Басты бет » Мереке » Облыста жыл сайын екі мың сарбаз әскерге аттанады

Облыста жыл сайын екі мың сарбаз әскерге аттанады

Бүгінде елімізде, оның ішінде облыста әскерге шақырылушылардың саны жыл санап артып келеді. Олардың денсаулықтары мен білім деңгейлеріне қойылатын талап та күшейді. Сондай-ақ қазір әскерге алынатын азаматтардың моральдық-психологиялық ахуалына да барынша мән беріледі.

Мереке қарсаңында біз облыстық қорғаныс істері жөніндегі департамент бастығы, полковник Сейіткерім Арапбаевпен тілдесіп, әскерге алынатын сарбаздарға қойылатын талаптар, олардың әскери жоғары білім алуына жасалып жатқан мүмкіндіктер, сондай-ақ Отан алдындағы борыштарын өтеп жүрген жауынгерлердің жетістіктері жайында сұхбаттасқан едік.

— Биылғы жылы Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің құрылғанына  26 жыл толады. Осы жыл­дар ішінде Қарулы Күштеріміз қай бағыт­та болсын жан-жақты дамып, барлық қырынан сақадай-сай әзірлікке қол жеткізілді. Бүгінде әскеріміз айбынды,  мамандар дайындауда ешқандай мәселе жоқ. Әскери қызметкерлердің тұрмысы жақсы, мемлекет оларды баспанамен қамтуды өз міндетіне алып отыр.

Қазіргі таңда елімізде әскери қызметкерлерді дайындайтын үш  жоғары оқу орны бар. Олар: Алматы қаласындағы құрлық әскерлерінің әскери институты, Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты және Ақтөбе қаласындағы Кеңес Одағының екі мәрте Батыры Талғат Бигелдинов атындағы әуе қорғаныс күштері әскери институты.

Сондай-ақ елімізде болашақ сарбаздарды тәрбиелейтін, балаларды 9-сыныптан кейін қабылдайтын Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің Кадет корпусы, «Жас ұлан» мектебі, Қарағанды, Алматы, Шымкент қалаларында республикалық  әскери мектеп-интернаттары жұмыс жасайды. Қазіргі таңда біздің облыстан осы оқу орындарына барып, білім алып жатқан жастар көп. Мәселен, биыл Алматы қаласындағы мамандандырылған «Арыстан» лицейіне оқуға түсетін жастар біздің департаменттен физика-математика бағыты бойынша іріктеуден өтті. Олар алдағы уақытта әскери тәртіпке құрылған, физика, математика, информатика, ағылшын және қазақ тілдерін тереңдетіп оқытатын осы лицейде білім алады. Осы тұста айта кету керек, біздің облыста болашақта осындай оқу орнын ашу туралы Қорғаныс министрлігіне өз ұсынысымызды білдірдік. Себебі мұндай әскери оқу орны біздің облысқа да қажет.

— Облыста әскер қатарына шақырылған қанша адам бар? Жалпы ақтөбелік сарбаздардың Отан алдындағы борышын өтеуде белсенділігі қандай?

— Жыл сайын біздің облыстан екі мың сарбаз іріктеуден өтіп, көктем және күз айларында әскер қатарына алынады.

Қазіргі таңда облыста  10 мыңнан астам адам тіркеуде тұр. Біз әскерге алдымен денсаулығы мықты, жоғары білімі бар, өздері ниет білдірген 18-27 жас аралығындағы  жастарды жібереміз. Олардың барлығы  психологиялық тесттен, арнайы тексерістен өтеді. Заңға сәйкес бүгінгі таңда соттылығы бар, денсаулығында ақауы бар азаматтар әскер қатарына алынбайды.

Жалпы басқа облыстарға қарағанда Ақтөбе облысында әскери-патриоттық бағыттағы жұмыстар жақсы жолға қойылған. Сондықтан әскерге баратындардың саны жеткілікті.

