Басты бет » Жеңіс » Құрмет көрсетілді

Құрмет көрсетілді

1945 жылдың 9 мамырында бұған дейін Ленинград, Двинск, Псков, Новгород, Рига қалаларын жаудан азат етуге қатысқан 13-әскери-жол отряды Литваның солтүстігіндегі Шяуляй қаласында еді. Ақтөбелік Сағидолла Разбаевосы отряд құрамында бөлімше командирі болатын. Жеңіс хабарын олар ертеңгілік естіді. Майдандастардың қуанышында шек болмады: бірін-бірі құшақтап, айғайлаған дауыстар, күлкі, би, көз жасы…

Дегенмен оларды үйлеріне бірден қайтарған жоқ. Литва жерінде тағы да жарты жылдай аялдауларына тура келді. Сағидолла Разбаев туған жерге 1945 жылдың қарашасында ғана оралды. Халық ағарту саласындағы қызметін жалғастырып, 1979 жылы зейнеттік демалысқа шыққанға дейін бір кездегі Жұрын, Темір, т.б. аудандарда мектеп директоры, мұғалім болып еңбек етті. Жары Сәулемен бірге 5 бала тәрбиелеп өсіріп, 8 немере, 10 шөбере сүйді.

Әр Жеңіс күнін Разбаевтар әулеті Сағидолла ақсақалды ортаға ала отырып, үлкен мереке ретінде атап өтіп келеді. Ардагердің жасы бүгінде 100-ге қарады. Кенже ұлы Мараттың айтуынша, ол 93 жастан асқанша саяжайдағы жұмыстармен айналысыпты. Қазір де үй ішінде өзі жүріп-тұрады.

Биылғы мереке қарсаңында қарт жауынгерді Ақтөбе қалалық әкімдігінің өкілдері де құттықтап барды. Қала әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов ардагерге облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың құттықтау хаты мен мерекелік сыйлық табыс етті.

Ардагер де өзіне көрсетілген құрметке алғысын білдіріп, ақ батасын берді, кейінгі ұрпаққа бейбіт өмір тіледі.

Қала әкімінің орынбасары Қуандық Қасымов, аппарат жетекшісі Нұрлан Күнтуов пен еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйла Бөртебаева, бұл күні сондай-ақ, Ұлы Отан соғысының ардагерлері — 95 жастағы Асхат Файзуллин мен 93 жастағы Шайдолла Қажығалиевтің шаңырақтарында болды. Асхат Файзуллин алдымен 4-Украина майданында, кейіннен 1,3-Беларусь майдандарында Отан қорғау жолындағы ұрыстарға қатысса, Шайдолла Қажығалиев 1-Украинажәне 3-Беларусь майдандарындағы өмір мен өлім белдескен шайқастарды бастан өткеріпті.

— Қазіргі күні қалада 53 соғыс ардагері тұрады. Олардың ерліктеріне бас иіп, құрмет көрсету — бүгінгі ұрпақтың қасиетті парызы. Қалалық мәслихат шешімімен, коммунальдық төлемдерге көмек ретінде ай сайын ардагерлерге 10 мың теңгеден бөлініп отыр. Ал Жеңіс мерекесі қарсаңында олардың әрқайсысына300 мың теңге аударылды, — дейді еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Нәйла Бөртебаева.

Индира ӨТЕМІС.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*