Басты бет » Жеңіс » Ел қорғаған жеті жыл

Ел қорғаған жеті жыл

Қан майданның ортасында жүріп  ерлік көрсеткен, кейінгі бейбіт кезеңде адал еңбек еткен майдангердің бірі — Опа Жанбауов. Темір ауданында туып өскен ол 1937  жылы әскерге алынады.

Жыл сайын Жеңіс күні жақындағанда әкемді еске аламын. Жалындап тұрған шағында қолына қару ұстап, ел қорғағаны, өлім мен өмір арпалысында сан мәрте арпалысқаны көз алдыма келеді.

Әкем әскерге дейін Ембі мұнайын Орск мұнай өндіру зауытына жеткізу мақсатында салынған Гурьев-Орск Бүкілодақтық екпінді мұнай құбыры құрылысында жұмыс жасаған. Әкемнің әкесі Әли атамыз 1935-1936 жылдары ұлын әскерден сұрап алып қалады. 1937 жылы әкем анамыз Сәду Данияроваға үйленеді. Сол жылы әкемді әскерге шақыртады. Әкем қазақша да, орысша да оқып, жаза алатын сауатты кісі болатын. Майданға барғанда оқығандығы көп септігін тигізіпті, — дейді майдангердің ұлы Қазмұхан Жанбауов.

Әскерге кеткен жігіт соғыс басталғанда ұрыс даласына аттанады. Ленинград, Минск майдандарында жауға қарсы соғысады. Майданда артиллерия бөлімінде қызмет еткен. Елге жиі-жиі хат жазып тұрады.

Әкемнен келген хатты анам мен туысқандарыма  он жасар балдызы оқып береді екен. Майданда ауылдасы Кәрімбай Қитаров екеуі бірге болады. Әкем төрт рет жарақат алыпты. Ал  Кәрімбай ақсақалдың ұрпақтары қазір Шұбарқұдықта тұрады, — дейді Қазмұхан ақсақал.

Опа Жанбауов майдандағы ерлігі үшін екінші дәрежелі «Даңқ», «Отан соғысы» ордендерімен және «Германияны жеңгені үшін» медалімен марапатталған.

— Әскерге кеткен әкем елге жеті жылдан кейін оралады. Елге келген соң бірден еңбекке араласады. Жақсымай құм карьерінде шебер болып жұмыс істеді. Зейнет жасына дейін осы салада еңбек етті. Ал анам Қандыағаш-Гурьев теміржолында жол қараушы болып жұмыс істеді. Екеуі үш ұл, бір қызды тәрбиелеп өсірді, — дейді  Қазмұхан Жанбауов.

Майдангер  Опа Жанбауов сексеннен асқан шағында көз жұмды. Қазір ардагердің ұрпақтары өсіп, өніп әр салада еңбек етіп жүр. Қазмұхан ақсақал әкесі туралы естеліктерді немерелеріне жиі айтып отырады екен.

Кәмшат ҚОПАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*