Қазіргі таңда әскер қатарына алынған азаматтар Ұлттық  ұланның, Ішкі істер министрлігі ішкі әскерлерінің, Ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметінің бөлімдеріне жіберіледі. Осылардың ішінде шекара қызметіне жіберілетін сарбаздар ерекше іріктеуден өтеді. Олардың арасында ең мықты, нағыз патриоттар ғана әскерге алынады. Биыл шекара қызметіне біздің облыстан 200 азамат жіберілді. Сондай-ақ Ақтаудағы теңіз жаяу әскеріне 52 жас өздері сұранып аттанды. Ал біздің облыста бүгінгі күні оннан астам әскери бөлім мен мекемелер бар. Оларда өзге облыстардан келген жауынгерлер Отан алдындағы борыштарын өтеп жатыр.

— Соңғы жылдары біздің облыстан әскер қатарына алынып, қызметте, Отан қорғауда ерлік, батырлық көрсеткен сарбаздар бар ма?

Жалпы ақтөбелік сарбаздардың арасында  жоғары жауынгерлік дайындық деңгейін ұстауда, заңдылық пен қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етуде табысқа қол жеткізген, сондай-ақ әскери қызмет бабындағы парызын өтеуде батылдық көрсеткен азаматтар жетерлік. Жыл сайын әскери бөлімдер мен мекемелерден облыс әкімшілігіне, сондай-ақ департаментке Алғыс хаттар, құттықтау хаттары келіп жатады. Әрине, біз бұған қуанамыз. Осы тұста бір мысал келтірейін.

Биылғы жылы еліміздің оңтүстігінде әскери міндетін өтеп жатқан ақтөбелік  Руслан Қияқбаев 8 наурыз мерекесі қарсаңында ұйымдастырылған «Анаға хат» акциясы аясында анасына хат жазып, облыс әкімінің өтінішімен Алматыдан бірнеше күнге іссапарға келген болатын. Сахнадан түскен жас жігіт анасын құшақтап, гүл шоғын тарту етіп, халыққа жағымды әрі естен кетпес тосын сый дайындады. Сарбаздың анасы Раушан Ахметованың сол іс-шарада қуанышында шек болмады. Ал 22 жастағы қатардағы жауынгер Руслан Қияқбаев Ақтөбе мұнай және газ колледжін бітірген. Әскерге шақырту келген кезде-ақ ол Отан алдындағы борышын өтеуге сұранған болатын. Әскерге алынған кезден бастап өзін жан-жақты көрсете білген ол осылайша көптің назарын аударып үлгерді. Болашақта Руслан әскери қызметте қалғысы келеді. Міне, біздің ақтөбелік сарбаздардың батылдығын, елін, жерін қорғауда ержүректілігін осыдан көруге болады.

— Бүгінгі күні әскерге баруға немесе әскери қызметке орналасуға өтініш білдіретін қыз-келіншектердің үлесі қандай?

— Қазіргі таңда біздің департаментте облыс бойынша запастағы офицерлер, сарбаздар, әскерге шақырылушылардың барлығы есепке алынған. Негізінен, әскер қатарына бірінші кезекте өз еркімен баратындар алынады. Сондай-ақ Қорғаныс министрлігінің қаулысына сәйкес міндетті түрде 29 жасқа дейінгі офицерлер екі жылға қызметке шақырылады. Жуырда біздің облыстан 8 медициналық білімі бар офицер әскери қызметке жіберілді.

Ал әскерге барғысы келетін қыз-келіншектерге келсек, қазір олардың саны жыл санап артып келеді. Бүгінгі таңда департаментте оннан астам қыз-келіншек бізбен бірге сапта тұрып, әскери қызметте өз жұмыстарын жауапкершілікпен орындауда. Сондай-ақ қазір әсіресе қыздардың арасында әскери бөлімдер мен әскери оқу орындарына жұмысқа қабылданатындардың саны артып келеді. Бұдан біз нәзік  жандылардың Отанға деген сүйіспеншілігін, олардың патриоттық рухы жоғары екенін көреміз.

Ал негізінен патриоттық тәрбие отбасынан басталу керек. Егер әр бала өз отбасында батыл, өжет, патриот болып өссе, онда болашақ сарбаздардың саны көбейіп, олардың әскерге баруға деген қызығушылығы артады, еліміздің қорғаныс саласы күшейеді. Сондықтан болашақ ұрпақты патриотизмге тәрбиелеуде бұл бағыттағы жұмыстарды бүгіннен бастауымыз керек.

Сұхбаттасқан Данагүл ҚАЗИХАН.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*