстау, Атырау облыстары және Астана қаласынан баптап-күтілген сәйгүліктер қатыстырылды. Атап айтқанда, 20 шақырымдық аламан бәйгеге 3 жастан жоғары бәйге аттары қатыстырылды. Тоқ бәйгенің қашықтығы — 12 шақырым. Жеті шақырымдық құнан жарысқа 2 жасар бәйге аттары қосылды. Бұл күні ақтөбеліктер ұшқыр, тай жарыстарын да тамашалады.

Облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасы мамандарының айтуынша, жарыстың мақсаты — салауатты өмір салтын қалыптастыру, ұлттық спорт түрлерін насихаттау, облыста ат спорты түрлерін дамытып, ұлттық ойындар мәртебесін арттыру.

Аламан бәйгеге тігілген автокөлік Бақторы атты сәйгүліктің иесі — астаналық Нұрдәулет Әкімжановқа бұйырды. Мұғалжар ауданы атынан қатыстырылған бес жасар сәйгүлік бұған дейін  үш рет иесіне  бас жүлдені алып берген.  Шабандозы 11 жастағы Арнұр Құрманжан сонау Алматы қаласынан келіпті.

Жарыс соңында жеңімпаздар мен жүлдегерлер мадақтама қағазы мен арнайы  сыйлықтармен марапатталды. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аламан бәйгенің сыйлығы «Лада Гранта» автокөлігінің кілтін иесіне салтанатты түрде табыстады.

Арайлым НҰРБАЕВА.  

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*