Басты бет » Жеңіс » Мәңгілік сағыныш

Мәңгілік сағыныш

«Ойыл — соғыс жылдарында» деп аталатын кітап біздің отбасымыз, әулетіміз үшін құнды дүние болып саналады. Бұл жинақта менің нағашы атам Құбаш Жұмалиев туралы деректер бар.

Құбаш атамыз Ойыл ауданында дүниеге келген. Ол өзі әскери борышын өтеген 283-Гомель атқыштар дивизиясының құрамында болып, Курск облысының бірнеше қалаларын, Орел және Гомель шаһарларын жаудан азат еткен. Осы кездегі операцияларға белсене қатысып, ерлік көрсеткен оның жауынгерлік еңбегі Қызыл Ту орденімен бағаланады. Ал Польша жеріндегі Ломжа қаласын азат етуге қатысқаны үшін ІІ дәрежелі Суворов орденімен марапатталған.

Атамызды марапаттау туралы мінездемеде мынадай жолдар бар: «Құбаш Жұмалиев ақтық демі біткенше неміс-фашист басқыншыларын талқандау ісінде өзінің батылдығын көрсетті.

1945 жылдың 16 қаңтарында ол жаудың қарсы шабуылына тойтарыс беру мақсатында қарсыластардың қарша бораған оғына қарамастан, толассыз ұрыс құрып, қол оқшашарымен он немістің көзін жойды. 1945 жылдың 17 қаңтарында Жұмалиев жолдас Красносельс-Лесны деревнясында барлаушылар тобымен қарсыластың негізгі күштерінің шоғырлануы мен оқ ату құралдарына барлау жүргізді. Ол тапсырманы ойдағыдай орындап, жауап алу кезінде бағалы мәлімет берген екі неміс жауынгерін қолға түсірді.

1945 жылдың 18 қаңтарында Ожиш өзенінен өту кезінде жаудың екі зенит нүктесін жойды. Ал арада үш күн өткенде ол ерлікпен қаза тапты.

Үкімет марапатына — ІІ дәрежелі «Отан соғысы» орденіне лайық (қаза тапқаннан кейін).

Полк командирі, полковник Руденко».

Осы құжатта атамның 1942 жылдың 23 маусымынан қызыл армия қатарында қызмет еткені, ал екінші Беларусь майданында 1944 жылдың шілдесінен сапта болғаны айтылыпты.

Атамыздың мәңгілік мекені — Польша жеріндегі Вашава воеводствосы, Хожеле деген мекен.

…Кім-кім үшін де әкенің орны бөлек қой. Анам Ұлболсын Құбашқызы нағашы атамызға қатысты қандай да деректерге жүрегі езіліп отырып үңіледі. Оның өмір бойғы бір арманы — атамыздың жерленген жеріне тәу ету болатын. Ол арманы да орындалды. Біз үшін киелі топыраққа қолы тиіп, оны жүрегіне басты.

Анамның мәңгілік сағынышы — біздің нағашы атамыздың рухы бізбен бірге.

 

Қаламқас БЕРДІБАЕВА.

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*