Басты бет » Жеңіс » Ржев шайқасынан қалған жалғыз

Ржев шайқасынан қалған жалғыз

Екінші дүниежүзілік соғыс тарихында Ржев шайқасының орны бөлек. Оған қатысқан әскер саны екі тараптан 10 миллионға жуықтаған. Соғыс операциясы кезінде екі жақтан екі жарым миллионнан астам адам оққа ұшқан. Алматы мен Ақтөбеде жасақталған 100-ші және 101-ші қазақстандық дербес атқыштар бригадасы осы он жеті айға созылған қан қасаптың белортасында болғаны, талай боздақтың майдан даласынан қайтпай қалғаны белгілі. Солардың ішінен «Қырық жыл қырғында да ажалды өледі» дегендей, туған жердің топырағын аман-сау басқандары да бар. Алайда бүгінде ол майдангерлерден де қалып жарығаны жоқ.  Қазір Ақтөбе қаласында Ржев шайқасына қатысқан көзі тірі ардагерлерден жасы тоқсанның жетеуіне қараған Сатылған Бекмағанбетов қана бар.

Біраз жылдардан бері Ржев қаласына барып ақтөбеліктердің майдан даласында қаза болған жерлестеріміздің рухына тағзым етіп қайтуы дәстүрге айналған. Биыл да 7 мамыр күні арнайы делегация жол жүргелі отыр. Бірақ оның ішінде  Сатылған аға жоқ, Алыс жолдың қиыншылығы ескеріліп, денсаулығына байланысты қалдырылған.

Әйтпесе майдангер бірге соғысып, қайтпай қалған қаруластарын тағы бір еске алып келуге құлшынысты еді. Соғыс жүрген бұл аумақты да жақсы біледі. Ржев шайқасына бастан-аяқ қатысты. Смоленск қаласын жаудан тазартуға атсалысты. Соғыс біткеннен кейін де әскер қатарынан босатпай, халық шаруашылығын қалпына келтіруге араласып, елге 1947 жылы оралды.

Ржев шайқасындағы жеңіс арқылы Мәскеу мен Сталинградтағы, Курск доғасындағы жеңістерге қол жеткізуге мүмкіндік туды. Жеңістің 70 жылдығында Ресей Федерациясы өкілінің арнайы келіп, Сатылған Бекмағанбетовке «Мәскеуді қорғағаны үшін» жауынгерлік медалін тапсыруы тегін емес еді.

Амандық болса, жүзге аяқ салғалы тұрған жаста да Сатылған майдан жолдарын жадынан шығарған емес. Әсіресе Ржевтің Оленин ауданында болған қанқұйлы шайқастар әлі күнге көз алдында тұр.

— Орманды жер, борап тұрған оқтан қалай аман қалғанымды да білмеймін. Осы жердегі ұрыстарда көп қазақ қырылды. Биіктікті аламыз деп, жан беріп, жан алдық. Мұз құрсап, қар жамылған тауды ала алмай, талай боздақ шейіт болды, — дейді майдангер сол күндерге барып қайтып.

Ол соғыс басталғанда бозбала жігіт болатын. Әскер қатарына 1941 жылдың желтоқсанында шақырылып, 1942 жылдың күзінде 101-қазақстандық дербес атқыштар бригадасы құрамында дайындықтан өтіп, майданға кіреді.

Тура ажалдың аузынан елге оралған азамат бейбіт еңбекке құлшына кіріседі. Білек күшін, бел қайратын аямай жұмсап, елімізді өркендетуге бір кісідей-ақ үлес қосады. Еңбек ете жүріп, білімін көтеруді де ұмытпайды. Соның нәтижесі — 1964 жылдан зейнеткерлікке шыққанға дейін Қобда ауданының «Жиренқопа» кеңшарында зоотехник болып жұмыс атқарады.

— Есімімнің Сатылған аталуының да өз тарихы бар. Бұл қазақтың ырымымен байланысты. Ата-анам алғашқы сәбилері шетінеп тұрмай, мен дүниеге келгенде нағашыларыма беріп, сатып алған, — дейді ардагер.

Сатылған бұл оқиғаны кезінде естіп, есінде сақтап қана қоймай, ұрпақ көбейтуді мақсат тұтқан сияқты. Ол сегіз баланың әкесі, 6 ер бала, 2 қыз тәрбиелеп өсірді. Балаларының өзі үлкен отбасыларына айналып, немере сүйіп, Сақтаған әулетін молайтуда.

Ржев майдангерінің қарттық өмірі немере-шөберелерінің ортасында қызықты өтіп жатыр деуге болады. Ұзақ жас жасауына да сол балаларының жақсы, үлгілі болуының септігі тиген болар. Соғыс ардагері ретінде мемлекет тарапынан жасалған қамқорлықтарға да дән риза.

— Соғыс ардагері деп ескеріп, маған қаланың 11-шағын ауданынан бір бөлмелі пәтер берді, өзіме жарайды. Қазір сол жайлы пәтерде тұрып жатырмын. Құлақтан қалғаным болмаса, кешеге дейін денсаулығым жаман болған жоқ. Шүкір, қас пен қабағыма қарап, балаларым көмектесіп тұрады, — дейді ардагер аға.

Әр адамның өзіне тән мінезі болады. Сатылған Бекмағанбетов ақсақалдың бір қасиеті, өзін көрсетуге жоқ. Осы жасқа дейін  соғысқа қатысқанын әңгімелеп, баспасөз бетіне, не теледидар жүзіне шығып көрмеген екен. Бұл майдангерді Ржев соғысына қатысқан майдангерлерді зерттеп, кітап жазып жүрген, Әлия, Мәншүк атындағы «Қос Шынар» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ғалымжан Байдербес осы бергіректе анықтаған.

 Аманқос ОРЫНҒАЛИҰЛЫ. 

Пікір жазу

Your email address will not be published. Толтырылуы міндетті жерлер белгіленген *

*